Ұлттық спорт

ЖҮЙРІК  АТ, ҚЫРАН БҮРКІТ, ҰШҚЫР ТАЗЫ,  ЖІГІТТІҢ ОҒАН ҚҰМАР ӨНЕРПАЗЫ!

Қазақ халқының тұрмысында жылқы малының алар орны зор. Жылқыны халқымыз ежелден айрықша қадір тұтқан, байлығын да жылқымен есептеген. Ең алдымен ел қорғаған ердің қанаты деп дәріптеген. Елбасымыздың  «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да атқа міну мәдениеті туралы кеңінен айтылған. Көкпар, бәйге, қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ,  ат үстінде шауып келе жатып садақ тарту сынды жылқыға байланысты ойын-сауықтар біздің ұлттық құндылықтарымыздың бірі болып саналады. Жуырда ұлттық ат спортының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген  Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданындағы балалар -жасөспірімдер ұлттық ат спорты мектебінің басшысы Сержан Көкенұлымен сұхбаттасқан едік. Тәжірибелі жаттықтырушы бізге осы спорт түрі жайлы кеңінен әңгімелеп берді.

 

 

– Сержан Көкенұлы, Сіздің ұлттық спортқа, оның ішінде ат спортына сіңірген еңбегіңіз жайлы естіп жүрміз. Спорттың осы түріне қалай келдіңіз, қиындығы бастан асатын жаттықтырушылық қызметті таңдауыңызға не себеп болды?

– Ат спортына деген құмарлық бала кезімнен басталды десем болады. Ауыл баласы тайға мініп, ат үстінде өседі ғой. Есейе келе, бозбалалық шақта, той-томалақтарда көкпар тартып жүрдік. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары Ақжар ауылында «Қайрат» деп аталатын спорт қоғамы бар еді. Соған мүшелікке кіргеннен бастап өміріме спортты серік еттім. Бокстан жаттықтырушы болдым. Хоккей ойынының дамуына да атсалысып, команда дайындап, облыстық жарыстарға апарып жүрдім. Жазда оның орнын футбол мен волейбол басатын. Сол жылдары ауыл тұрғындарының да спортқа деген белсенділіктері ерекше болатын. Ауданда спорт саласы жыл өткен сайын дами түсті. Түрлі спорттық сайыстар мен жарыстардан тарбағатайлықтар құралақан қайтқан емес. Соның барлығының басы-қасында жүрдім. Дегенмен қорамда жылқы, қолыма жүген ұстай жүрдім. Ұлттық ат спортына бет бұрсам деген ой болды.

Сол арманымды еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап нақты іске асыруға кірістім. Еліміздің елдігін, көңілдің кеңдігін, адамның ептілігін танытатын ат спортын дамытуға үлесімізді қосу үшін сан алуан ұлттық ойындар дегенде делебесі қозатын өзім сияқты азаматтардан топ құрып, өз қаржымызбен ат қора салдық. 1992 жылы облыста өткен ұлттық ат спорты сайысына қатыстық. Онда көкпар тартып, бәйге шапты. Қыз қуып, теңге алысты. Біздің команда ешкімнен кем болған жоқ. III орын алып қайттық. Бұл көңілге демеу болды… Ол кезде жылқы бар болса да, басқасы қат заман еді. Ат әбзелдері, ері, ер-тұрман, ойын киімдері жетіспейтін. Тіпті жоқ болатын. Алайда атсүйер қазақ емеспіз бе, демеушілер де табылды. Кем-кетік толығып, жоқтан бар құралды. Қараса, көз тоятындай демесек те, ешкімнен ұялмайтындай жағдайға жеттік. 1995 жылы алғаш рет республика бойынша өтетін жарысқа қатыстық. Тағы да үздік үштіктен көріндік. Сол жылы, облыс әкімінің қолдауымен, ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, белгілі атбегі — Маңырақ ауылының тумасы Т.Базархановтың бастамасымен Өскеменде ат спорты мектебі ашылды. Ондағы мақсат ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, жан-жақты қолдау көрсетіп, ұлттық ат спортын дамыту, қарапайым халықтың қолы жететін ат спортына қызығушылығын арттырып, кеңінен көңіл бөлу еді. Облыстық мектептің бөлімшесі біздің ауданда да ашылды. 2007 жылы сол кезде аудан әкімі болған Айбек Кәрімовтің ықпалымен «Тұлпар» ұлттық ат спорты клубы құрылып, басшылық жасау маған жүктелді. Клубқа Т. Баймолдин, Ж. Дәкебаев, Н. Шайхин. М. Оспанов, Б. Игілік, Б. Рахимов, Б. Шамғұнов, С. Мұхамадиев, Е. Кішәнов сияқты жиын-тойлардың көрігін қыздырып, теңге іліп, көкпар тартып жүрген аттың құлағында ойнайтын азаматтарды шақырдық. Еліміздегі асыл тұқымды жылқы зауыттарынан, шет елдерден небір арғымақтар алдырдық. Сөйтіп, Ақжардағы ат қора Тарбағатайдағы ұлттық ат спортын жандандырған айтулы кешенге айналды.

