Басқа спорт түрлеріСаламатты Қазақстан

АРМАНЫ ОРЫНДАЛҒАН ҚЫДЫР

Қазақтың қарымды қаламгері, спорт қайраткері Қыдыр мерейлі белеске шығыпты. Қалың қазақ Қыдырбек Рысбекұлы деп білетін ауылдасым бұрынғы Целиноград облысының Қорғалжын ауданындағы Жанбөбек ауылында 1962 жылы жарық дүниеге келген. Мен де осы ауылда туғанмын. Біздің ауылдан шыққан тағы бір қаламгер ініміз Төлеген Жәкітаевтың да кіндік қаны осы Жанбөбекте кесілген.

ҚЫДЫРДЫҢ ҚОЛЫНАН КІТАП ТҮСПЕЙТІН

Қыдыр үш жасынан бері Қорғалжын ауданынан бөлініп, жаңадан құрылған Краснознаменский ауданына қараған Жалманқұлақ ауылында (Калинин атындағы совхоз) өсті, ер жетті. Қыдырдан бір сынып төмен оқысам да білемін, ол мектепте өте жақсы оқыды. «Линейка» сайын Қыдырдың бір грамота алып жатқанын көретінбіз. Қолына аттестатын алысымен өз ынтасымен Алматыға аттанды. ҚазПИ-да оқығысы келді, бірақ 79-жылы жолы болмай ауылға қайтып келді. Содан ауыл шетінде қамыс буатын шешендерге барып жұмыс істеді, қаражат жинады. Үйіміз жақын болғандықтан көріп жүремін, күнімен жұмыста болатын, ал түнімен кітап оқитынын сезетінмін. Негізі, Қыдыр бала кезінен оқуға аса құштар болып өсті. Қашан көрсең қолынан кітап, газет-журнал түспейтін. «Білімді мыңды жығады, білекті бірді жығады» деген тәмсіл осы біздің Қыдыр секілді азаматтарға айтылғандай ма деп ойлаймын. Ал біз болсақ, боксшы болған соң ба, жарыстарға көп жүретінбіз, ауылдағы анау-мынау төбелеске қатысамыз, тоғызыншы сыныптан бастап тойда жүретінбіз. Қыдыр маған үнемі ақылын, білгенін айтатын еді (негізі, Қыдыр екеуміздің шешелеріміздің туыстығы бар, ал түбіріміз, ол – Алтайдың ағысы, мен – бөрісімін), «Алматыға оқуға бар, сен жаман оқымайсың ғой, оның үстіне жақсы спортшысың, егер аянбай айналыссаң, спорт шебері де боласың… (…қайдағы Ауғанстаннан кейін боксты қоя салдық қой)» деп кәдімгідей қамшылап, ақыры мені Алматыға баратындай етіп желпіндіріп қойған. Өкінішке қарай, әкем мені «Алматыда атаңның басы бар ма? Бармайсың, оқысаң Целиноградта оқисың…» деп бала арманымды «тұншықтыра» салған. Ал Қыдыр келесі жылы Мәскеу Олимпиадасы өтіп жатқан шақта ҚазПИ-дің студенті атанды. Студент кезінен газеттерге мақала жазып көзге түсті. Жүрегінің қалағаны спорт тақырыбы болды. Бұл таңдауы дұрыс болды, қазаққа пайдалы іске кірісті. Сол кезде ауылдың бәрі «Лениншіл жасты», кейіннен «Жас алашты» оқитын, өйткені онда Қыдырдың мақалалары бірінен соң бірі бұрқырап шығып жататын.

ҚЫДЫРДЫҢ ШЫҒАРМАСЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ

Көзі қарақты оқырман Қыдырбек Рысбекұлының шығармаларын жақсы біледі деп ойлаймын. Жекелеген спортшылар туралы жүздеген мағыналы-мазмұнды мақалалар жазды, спорт әлемінде ел намысын абыроймен қорғаған, Олимпиада ойындары мен әлем чемпиондары болған қазақтың ұл-қыздарын ұлықтады, қазақ спортының жеңістері мен проблемалары туралы шырылдап жазды. Күрес, бокс секілді спорттар бойынша эндиклопедиялық кітаптар шығарды. Спорттан бағын тапқан жанкешті журналистің бірегейі төрткүл дүниені шарлады, бірнеше Олимпиада ойындары, әлем және құрлық чемпионаттарына қатысып, қазақ жұртшылығына ақжолтай ақпараттар жеткізіп, көрген-естігенін том-том кітап етіп оқырмандарына ұсынды. Бәрін айтпасақ та, «Қазақ балуандары», «Қазақ боксшылары», «Қазақ олимпиадашылары», «Қазақтың 90 бапкері» атты кітаптары ұлттың қазынасына айналды десем артық айқаным болмас.
Айтпақшы, Қыдыр былтыр үздік журналистерге берілетін «Үркер» ұлттық сыйлығын 1 миллион теңгесімен қосып алды.

