Теннис

Астанадағы теннис орталығын Елена Рыбакина арена атау керек

Қаңтардың аяғында теннистен жылдың алғашқы «Үлкен дулығасы» – Australian Open(Австралияның ашық чемпионаты) дүбірлеп өткені белгілі.

Әйелдер арасындағы финалда елік қызымыз Елена Рыбакина өнер көрсетті. Қазақстандық теннисші аса тартысты өткен ойында Беларусь әріптесі Арина Соболенкоға есе жіберді – 6:4, 3:6, 4:6.

Айта кеткен жөн, Елена Рыбакина – Australian Open турнирінің финалында ойнаған алғашқы қазақстандық теннисші. Былтыр ол тағы бір мэйджор Уимблдон турнирінде жеңіске жетіп, айды аспаннан бір-ақ шығарған еді.

Сондай-ақ қазақстандық теннисші алғаш рет WTA әлемдік рейтингінде топ-10 теннисшінің қатарына көтерілді. Елена 1 300 ұпай жинап, 2 815 ұпаймен Live рейтингінің алғашқы ондығына енді.

Финалдағы жеңілісіне қарамастан, бұдан басқа да бірқатар жетістікке қол жеткізді. 22 жылдан кейін мэйджорларда қатарынан үш бірдей «Үлкен дулыға» жеңімпазын ұтқан теннисші (Ига Швентек, Елене Остапенко, Виктория Азаренко). Ига Швентек – әлі де әлемнің бірінші ракеткасы! Сонымен қатар әйелдер арасында эйс (қайтарымсыз соққы) соғудан бірінші болды – турнир барысында 54 эйс жасады.

Екі апта бойы назарымызды Австралия құрылығына аударған аса дарынды спортшы қандай құрметке болсын лайық. Өткен жылы, Уимблдоннан соң ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Қазақстан теннис федерациясы ұсынған қомақты сыйақыдан бас тартты. Осының өзі-ақ супер дарынына сай, мінезге де бай қызымызды барша халыққа сүйкімді ете түседі. Бір ғана мысал, Елена өткен жылы Уимблдоннан соң бірден Қазақстанға келді. Ал жаңа жеңімпаз А.Соболенко болса осындай сұраққа: «Жоқ,Беларуське бармаймын. Мен қазір Майамиде тұрамын, сонда ұшамын» деп жауап берді. Е.Рыбакина Қазақстанның өзіне жасаған қамқорлығы, көрсеткен қолдауы жөнінде әркез ілтипатпен айтып жүреді.

Ұзын сөздің қысқасы, Астанадағы ұлттық теннис орталығын (ол қазір Beeline Arena аталады)Елена Рыбакина арена атау керек! Еліміздіңтарихында мұндай мысалдар көп. Олимпиадаойындарының бірнеше чемпионы осындай құрметке ие болған. Мәселен, Өскеменде Ольга Рыпакова атында арена бар, Қарағандыда Серік Сәпиев атындағы бокс орталығы бар, т.с.с. Ал теннистен «Үлкен дулыға» турнирін жеңіп алу Олимпиада ойындарында жеңімпаз болудан бір де кем емес, меніңше. Сонан соң, тіл-аузымыз тасқа, Құдай қол-аяғына дерт бермесін, жасындай жарқылдаған бұл қызымыз әлі талай турнирде топ жарады. Оған сеніміміз кәміл.

Теннис орталығын Е.Рыбакина атына беру керек дегенге және бір себеп – Астанаға жаңа, үлкен теннис стадионы керек. Баршаға белгілі, өткен жылы Астанада екі бірдей үлкен турнир өтті. Алдымен көгілдір көктемде Билли Джин Кинг кубогының (әйелдер арасындағы ең ірі халықаралық командалық теннис жарысының) іріктеу кезеңінің бір ойыны Қазақстан – Германия матчы болды. Қазақстандық теннисші қыздар жеңіске жетті. Оған да Е.Рыбакина зор үлес қосты.

Ал қазанның алғашқы күндері өткен Astana Open ATP 500 турнирінің бәсі тіпті жоғары болды. Оған «Үлкен дулыға» жарыстарының 22 дүркін чемпионы, серб теннисшісі Новак Джоковичтен бастап, мэйджорлардың бірнеше жеңімпазықатысты. Айталық, астаналықтар Карлос Алькарас, Даниил Медведев, сондай-ақ Стефанос Циципас, Андрей Рублев, Хольгер Руне, Янник Синнер, Хуберт Хуркач, Феликс Оже-Альяссим, отандастарымыз Александр Бублик, Михаил Кукушкин сынды аузын айға білеген теннисшілердің ойынын тамашалай алды.

Міне, осы жарыстар барысында бар-жоғы 2 700 көрермен сиятын ұлттық теннис орталығының орталық кортының миллион тұрғыны бар қала үшін тым кішкентай екені байқалды. Көпшілік көрермен орын жетпей, билет болмай, сыртта жүріп тамашалады. Сондықтан Астанада үлкен теннис стадионын салу кезек күттірмес мәселе деп білеміз.

Қазір елімізде ең бекзат, ең әсем, ең қымбат спорт түрлерінің бірі саналатын үлкен теннис ойыны қатты дамып келе жатыр. Әсіресе жас жеткіншектер, өскелең ұрпақ арасында қатты құлшыныс бар. Оған Елена Рыбакина қызымыздың соңғы табыстары елеулі әсер етіп отырғаны дау тудырмасы керек.

Осы айтылғандарды құрылғанына 30 жылдан асқан теннис федерациясының жан-жақты дамуына барынша қолдау көрсетіп, қамқорлық танытып, екпін беріп келе жатқан оның президенті, ITF Халықаралық теннис федерациясының вице-президенті және Директорлар кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері, тұғырлы тұлға Болат Жәмитұлы Өтемұратов мырзаға ерекше құлаққағыс еткіміз келеді.

P.S. Жарқ-жұрқ еткен ойынынан бөлек, мәдениеті, тәртібі де тәнті ететін, бетінен иманы тамған осы Елена қызымыздың «пропискасын» Қазақстанға мәңгі бекіту жайын да ойластырған жөн секілді. «Бұл қазақта жігіттер бас марқасқа!» Маңдайы жарқыраған бір ұланымыз батылы барып, сөз салып, қазақтың бір құтты шаңырағына келін қылып түсірсе, кәні! Оның туған Отаны тарапынан шығып жатқан, әлі күнге басылмай жүрген артық сөздерге де нүкте қойылар еді-ау!..

Жомарт ОСПАН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Астана

Басқа жаңалықтар

Back to top button