– Сіздің ат спортымен айналысуыңызға Тәуелсіздігіміздің де әсері болған секілді. Орда бұзар отызға толмай, топты жарған Сержанның еңбегі өтелді ме? Алға қойған мақсаты орындалды ма?

– Иә, әрине, еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана осындай мүмкіндіктер ашылды. Бабаларымыз «Жылқы – ер қанаты» деген сөзді жайдан-жай айта салмаса керек. Оның түп төркініне үңілсек, жылқыны алғаш қолға үйретіп, жарты әлемді жаулаған көшпенділер тарихы, қазақ мемлекеттігінің тарихы жатыр. Империялық озбыр саясаттың да көздегені қазақты аттан түсіру, жылқыға жолатпау болатын. Қазақ аттан түссе, оның рухы жасиды, тіпті мүлдем жоғалатыны анық. Тәуелсіздігімізді алумен ұлттық рухымыз оянды. Менің бойымда рухымның көтерілуіне ұзақ жыл ұстаздық еткен марқұм әкем Көкен Омарбековтің де әсері болды деп ойлаймын. Әкем ұлттық құндылықтар жайлы көп әңгімелейтін, оның берген тәрбиесінің де ықпалы болды.

Командамыз көкпардан Қазақстан Республикасы біріншілігінің бірнеше дүркін жүлдегері атанды, Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін өткен I халықтық ойындарда, А. Асқаров атындағы халықаралық турнирде, республикалық «Ақбидай» спартакиадасында 3-ші орын алдық. Соңғы он шақты жыл шамасында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жүлдесі үшін өтетін спорт ойындарында жеңімпаз атанып, алдыңғы орынды ешкімге бермей келеміз. Отыз жыл бойы төккен тер, жұмсалған күш-жігер, еткен еңбек ескерусіз қалған жоқ. Аудан, облыс әкімінің, «Байжігіт баба» қоры төрағасының, Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы президентінің, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбектің, ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының алғыс хаттары мен дипломдарына ие болдым. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министірлігінің спорт комитетінің Құрмет грамотасын да алдым. Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы атақтарын иелендім. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Халық қаһарманы Қасым Қайсенов орденімен марапатталдым. Халықтың қалауымен, сенім білдіруімен бірнеше мәрте аудандық мәслихаттың депутаттығына сайландым.

– Сержан Көкенұлы, кез келген спорттың дамуы мен спортшылардың жоғары белестерді бағындыруы үшін ізбасарлар дайындау керек емес пе?

– Спорт резервін дайындау, оқу-жаттығу үрдісінде заманауи технологияны пайдалану бірінші кезектегі мәселе десек те болады. Өздеріңізге белгілі, Тарбағатай ауданында 3 спорт мектебі спорт резервін даярлау мақсатында жұмыс істейді. Соның бірі – Тарбағатай ауданының балалар –жасөспірімдер ұлттық ат спорт мектебі. Мектепте ұлттық ат спортының «бәйге» және «жамбы ату» түрі бойынша 2 жаттықтырушы-оқытушы 25 бала мен жасөспірімді тәрбиелеп жатыр. Осы бапкерлер мен тәрбиеленушілерімізді ізбасарларымыз деп білемін. Спортшылардың жас шамасы өз тобына сәйкес 10- 16 жас аралығында. Бәйге мен жамбы ату сияқты ұлтттық ат спорты түрлерінен аталған жас бойынша ресми жарыстар өткізілмейтіндіктен, нәтижелер жайлы айта алмаймыз. Дегенмен шәкірттеріміз ата-анасының рұқсатымен және қадағалауымен, ресми емес сайыстарға қатысып, үнемі жүлделі орындарды еншілеп жүр. Жас спортшыларды жаттықтыру үшін спорттық инфрақұрылымның, спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасының болуы маңызды рөл атқаратындығы белгілі. Мектеп теңгерімінде екі ат қора, жаздық жаттығу алаңы, атшабар бар. Жылдың суық мезгілдерінде жаттығатын жаттығу – оқу залы болса тіптен жақсы болар еді.

