Сұхбат

Нұрбақыт Теңізбаев: ЭКОНОМИКАЛЫҚ КӨРСЕТКІШ СПОРТТЫҢ ДАМУЫМЕН ДЕ ӨЛШЕНЕДІ!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында спорт саласына да арнайы тоқталды: «Өскелең ұрпақтың және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажет. Қаржы тапшылығы кезінде мемлекет бюджет есебінен кәсіби спорт клубтарын толықтай қамтамасыз етудің қажеті жоқ… Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерен ашу қажет» десе, биылғы жылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында Президент: «Денсаулық кепілі – дене шынықтыру. Жұрттың және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы керек екенін тағы да қайталап айтамын. Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуі тиіс», – деді. Президент тапсырмасынан кейін Алматы облысының спорт саласында, әсіресе қаржы мәселесін үнемдеу, тиімді жұмсау барысында біраз жағымды өзгерістердің болғанынан хабардармыз. Осы орайда жыл аяғында Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаевқа тағы бір кездесіп, көкейде жүрген сұрақтарымызға тұщымды жауаптарымызды алған едік.

– Еліміздің Тәуелдігіне 30 жыл толды. Ұлы мерекеге Алматы облысының еңбеккерлері де көтеріңкі көңіл-күймен келді деуімізге толық негіз бар. Өңір халқы өткен отыз жыл ішінде біршама белесті бағындырып, көз қуанарлықтай табыс биігінен көріне білді. Облыс басшысы айтқандай, жалпы өңірлік өнім көлемі 35 миллион теңгеден, 3 триллион 700 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Өнеркәсіп өнімін шығару 9,5 миллион теңгеден 1 триллион 20 миллиард теңге дейін өсті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі биыл 1 триллион теңгеден асты. Өткен отыз жыл ішінде аймақ халқына 14,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бюджетке түсімдер 1997 жылғы 11 миллиард теңгеден 742 миллиард теңгеге дейін көтерілді. Мұндағы айтпағым, ел экономикасымен қатар спорт саласының да өсіп, өркендегенін көпшілік өз көзімен көріп отыр.
Дұрыс екен. Экономикаға қарай өңір спортының дамуы да заңдылық. Десек те соңғы кездері спорт саласына, әсіресе кәсіби клубтарға қаржы тым көп бөлінеді. Олардың қайтарымы жоқ деген сыни сөздердің де естіліп жатқаны анық. Мүмкіндік болса, облыс спортына бөлінетін қаржы көлемін талдап айтып берсеңіз?

 – Биылғы жылы облыстың дене шынықтыру мен спортын дамыту үшін бюджеттен 21,5 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде жергілікті бюджеттен – 20,2 миллиард теңге. Басқару аппаратын ұстауға 87,3 миллион теңге, облыстың 54 спорт мекемесін ұстауға – 12,6 миллиард теңге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға – 511,6 миллион теңге, спортшыларға ай сайынғы ақшалай қаражат ұстауға және облыстық деңгейде жарыстар өткізуге – 340,0 миллион теңге, спорт түрлері бойынша облыстық командаларды республикалық және халықаралық жарыстарға даярлау мен қатысуға – 1,4 миллиард теңге, мемлекеттік жекеменшік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді орындауға 4,3 миллиард теңге, мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру үшін жан басына қаржыландыруға – 1,0 миллиард теңге. Сондай-ақ республикалық бюджеттен – 1,3 миллиард теңге дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік қосымша білім беру ұйымдарының педагогикалық және медицина қызметкерлерінің жалақысын ұлғайтуға жұмсалады.