ҚЫДЫР ҚАЖЫМҰҚАН БЕНЕФИСІН ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

Қыдыр тек қана жазып қоймай, қоғамдық іс-шаралардың ұйытқысы бола білді. Бір жылдары Қажымұқан бенефисін ұйымдастырды. Арнайы шақырған соң Ақмоладан Алматыға үш жігіт бардық. Бірі сол кезде алмас қылыштай жарқылдап жүрген журналист Мұратбек Тоқтағазин болса, екіншісі «Буденный» (қазіргі Қажымұқан ауылы) бөлімшесінің бастығы Қайдар Төлегенов болды. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында керемет шара өтті. «Түйе балуан» күресін тамашалап, бір жасап қайттық. Сол жолы Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов секілді қазақ спортының мақтаныштарымен бетпе-бет кездесіп, Несіп Жүнісбаев (Нес-ағаммен әлі күнге дейін аға-інідейміз), Бауыржан Омаров сынды белгілі журналистермен танысып-білістік. Айтпақшы, сол жолы бенефистен кейін Қыдырдың көршісі Бауыржанның үйінен дәм де таттық. Кейіннен осы Қыдырдың дәнекер болуымен Талғат Батырхан, Жанболат Аупбаев, Дидахмет Әшімханұлы секілді қарымды қаламгер ағалармен жақсы араласып кеттік.

ҚЫДЫР ЖАЗУШЫ ҒАНА ЕМЕС, ШАРУАШЫЛЫҚТЫ ДА ШЫР АЙНАЛДЫРАДЫ

Қыдырбек Рысбекұлы шығармашылықпен ғана айналысып қоймай, әкімшілік-басшылық қызметте де едәуір жемісті еңбек етті. Астанада ашылған Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың директоры ретінде қат-қабат жұмысты үйлестіріп, жүздеген балалардың спорт әлеміндегі бағын ашуға септігін тигізді. Осы интернаттан әлемнің, Азияның, республиканың чемпиондары өсіп шықты. Одан кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасын, Алматы мен Қарағанды қаласындағы спорт мекемелеріне басшы болды. Биыл Мәдениет және спорт министрлігінің шешімімен «Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы» РМҚК директоры болып тағайындалды.

ҚЫДЫРДЫҢ АРМАНЫ ОРЫНДАЛДЫ

Қыдырдың көпшілік білмейтін бір арманы болды. Ол – Жалманқұлақ ауылынан Қазақстанның туын көтеретін спорт шеберлерін шығарсам, Олимпиадаға баратын бір спортшы шығарсам деп жүретін. Сондайда мен «Өзің болдың ғой 5-6 Олимпиадада…» деп қоямын. Ол болса «Менікі жай бару ғой, менің арманым Жалманқұлақтың баласы әлемнің алдында сынға түссе деген арман ғой…» деп айтатын. Дұрыстап сұрасаң армандар орындалатыны заңдылық екен. Жалманқұлақ ауылынан екі бірдей халықаралық дәрежедегі спорт шебері шықты. Екеуін де Қыдыр мектеп-интернатқа қабылдап, бағыт-бағдарын айқындап берген еді. Олардың бірі – бокстан Азия ойындарының чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Лондон Олимпиадасына қатысушы Ілияс Сүлейменов болса, екіншісі – бокстан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, жастар арасындағы Азия чемпионатының екі дүркін чемпионы, жастар және ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы әрі жүлдегері Бақытжан Қожабеков болды.

ҚЫДЫРДЫҢ МАҚТАНШАҚТЫҚ МІНЕЗІ БАР

Бір байқайтыным, Қыдырдың мақтаншақтық мінезі де бар сияқты. Ең қызығы сол, Қыдырдың кейбіреулер сияқты өзін-өзі бір мақтағанын естімеппін. Қашан кездессең айтатыны «Ой, біздің Жақсылықты айтсайшы…», «Ой, Дәулеттей қарулы балуанды көрмеппін…», «Ой, менің ағыс ағам Талғат Бигелдинов қой…», «Ой, Ілиясқа ризамын…», «Ой, Қорғалжынның етін-ай…», «Ой, біздің ауылдың жігіттерін-ай…» деп жалғастыра береді ғой. Ал біздің ауылдастар Қыдырды айтып, мақтанып жүреді.

ҚЫДЫР, БАУЫРЫМ, АЛПЫСЫҢ ТАЛ ТҮСТЕЙ БОЛСЫН!

Иә, сіз білетін Қыдырбек Рысбекұлын біздің ауылдастар Қыдыр деп атайды. Бүгінде үлкендерге ізетті іні, көпшілікке аға, әріптестерге тәлімгер, бауырларына жанашыр, бала-шағасына ардақты әке, достарымен сырлас, халқымен мұңдас болып жүрген Қыдыр, шын мәнінде, біздің ауылдың мақтанышы. Осындай азаматтар әр ауылда бар шығар деп ойлаймын, болғанын қалаймын да.
Бірінші сөзі қазақ, екінші сөзі намыс болып келетін Қыдыр қажыға абыройдың биігін тілеймін! 60 – тал түстей болсын!

Ғалым Қожабеков

Басқа жаңалықтар

Back to top button