Басқа спорт түрлеріСаламатты Қазақстан

Текелі шаһарының көкжиегі

немесе спорт пен туризмді дамытуды қолға алған өңір туралы бірер сөз

Текелі қаласы Талдықорған қаласының оңтүстік-шығысында 39 шақырымдай жерде орналасқан. Қаланың алып жатқан жері – 6133 гектар. Жетісу Алатауының тау шатқалдарының шыға берісіндегі Қора аңғарындағы үш толқынды Қора, Шажа және Текелі өзендері таудан құлай ағып, қала аумағында бір-бірімен кездеседі. Одан соң үшеуі бірігіп Қараталға келіп қосылады. Ал Қаратал өзені Талдықорғанды аралай өтіп, Балқаш көліне келіп құяды.

Шаһардың іргесі 1911 жылы қаланған. 1927 жылы кент аталса, 1952 жылы өз алдына қала атанған. Яғни биыл қалаға 70 жыл толды деген сөз. Ресми деректерге сүйенсек, 1933 жылы инженер-геологтар М.Юдичев пен М.Қаділбековтың зерттеу-бұрғылау жұмыстарының нәтижесінде Текелінің оң жағалауынан мырыш, күміс, кадмий, германий кендері табылған. 1937 жылы Текелі қорғасын-мырыш басқармасының құрылысы басталса, 1942 жылы қорғасын-мырыш комбинаты құрылады.
Бүгінгі таңда 35 мыңға жуық халқы бар Текелі қаласында үлкенді-кішілі 26 өндірістік серіктестік жұмыс істейді. Қала 2012 жылы еліміздегі моноқалалар тізіміне енген. Моноқала дегеніміз – қала құраушы бір немесе бірнеше өндіріс төңірегінде шоғырланған елдімекен деген сөз. Бүгінде «Текелі кенді қайта өңдеу кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қаланың экономикалық, әлеуметтік дамуына маңызды роль атқарады. Өндірісте байытылған шойын құймалары ішкі нарықта, сонымен қатар Қытай мен Ресейге сатылуда. Қазір комбинатта мыңға жуық азамат еңбек етсе, екінші балқыту пеші қосылғанда 2 мыңға жуық жұмысшы жаңа жұмысқа тартылмақшы. Текелі маңында табиғи байлық та жеткілікті. Атап айтқанда, пирит, сфалерит, галенит сияқты минаралдармен қоса қорғасын, мырыш, күміс, алтын, висмут, кадмий, скандий тобындағы металдарға да бай өңір екені ертеден белгілі.
Өткен жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұз қаласына арнайы барып, моноқалалардың экономикасын дамыту туралы үлкен кеңес өткізгенін көпшілік жақсы біледі.
«Қазақстанда 89 қала болса, соның 27-сі немесе 30 пайызы моноқалалардың қатарына жатады. Онда 1 миллион 400 мың адам тұрады. Бұл халқымыздың 8 пайызы. Қазіргі таңда шағын қалалар ел экономикасын дамытуға едәуір үлес қосып отыр. Олар өндірістік өнеркәсіп өнімдерінің 40 пайызын өндіреді. Моноқалалардың экономикасын әртараптандыру айрықша маңызды. Басқа да салаларды дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу аса өзекті мәселе», – деп атап көрсетті Президент.
Осы ірі мәжілістен соң көптеген шағын қалалардың екінші тынысы ашылып, жаңаша өмір сүрудің тың жолдарын таңдай бастады. Солардың бірі Текелі қаласы десек артық айтқандық емес.
Текелі қаласы, жоғарыда айтқанымыздай, Жетісу Алатауының баурайында орналасқандықтан ба, табиғаты көз тартарлық көрікті әрі сулы, нулы жер. Жазы қоңыр салқын келеді. Қары қалың, қысы жылы. Кезінде Асан Қайғы бабамыздың: «Ағашы тұнған жеміс екен, шаруаға жақсы қоныс екен, Жерұйық деген осы екен» деп бекер айтпаса керек. Қала көшелерінің жасыл желекке оранғаны өз алдына, тауға шықсаңыз, неше алуан төгілген жабайы жеміс-жидектерден аяқ алып жүре алмайсыз. Енді осыған қайталанбас табиғат сыйы тарихи орындарды тамашалау, нағыз кереметтің өзі дерсіз. Тіпті кейбіреулер мақтайтын Қырымдағы Бақшасарайдың өзін Текелінің көріктілігімен әсте салыстыруға келмес дер едім.
