Пайдалы кеңес айдары. Сымбатты болғыңыз келсе…
Көктем жақындаған сайын денсаулық пен сымбаттылыққа ерекше көңіл бөле бастаймыз. Ал денсаулық пен сымбаттың негізі – дұрыс тамақтану.
Дұрыс тамақтанудың да өзіндік шарттары бар, деп жазады qazaqsporty.kz.
Олар:
- Тамақ құрамында ақуыз, май, көмірсу сияқты негізгі қоректік заттардың болуы;
- Тамақ рационында дәрумендер мен микроэлементтер сияқты қосымша заттардың болуы;
- Тамақ нәрлігі адам жасына, денсаулық күйіне, табиғат климатына байланысты болуы керек;
- Тәулік бойынша тамақтану тәртібінің мөлшерін сақтау;
- Тамақтанудың санитарлық-гигиеналық талаптарға сай болуы.
Әрдайым дене бітіміңізді қалпында ұстап, денсаулығым мықты болсын десеңіз, осы шарттарды орындай отырып, ас мәзіріңізге ең пайдалы тағамдарды енгізіңіз. Олардың қатарына құрамында дәрумендер, минералдар, нәрлі заттар, антиоксиданттар, фитохимиялық қосындылар мен пайдалы майлары бар тағамдар кіреді. Бастысы, өзіңізге ұнайтын тағам түрлерін таңдасаңыз болғаны.
Сүт, айран және басқа да сүт өнімдері
Сүт құрамындағы ақуыз тырнақ, шаш өсімін жақсартып, сүйектердің қатайып, мықты өсуіне әсер етеді. Айран ағзадағы зат алмасу жүйесін жылдамдатады. Артық салмақтан айырылуды көздейтін жандарға таптырмас тағам. Диетолог-мамандардың айтуынша, айранды кешкі уақытта ішкен пайдалы. Сондай-ақ күнделікті майлылығы төмен сүт өнімдерін пайдалану ас қорыту жүйесін жақсартады.
Мал және тауық еті
Мал мен тауық еті В тобындағы дәрумендерге, ақуыз бен аминқышқылдарға толы. Ағзадағы қан айналымын, ас қорыту жүйесін, жүрек пен бұлшық ет жұмысын жақсартады.
Балық
Балық құрамында ағзаға қажетті барлық элементтер бар. Ондағы антиоксиданттар қимыл-қозғалыс үйлесімділігін жақсартып, қан айналымы мен ми жұмысын реттейді.
Киви, ананас және цитрус жемістері
Бұл жемістер зат алмасуды жақсартып, стресс пен депресиядан сақтайды, иммунитетті күшейтеді. Себебі, оның құрамында С дәрумені бар.
Манго
Манго – А,В,С тобындағы дәрумендер мен аминқышқылдарға бай және ағзаға пайдалы, әрі қажетті элементтерге толы жеміс. Ол артық салмақ тастауға, стрестен арылуға жол береді. Ринит, тұмау сияқты аурулардың алдын алып, көз көруін жақсартады.
Алма және шие
Алма тіс, өкпе, қан қысымы ауруларына ем. Ал шие өкпе, бүйрек, анемия ауруларының алдын алады. Сонымен қатар, оның құрамында каротин мен С дәрумені бар. Каротин ағзадағы зиянды қалдықтардың сыртқа шығуына ықпал етеді.
Анар және қара бүлдірген
Анар линолен қышқылына бай. Сондықтан да ол обыр ауруынан сақтайды. Ал қара бүлдірген терінің таза әрі балғын болуына жол береді және көз көруді жақсартады. Қара жидектің құрамында В дәрумені, глюкоза мен аминқышқылдар бар.
Диетолог ғалымдардың айтуы бойынша, жеміс-жидек құрамында қант аз, бірақ жасуша көп болады, сол себепті, олар ең пайдалы өнім саналады.
Сарымсақ, пияз және орамжапырақ
Бұл көкөністер түрлі аурулардың алдын алады. Мәселен, сарымсақ пен пияз құрамындағы линолен қышқылы обыр ауруымен күреседі. Ал мырыш, темір, калий, мыс сияқты минералдарға толы орамжапырақ қант диабеті, йод жетіспеушілігі сияқты ауруларды жояды.
Асқабақ
Құрамындағы магний, кальций, калий, мырыш, темір, С дәрумені, ақуыз, бетакаротин сияқты элементтердің арқасында асқабақ ісік ауруларын болдырмайды. Ағзадағы зиянды қалдықтарды шығарып, артық салмақтан арылуға ықпал етеді.
Жаңғақ
Жаңғақтардың құрамында адам ағзасына пайдалы элементтер мен минералдар бар. Ол кез келген аурудың алдын алып, оған қарсы төтеп бере алады. Диетолог мамандар күнделікті бір уыс жаңғақ жеуге кеңес береді.
Сонымен қатар асбұршақ, жұмыртқа және көк шайда ағзаға қажетті дәрумендер мен микроэлементтерге бай.