Президенттің тапсырмасынан соң, кәсіпқой командаларға жұмсалатын қаржы мәселесі қайта қаралды. «Жетісу» футболы және волейбол клубтарын ұстауға бөлінетін шығындарды қысқартудың нәтижесінде 2,9 миллиард теңге үнемделді. Ол қаржы спорттың басқа саласын дамытуға жұмсалды. Атап айтқанда, 1,1 миллиард теңге – бұқаралық спортты дамыту мақсатында облыстың 127 street workout спорт алаңдарын орнатуға – 361,5 миллион теңге, шағын футбол алаңдарын және 35 спорт алаңын орнатуға 374,9 миллион теңге, Алакөл ауданының Лепсі ауылында дене шынықтыру спорт кешені құрылысын бастауға 388,2 миллион теңге бөлінді. Бір миллиард теңге – мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыстарды іске асыру үшін жұмсалады. Ал 803,4 миллион теңге су спорты, волейбол және стендтік ату бойынша жаңа балалар-жасөспірімдер спорт мектебін ашуға, пайдалануға берілетін жеті дене шынықтыру спорт кешеніне және қосымша 120 штаттық жаттықтырушы мен әкімшілік-шаруашылық персоналды ұстауға бағытталады.

– Өз көзіміз көргендей, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құрметіне әр аудан орталығында спорт кешендері бірінен соң бірі ел игілігіне берілуде. Қуанышты жағдай. Соған қарағанда, өңірдегі спорттық құрылымдардың саны да өскен болар?

– Облыс әкімдігінің тікелей қамқорлығының арқасында облыс пен аудан орталықтарында заманауи спорттық ғимараттар күн санап бой көтеруде. Оған шүкір. Бүгінгі таңда облыстағы спорт құрылымдарының саны 3718-ге жетті. Оның ішінде: дене шынықтыру-спорттық мақсаттағы обьектілер – 808, білім беру мекемелері – 2652, спорт мектептерінде – 258. Сонымен қатар ауылдық жерлерде – 2820 болса, жеке меншіктің саны 177-ге жетті. Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында облыс аумағында 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Олар: Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында, Панфилов ауданының Жаркент қаласында, Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласында, Қарасай ауданы Қаскелең қаласында, Талғар ауданы Талғар қаласында, Кеген ауданы Кеген ауылында, Алакөл ауданы Үшарал қаласында, Көксу ауданының Балпық би ауылында, Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылында, Балқаш ауданының Бақанас ауылы, Райымбек ауданының Нарынқол ауылында бой көтерді. Еңсесі биік, сәнді, спорт ғимараттары аудан орталықтарына ажар кіргізіп, көріктендіріп жіберді. Ауыл жастарының тынысын ашып, спортқа деген құлшыныстарын арттырды. Мұнымен қатар Қарасай ауданы Шамалған мен Райымбек ауылдарында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде де спорт кешендері ашылып, жерлестерінің шынайы алғыстарына бөленді.
Ағымдағы жылдың шілде айында Елорда күніне орайластырып Талдықорған қаласында Орта Азияда баламасы жоқ, әлемдік деңгейдегі жабық жүзу бассейні пайдалануға берілді. Балық сұлбасына ұқсаған жүзу бассейннің жалпы аумағы 27 мың шаршы метрді құрайды. Екі қабаттан тұратын, әрі жертөлесі бар әмбебап нысанда 4 негізгі бассейн жұмыс істейді. Оның екеуі дүниежүзі бойынша жарыс өткізуге арналса, ұзындығы 50, ені 25 метр болатын екі бассейн бұқаралық спортты дамытуға ыңғайланған. Көрермендер трибунасына 2 мың адам еркін отырып, додалы жарыстарды көруге, тамашалауға мүмкіндігі бар. Ең негізгісі, мүмкіндігі шектеулі жандарға да жүзу спортына келіп, шұғылдануына да бар жағдай қарастырылғын. Жүзу бассейні күніне мыңға жуық адамға қызмет көрсетеді. Бүгінгі күні мұнда 22 жаттықтырушы 1126 баламан жаттығу жүргізуде. Жүзуде – 959 бала, су добында – 112. Ал көркем жүзуде – 55 балғын тәрбиеленуде. Олардан күтер үмітіміз өте зор. Әлі-ақ жастарымыз су спортынан олимп шыңын бағындыратыны анық. Реті келіп тұрғанда айта кетсем, жыл аяғына дейін Ақсу ауданындағы Жансүгіров ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілуі тиіс болса, Ұйғыр ауданының Шонжы ауылы мен Алакөл ауданының Достық және Лепсі ауылындағы сауықтыру кешендерінің тапсырылу мерзімдері келер жылдың еншісінде тұр. Құдай қаласа, осы сияқты спорт ғимараттары келер жылы да өз жалғасын таппақ. Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында облыс аумағында халқының саны үш мыңнан асатын елдімекендер үшін 30 шағын дене шынықтыру-сауықтыру кешенін және 127 стритворкаут кешенін салу жоспарға енгізілді.