Қала маңында Черкесай, Солдатсай және Қора шатқалдары бар. Қора шатқалына кіре берісте неше алуан ғасыр қойнауынан сыр шертетін Будда тасын айтсаңызшы. Ол туралы айтылар аңыз, деректердің өзі бір төбе. Тарихшы, ғалым Михайл Антонов ежелгі мәдени ескерткіш туралы былай деп жазады: «Жартастың беткі жағы тегістеліп, өңделгені байқалады. Тастың үстіңгі жағында табиғи ойық бар. Осы ойықтан жыл он екі ай су құрғамайды екен де оны жергілікті халық киелі су деп санаған. Тастың беткі жағындағы ортаңғы тұсында лотос гүлінің сұлбасы мен үнді шіркеуінің бейнесі бедерленген. Төменгі жағында мифтік аң бейнесі салынған. Зерттеушілердің пайымдауынша, бұл бейненің жоғары жағында қалмақ әліпбиімен ламалардың қасиетті сөздері жазылған».
Алдағы уақытта зерттеу жұмыстары тағы да тың деректер мен толығары күмәнсіз. Будда тасы да тарихи ескерткіштер тізіміне енгізілді. Одан әрі шатқалдың бойымен өрлеп, 50 шақырымдай жер жүрсеңіз, Орталық Азиядағы ең үлкен сарқыраманың бірі Бұрхан-Бұлаққа тап боласыз. Оның таудан құлап аққан биіктігі – 120 метр.
Реті келіп тұрғанда айтсақ, осы Бұрхан-Бұлақ туралы да түрлі аңыздардың бар екені белгілі. Аңыздарда баяндалғандай, Бұрхан анасының жалғыз ұлы екен. Бауыр еті баласын анасы өз өмірінен де қатты жақсы көрген көрінеді. Әрбір ана сияқты ол да ұлының шаңырағына жақсы келін түсіруін армандайды. Бұрхан да ер жетіп, Қора есімді өзімшіл қызға ғашық болады. Сөйтіп ұлының таңдауын еш жақтырмаған анасы үлкен сарай салдырып, баласын қамап тастайды. Махаббаттың құдіреті сарайдың қабырғаларынан да күшті болып, қамаудан босап шығады. Ол өзінің асау толқынды суларын Қорамен түйістіріп, бірге аға бастайды. Ал анасы болса оны жоқтаумен күні өткен екен. Бұрхан-Бұлақ сарқырамасының жанындағы «Ананың көз жасы» деген бұлақтың атауы да осы оқиғадан соң шыққан көрінеді…
Жалпы Текелі қаласының тау мен тасы ғана емес, табиғатының өзі де туризмге сұранып тұрғандай.
Текелі қаласының әкімі Батыр Молдахметов: «Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Екібастұз қаласында моноқалалардың дамуына арналған мәжілісті айрықша атап өткім келеді. Мұнда Президент экономика саласын әртараптандыру қажеттілігін ашық айтты. Осы орайда Текелі қаласын дамытудың ең негізгі саласының бірі тау спортына назар аударылып, туризмді дамытуды қолға алдық. Осыдан үш жыл бұрын туристерді қызықтыру, олардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында әрі Текелі қаласының бар аумағы алақандағыдай көрінетін биік жотаның басына «Көктөбе» бақылау бекеті салынды. Ол жер қажетті техникалық құралдармен жабдықталды. Бұл төбеге қала тұрғындары мен қонақтары баспалдақ арқылы көтеріледі. Олар жотаға шыққан соң, төмендегі шаһардың сұлулығын тамашалайды әрі суретке түседі. Сондай-ақ туристер осы абаттандырылған жерде тұрып, қай жерге барғысы келетінін таңдайды. Оларға қаланы жақсы білетін арнайы мамандар қызмет көрсетеді. Қаланың кіре берісінде, ортасында, көпшілік жүретін орындарда туристерге жан-жақты мағлұматтар беру ушін интерактивті тақталар мен LED экрандар орнатылды. Тәртіпті сақтау мақсатында қаланың әр жерінде полицияның модульдік посттары қойылды. Тұрғындар үшін сауда павильондары жұмыс істейді. Аялдаманың барлығы да санитарлық талапқа сай жабдықталды.
