Дүниежүзілік көшпенділер ойынын қолдау аясында 135 шақырымдық аламан бәйге ұйымдастырылды
Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынын қолдау мақсатында Абай облысы, Ақсуат ауданында 135 шақырымдық аламан бәйге ұйымдастырылды, деп хабарлайды qazaqsporty.kz.
Қазақтың ұзақ жүріске шыдамды қазанаттарын һәм Алаштың атқа мығым отыратын, шымыр шабандоздарын анықтау мақсатында ұйымдастырылған бәйгеге еліміздің барлық облыстары мен мегаполистерінен 80-ге жуық сәйгүлік қатысты.
Нәтижесінде Маңғыстау облысынан үкіленіп келген «Көкжебе» атты жүйрік мәреге бірінші келді. Бұл аттың иесі – Ербол Ермағанбетов.
Екінші болып Алматы облысы Кеңсай ауылынан ат иесі Маейемеров Ержанның «Кеңсай» атты сәйгүлігі келді. Үздік үштікті Жетісу облысынан келген «Қаһарман» атты бәйге түйіндеді, иесі Шамиль Қадыров.
Аталған бәйге жыл сайын дәстүрлі түрде толықтай жалғасатын, халыққа рух сыйлап, мерейін өсіретін «Асыл бесік – Ақсуат» өнер және спорт фестивалі аясында ұйымдастырылды.