– Бұқаралық спортты дамыту барысында басқару құрылымдар ішінде біраз өзгерістер болған сияқты. Сол жағын да нақтылай кетсеңіз?

– Бәрі де жұмыстың тиімділігіне қатысты іс-шаралар. Биыл облыс әкімдігінің қаулысымен аудандық, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімдеріне ведомстволық бағынышты спорт мекемелері басқарма қарамағына берілді. Қазіргі уақытта ведомстволық бағынышты спорт мекемелерінің саны 54 бірлікті құрайды. 2021 жылдың басында облыс әкімдігінің қаулысымен «Алматы облысының Ату спорты түрлерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» және «Алматы облысының волейбол бойынша мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» ашылды.

– Арнайы спорт мектептерінің ашылуы, әрине, қуанарлық жағдай. Ол да облыстың экономикасы мен елдің әл-ауқатының жақсарғанын байқатады. Енді осындағы оқушы-жастар мен бұқаралық спортқа тартылған халықтың деңгейі қандай мөлшерде деп ойлайсыз?

– Облыстың аудандары мен қалаларында 45 спорт мектебінде 72 спорт түрімен шұғылданатын 42484 спортшы тәлім-тәрбие алуда. Барлық қолданыстағы спорттық нысандар дене шынықтыру және спортпен шұғылдану үшін қолжетімді және тегін түрде қызмет жасайды. Алматы облысында дене шынықтырумен және спортпен жүйелі шұғылданатындардың саны 667 428 адамнан асты. Бұл көрсеткіш облыс халқының 32 пайызын құрайды деген сөз. Өңірде үш кәсіби клуб жұмыс істейді. Олар: «Олимп» регби клубы, «Жастар» спорттың ойын түрлері клубы және «Жетісу» футбол клубы. Сонымен қатар Талғар қаласындағы Ат спорты түрлері бойынша ұлттық орталықтың да атқарып отырған еңбектері ұшан-теңіз. Енді бұған облыстағы 45 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мен Алакөл ауданы Лепсі ауылындағы спортта дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының жас спортшыларын аламан бәйгелерге дайындап, тәрбиелеудің өзі де бір төбе. Енді осыған Талдықорған қаласындағы жоғары спорт мектебі мен Олимпиадалық резервті даярлау орталығын қоссаңыз, облыс аумағындағы жастардың спортқа деген ынта-жігері мен ықыласының ерен екенін өзіңіз де байқаған боларсыз. Бүгінгі таңда Алматы облысында спортпен шұғылданатын 4 жастан 18 жасқа дейінгі балар саны 507 402-ні құрайды.

– Түсінікті. Қала мен аудандарда тұратын жастардың жаппай спортқа ден қоюы құптарлық екен. Ал ауыл балаларына қандай игілікті шаралар қолға алынып жатыр, осы жағын да қамти кетсеңіз?