Сонымен қатар өзінің ерекшелігімен Гиннесстің рекордтар кітабына енген, әлемдегі ең ұзын Қонаев көшесінің де қалалықтар үшін алар орны ерекше екені даусыз. Оның ұзындығы 38 шақырым екенін көпшілік біле бермейді. Бүгінгі таңда қала қонақтарының осы ұзын көшенің бойымен қыдырып, демалып, серуендеуі үшін де бар жағдай жасалуда. Жол бойында жастарға велосипед пен электронды самокаттар қызмет көрсетеді. Өткен жылдары қала ішінде 50 бейнекамера орнатылса, биыл тағы да 50 бейнекамера іске қосылатын болады.
Текелі қаласында бұқаралық спортты дамытуға да толық мүмкіндік бар. Бүгінгі таңда спортпен шұғылдануға арналған 22 балалар алаңы, 6 стритворкаут пен 6 спорттық алаң жұмыс істейді. Текелі қаласындағы «Текесу» туристік кешен құрылысының да өзіндік ерекшеліктері мол. Бұл аумақта 400 метрлік және 800 метрлік сырғанақ жол жұмыс істейді. Сонымен қатар жастар қыс мезгілінде шаңғы және сноубордта сырғанаса, жаз мезгілінде тау велосипедімен экстремалды спортпен шұғылдануға мүмкіндігі бар.
Олар мұнда парашютпен секіріп, тауға өрмелелейді. Тіпті кейбіреулері тау-тастың өзін көлікпен аралайтындарын қайтерсіз. Осы таулы жерлерде халықаралық мота жарысы да тұрақты ұйымдастырылады. Бұл аймақ қыс мезгілінде шаңғы тебуге де қолайлы жер екенін жоғарыда айттым. Мұнымен Қатар Алматының Шымбұлағына ұқсас, ұзақтығы 14 шақырымды құрайтын шаңғы тебу жолы да көзге тартымды дегім келеді. Жазғы маусымда қала сыртындағы көрікті жерлерді аралауға күніне 200-300 адамдай келеді. Туристер, әсіресе, қөрші Ресей елінен көптеп келетінін несіне жасырамыз, – деді қала әкімі Батыр Қайыркенұлы.
Жақында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабеков Текелі шаһарына барып, моноқаланың тыныс-тіршілігімен кеңінен танысып қайтты. Өндіріс орындары мен әлеуметтік салаларды аралады. Жергілікті қала тұрғындарымен кездесті. Қаланың болашағы туралы да кеңінен пікір алмасты. Таза ауыз судың мәселесі де өз шешімін табатын болды. Облыс басшысы соңында мәдениет ошақтарымен қатар спорт кешендерін аралап, жаңадан салынып жатқан «Этноауыл» түристік кешенінің құрылысымен де танысты. Мамандардың айтуынша, туристерге қызмет көрсететін 20-дан астам қонақ үй мен демалыс орындарына жыл басынан бері келген демалушы-туристердің саны 10 мыңнан асқан көрінеді.
Иә, Текелі моноқаласының өндіріс жағынан ғана емес, болашақта спортпен қатар туризмнің де қарыштап дамуына толық мүмкіндігі барын шым-шымдап, шет жағасын айтқан болдық.
Ойды ой қозғайды. Түркия еліне жылына 30 миллион түрист келіп кетеді екен. Әрбір келуші 1 мың доллардан қалдырғанның өзінде 30 миллиард қаржы жиналады. Ал 2023 жылға қарай Түркия елі 100 миллион туристі қарсы алуға әзірлік жасап жатқан көрінеді. Сол сияқты Испания елінде бюджетінің 62 пайызы туризмнен құралады дейді. Соған қарағанда, басқа өңірлерімізді қоспай, Текелі қаласының өзінде табиғаттың өзі сыйға тартқан қасиетті тау мен тасы, суы мен тарихи ескерткіштердің өзін кәдеге жарата алсақ, солардың өзі-ақ ен байлыққа бастар еді-ау дегіміз келеді.

Мәулетхан АҚСАНОВ,
«Қазақ спорты» газетінің өз тілшісі

Басқа жаңалықтар

Back to top button