Оқу-жаттығу үрдісіне жаңа технологияны да біртіндеп енгізе бастадық. Мектеп талапқа сай компьютерлендірілген және кеңсе жабдықтарымен жарақтандырылған, бейнебақылау орнатылған. Соның нәтижесінде аулада жаттығып жүрген жас спортшылар мен ат қорадағы жаттығу аттары үнемі бақылауда болады. Ұлттық ат спорты түрлерінен елімізде өтетін жарыстарды мектеп оқушылары бос уақытында мектептің демалыс бөлмесінде көре алады. Ол үшін «Смарт ТВ» қойылған. Демалыс бөлмесіндегі жуынатын орын да оқушылардың игілігіне берілген.

Жалпы, қазақтың ұлттық ойындарының, соның ішінде ат спортының тәрбиелік мәні зор. Атқа мінудің денсаулыққа да пайдасы өте зор. Мұны біздің халқымыз жақсы біледі. Сондықтан да ұрпағының болашағын ойлаған, денсаулығы жақсы, ерік-жігері мықты азамат болып өссін деген әрбір ата-ана баласына атқа мінуді міндетті түрде үйретуі тиіс, ат спорты мектебіне берсе, нұр үстіне нұр болмақ.

– Сіз аудандық мәслихаттың депутатысыз. Депутат латын тілінен аударғанда «азаматтардың таңдауы бойынша билікке жіберілген адам» дегенді білдіреді екен. Яғни, ол — халықтың үнін билікке жеткізуші. Жергілікті халықты және депутат Сержан Көкенұлын бүгін не алаңдатады?

– Қазір жұрттың санасы жоғары, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың принциптерін түсінеді десем, асыра айтқаным емес. Қайсымызға болсын нарықтық жүйе қолы қимылдағанның аузы қимылдайтынын ұқтырды деп ойлаймын. Шалқасынан жатып алып, маған анау керек немесе мынаны әкеп бер деп өмір сүруге болмайтынын біледі. Халық биліктен сұрайды, талап қояды, мемлекеттік бағдарламалардың қалай орындалып жатқанын білгісі келеді, атқарылып жатқан істердің сапасын да қадағалайды.

Халық сенім білдіргендіктен, уәкілетті органдарға депутаттық сауалдар жолдап, ауыз су, жол жағдайы, мектеп – ауруханалардың салынуы, олардың жабдықталуы сияқты шаруалардың бел ортасында, басы-қасында жүруге тырысамын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сержан Көкенұлы 1963 жылы 5 желтоқсанда  Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылында дүниеге келген. 1981 жылы  Абай орта мектебін бітірген. 1982-1984 жылдары Кеңес Армиясы қатарында  әскери борышын өтеді.  2000 жылы Қазақтың мемлекеттік спорт және туризм академиясын «Дене тәрбиесі мәдениеті және спорт» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1984 жылы Тарбағатай ауданының Ақжар совхозында жүргізуші болып бастаған. 1991 жылдан Өскемен қаласындағы ат спорты мектебінде жаттықтырушы болды, 2007 жылдан Тарбағатай аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тұлпар» ұлттық спорт түрлері клубы» мемлекеттік қазыналық коммуналдық кәсіпорны басшысы, 2016 жылдан Тарбағатай ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімі «Балалар – жасөспірімдер  ұлттық ат спорты мектебі» мекемесі басшысы болды. Үстіміздегі жылдан бастап Шығыс Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы «Тарбағатай ауданының балалар-жасөспірімдер ұлттық ат спорты мектебі» мекемесіне басшылық жасап отыр.

Ұзақбек Атанбаев,

журналист

Басқа жаңалықтар

Back to top button