– Орынды сұрақ. 2014 жылы мемлекет басшысының тапсырмасымен бұқаралық спортпен айналысатын адамдардың санын 30 пайызға жеткізіу мақсатында ауыл әкімі аппараттарына 253 спорт жөніндегі нұсқаушы қызметкерлер штаты арнайы ашылған болатын. Нұсқаушылар ауылды жерлерде табанды еңбек етті. Олар жергілікті жерлерде ұлттық спорттың кеңінен қанат жаюына мұрындық болды. Бүгінгі күні Алматы облысында ұлттық спорт түрлерінен 1610 секция жұмыс істейді. Оларда 55 153 адам спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Оның ішінде 41931-і ауылдық жерлерде тұрады. Бұл көрсеткіш облыстағы жалпы спортпен шұғылдаушы халық санының 8,2 пайызын құрайды. Өңірде ұлттық спортты дамытуға белсенді үлестерін қосып отырған төрт мекеме бар. Біріншісі – Талдықорған қаласының ұлттық және ат спорты түрлерінен мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі. Бала саны – 583 болса, оларға тәлім-тәрбие беретін жаттықтырушылардың саны – 29. Екіншісі – Қапшағай қаласының ұлттық және қазіргі бессайыстан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі. Мұндағы бала саны – 412 болса, 13 оқытушы-жаттықтырушы жұмыс істейді. Үшіншісі – Қарасай ауданындағы Ұлттық ат спорты мектебі. Бала саны 357 болса, оларға 15 оқытушы-жаттықтырушы қызмет көрсетеді. Төртіншісі – облыстық Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы Талғар ауданында орналасқан. Мұндағы 79 балаға, 12 оқытушы-жаттықтырушы жұмыс істейді. Осы жылы облыста ұлттық спорт түрлерінен 1 халықаралық, 6 республикалық және 25 облыстық іс-шара ұйымдастырылды. Құдай қаласа, жоғарыда атап өткенімдей, алдағы уақытта халық саны үш мыңға жететін ауылдық жерлерде 30 шағын дене шынықтыру кешені мен 127 стритворкаут алаңы салынатын болады.

– Мүмкіндігі шектеулі жандардың да бұқаралық спорттың дамуына мүмкіндігінше өз үлестерін қосып отырғаны анық. Осы жағына да тоқталып өтсеңіз?

– Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі тұлғалар шұғылданатын 22 спорт түрі бойынша «Мүгедектерге арналған облыстық мамандандырылған спорт мектебінің» жұмысы да өзгелерге үлгі боларлықтай. Адамдар саны бүгінде 3446-ға жетті. Бұл көрсеткіш облыстағы жалпы мүмкіндігі шектеулі жандардың 11,6 пайызына тең. Көпшілік жақсы біледі. Парапауэрлифтингтен жазғы XVI Паралимпиада ойындарына қатысушылар Раушан Қойшыбаева (4 орын), Рахметжан Хамаев (5 орын), Гүлбану Әбдіхалықова (7 орын) иеленді. Ағымдағы жылы тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті төмен спортшылар арасында I, II, III кезең бойынша Қазақстан Республикасының VI Спартакиадасы Нұр-Сұлтан, Шымкент және Алматы қалаларында өткізілді. Аталған жарысқа жалпы 17 команда 1000-нан астам спортшы өзара сынға түсті. Алматы облысының құрама командасы 16 спорт түрі бойынша 108 спортшы өз бақтарын сынады. Облыс спортшылары әр жарыста да әріптестерінен үздік шығып, өздерінің береке-бірліктерін көрсете білді. Жарыс қорытындысында Алматы облысы жүлдегер атанып, мерейлі бірінші орынды жеңіп алды.

– Футболдың жайы түсінікті. Волейбол командалары туралы не айтар едіңіз?

