Сұхбат

Гүлжігіт Әліқұлов: Өзімді «қырғыздың Мессиі» санамаймын

Алматының «Қайрат» клубында 2000 жылы дүниеге келген екі футболшы бар. Біреуі – отандасымыз Еркебұлан Сейдахмет, екіншісі қырғыз Гүлжігіт Әліқұлов. Осы екі ойыншыға «Қайрат» клубы ғана емес, Қазақстан мен Қырғызстан жанкүйерлері де ерекше сенім артады. Жақында Сейдахмет пен Әліқұлов «ЖБ Подкаст» бағдарламасына келіп сұхбат берді. Осында айтылған әңгімелердің қызықтысын оқырман назарына ұсынамыз.

– Еркебұланға қойған сұрақты саған да қойсақ. 18 жаста әр түрлі салыстыру, мақтаулар қалай әсер етті.

Мен 19 жасымда Беларусь елінің «Неман» клубында ойнадым. Сол кезде адамдар тани бастады. Алғаш рет Қырғызстан құрамасына шақырылып, өзімді жақсы жағынан көрсеткенде елдің қызығушылығы артты. Instagram желісінде жазылушылар саны көбейді. «Неманда» ойнағанда 3 мың жазылушы болса, ұлттық құраманың ойынынан кейін 10 мыңға көбейді. Еліміздің мақтанышысың деген сияқты мақтауларды жаудырды.

– Ал жалпы футболға қалай келдің?

– Аулада жақсы ойнай бастасаң, ата-анаңа секция жаздыруды сұрайсың. Мені алғаш «Дордой» клубына ағам алып барды. Ол кезде жаттығуға ақы төлейтіндер болған. Ал тегін ойнайтындар негізгі құрам ойыншылары болатын. Мен бірінші жаттығуға төледім, одан кейін болашақ бапкерім Владимир Садовский байқап, командаға шақырды. Бірден сол кезде Тараздағы турнирге апарған. Еркебұлан екеуіміз бала кезден таныспыз. Мен «Дордой» сапында, ол «Монтажник» командасында болды. Үнемі финалда кездесетінбіз. «Тараз» жігіттері жеңісті бермейтін. «Қайратқа» келер алдында Еркебұланға телефон соғып, хабарластым.

– Арада бірнеше жыл өткенде қайтадан бірге ойнап жүрсіңдер. Қалай екен?

– Ең алғаш «Қайраттың» Түркиядағы жаттығу жиынына келгенде ол мені күтіп алды. Барлық жігіттермен таныстырды. Бірден Әбікен, Әліп, Үсенов, Сұлтанбек Астановтармен дос болып кеттім.

– «Қайраттағы» бейімделу, адаптация қалай өтті?

– Алғашында бәрі қиын болды. Мұнда чемпионаттың деңгейі басқа. «Неманда» өзімді көрсеткеніммен, ол жақта біріншіліктің деңгейі төмендеу.

– Еркебұлан Ресей чемпионатындағы әлімжеттікті айтты. Сенде ондай жағдай болды ма?

– Беларусь чемпионатында ойнағанда боғауыз сөздер айтып, қоқан-лоқы көрсеткендер болды. Басында таңқалатынмын. Ал негізі бұл ол жақта қалыпты жағдай екен. Сосын өзімнен үлкен ойыншыларға «сіз» деп сөйлегенде ұрысатын. Мені шал көріп тұрсың ба деп дүрсе қоя беретіндер бар еді.

– Футболда позиция ауыстыруға қалай қарайсың?

– Мен қазір «Қайратта» сол қапталдағы қорғаушы, Еркебұлан оң қапталдағы қорғаушы болып жүр. Сондықтан бәрі дұрыс.

– Вагнер Лав өмірде қандай адам?

– Ол бізге ауысады дегенде таңқалдым. Әрине, атақты ойыншымен бірге өнер көрсететінімізге қуандық. Сосын оның 30 жейдесін сатып алдым. Өйткені Қырғызстанда бәрі сұрады. Базада тамақтанған өзінде режим, диета сақтайды. 37 жасында жастардан кем жүгірмейді, прессинг жасайды.

–  «Қазақтың Мессиі», «Қырғыздың Мессиі» дегендерге қалай қарайсың?

–  Маған бұл тым артықтау көрінеді. Өзімді Месси санамаймын. Мұны тек сол жанкүйерлер айтып жүрген. Адамдар осылай атай бастағанда басында таң қалатынмын. Бір жағынан жағымды естіледі, екінші жағынан айтпай қалғанда дұрыс ойнамай жүргендей сезінесің. Егер гол соғып, жақсы ойнай бастасақ, бәрі мақтайды. Жыл соңында Яцек Гуральский әлем чемпионатына барып, нағыз Мессиге қарсы ойнайды (күлді).

–  Қай футболшы ерекше есте қалды?

–  Түркияда «Антальяспор» мен «Бешикташтың» ойынын көргенмін. Сол кезде Куарежма таңқалдырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button