 – «Жетісу» волейбол командасы ­– ұлттық лигадағы командалар арасындағы ҚР чемпионатының 8 дүркін чемпионы. ҚР кубогының 7 дүркін, ҚР Суперкубогының екі дүркін жеңімпазы. Мұндай атақты алу, әрине, оңай шаруа емес. Қажырлы да жанкешті маңдай тердің қайтарымы десек те болады. Азия чемпионатына қатысып, Таиландта бесінші орынға тұрақтады. Келешекте спортшыларымыз бұл белесті де бағындыратынына сенемін. Сол сияқты «Жетісу – 2» командасы жоғары лигадағы 2020-2021 жылғы ҚР чемпионатының жеңімпазы. «Бесарыс» көгалдағы хоккей командасы 2021 жылы ҚР чемпионатының ерлер арасында 1-орын, әйелдер арасында 2-орынды иеленді. Ал «Олимп» регби клубының да қол жеткізген жетістіктері өз алдына бір төбе.
– Қытай жерінде өтетін қысқы Олимпиада ойындары да таяп қалған сияқты. Оған дайындалып жүрген жастарымыз бар ма?

– Әрине бар. Қысқы спорт түрлеріне жастарымызды дайындауда Талғар қаласындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер мектебі, Лепсі ауылындағы мектеп-интернаты және Сарқан ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері айтарлықтай өз үлестерін қосып жүр. Жалпы саны 1528 жас қысқы спорттың тоғыз түрімен шұғылданады. Оларға 58 білікті жаттықтырушы тәлім-тәрбие беруде. Нақтылай түссек, бүгінгі таңда 595 спортшы шаңғымен жүгіруге, 75 оқушы биатлонға, 47 оқушы мәнерлеп сырғанауға, 65 оқушы шаңғымен қоссайысқа, 174 жас шаңғымен бағдар табуға, 262 оқушы қысқы президенттік көпсайысқа, 96 спортшы шорт-трекке, 168 жас тау шаңғысына, 46 оқушы шаңғымен трамплиннен секіруге қатысады. ҚР ұлттық құрамасында 14 спортшымыз бар. Төрт спортшымыз ҚР-ның спорт шебері болса, 30 оқушы спорт шеберіне үміткерлер, ал 65 жас 1 рязрядты алуға дайындалуда.
Алматы облысы шаңғышылары алдағы күндерде өтетін XXIV қысқы Олимпиада ойындарына қатысуға бар күш-жігерін салып, дайындық жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізуде. Олардың жаттығу қарқындары жаман емес. Олимпиада ойындарынан үміткерлер, шаңғы жарысынан – Айша Рақышева, шаңғы қоссайысынан – Мағжан Амангелдіұлы, биатлоннан – Әсет Дүйсенов пен Надежда Пивоварова, мәнерлеп сырғанаудан Елисей Волков сынды азаматтарымыз бар.

Жыл аяқталып қалды. Облыс спортшылары ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына үлкен құрметпен келген болар?

– Шындығында, әлемді жайлаған пандемия індетіне қарамастан өңір спортшылары биыл да біраз белестерді бағындырды. Үстіміздегі жылы оқытушы-бапкерлеріміздің ерен еңбектерінің арқасында 12 спортшымыз Халықаралық дәрежедегі спорт шеберін орындаса, 116 ұл-қызымыз Спорт шебері деген атаған алды. Сондай-ақ 419 спортшы спорт шеберіне кандидат болып тіркелсе, 203 жас бірінші разрядты толық орындап шықты. Жыл басынан бері облыс спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда 2473 медаль жеңіп алды. Оның 838-і алтын, 722-сі күміс, 906-сы қала медаль.

Ағымдағы жылы Токиода өткен XXXII жазғы Олимпиада ойындарына Алматы облысының спортшылары 10 жолдамаға ие болды. Оның ішінде ауыр атлетикадан Зульфия Чиншанло мен Игорь Сон Олимпиаданың қола жүлдегері атанып, өңір халқының мерейін бір көтеріп тастады. Сонымен қатар облыс әкімдігінің қолдауымен 251 үздік спортшымыз ынталандыру мақсатында берілетін сыйақыларын да алып отырады. Осынау спортшыларға көрсетіліп отырған игілікті істердің барлығы да ел Тәуелсіздігінің арқасы екінін жақсы түсінеміз.
Мәулетхан АҚСАНОВ,

«Қазақ спорты» газетінің өз тілшісі

Басқа жаңалықтар

Back to top button