Сұхбат

Абиба АБУЖАҚЫНОВА: Әлем чемпионатында жүлде алған алғашқы қазақ қызы атанғым келеді

Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда дзюдодан Гранд Слэм жарысында көзге түскен қыздарымыздың бірі Абиба Абужақынова болды.

Қоржынымызға қола жүлде салған бойжеткен 500 ұпай жинап, әлемдік рейтингте 61-орыннан шамамен 35-36-орынға көтеріледі. Абиба – жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған алғашқы қазақ қызы. Енді сол нәтижесін ересектер арасында да қайталамақ.

– Абиба, Гранд слэмдегі жүлдеңіз құтты болсын! Ересектер арасында Үлкен дулыға санатындағы турнирде алған алғашқы жүлдеңіз екен ғой…

– Дәл солай. Ересектер арасында бірінші жүлдемді Азия чемпионатында еншіледім. Ол кезде күміс медаль алғанмын. Ал Үлкен дулыға санатындағы жарыстарға осымен төртінші рет қатысып, төртіншісінде жолым болды.

– Жарыстың ұйымдастырылу деңгейіне қандай баға бересіз?

– Барлығы жақсы, өте жоғары өтті. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе. Былтыр қараша айында жарақат алып, қолымды емдеуге біраз уақыт кетті. Содан бері қатысқан екінші турнирім. Мұның алдында Тбилисидегі аламанда бақ сынағанмын.

– Мықты деген қарсыластардың алдын орап кеттіңіз. Мамандар сізді болашағынан зор үміт күттіретін спортшы деп жатыр.

– Екінші кездесуімде өте тәжірибелі израильдік Шира Ришониды жеңдім. Ол әлемдік рейтинг 6-орында тұр. Бұған дейін одан жеңіліп қалғанмын. Қола жүлде үшін күресте 28-орындағы ресейлік Сабина Гилязовадан  басым түстім.

Әр қарсыласқа жеке-жеке дайындалдық. Оларды зерттеп, кемшіліктерін тиімді пайдаланудың жолдарын іздедік. Тек тәжірибенің аздығы көрінді. Осылай әртүрлі жарыстарға қатысу арқылы әлі де шыныға түсемін деп үміттенемін.

Жалпы, осы турнирде ұлдарға қарағанда қыздар құрамасы жақсы өнер көрсетті. Ұлан-Батырға жеті қыз бардық. Екі қыз үшінші орын, екі қыз бесінші орын және екі қыз жетінші орын алды. Бұл біздің қыздар дзюдосында бұрын-соңды болмаған нәтиже.

– Галбадрах Отгонцэцегтің бұрынғы салмағында белдесесіз. Екеуара қарым-қатынасыңыз қалай?

– Бұрын белдесіп, жеңіліп қалғанмын. Одан кейін жарыстарда жолымыз түйіскен жоқ. Бірақ Моңғолиядағы додада көп көмегі тиді. Менімен бірге жаттығу жасап, ақыл-кеңесін айтты. Қарым-қатынасымыз да жақсы.

– Бұрын қазақ қыздарының арасында Гүлжан ғана жүлдегерлер қатарына еніп жүретін. Қазір көбейе бастады. Не өзгерді?

– Жаттығудың, бапкерлердің дұрыс тактикасының арқасы. Қазір күніне үш рет жаттығу жасаймыз. Бастысы, қазақ қыздарының бойында жеңіске деген сенім артқан сияқты. Яғни әлемдік аламандарда үздіктер қатарына кіре алатынын түсінді.

– Қазір сіздерде демалыс па?

– Жоқ, біз Моңғолиядан келісімен оқу-жаттығу жиындарына кірісіп кеттік. Себебі 6 шілде күні Венгрияға аттанамыз. Ол жақта кезекті Гранд Слэм жарысы күтіп тұр.

– Азия ойындары келесі жылға қалдырылғанмен, биыл өзге де маңызды аламандар бар. Негізгі мақсат қандай?

– Тамызда елордада Азия чемпионаты ұйымдастырылады. Әлем чемпионаты тағы бар. Осы аламандарда барымызды салатынымыз анық. Жастар арасында әлем чемпионатының жүлдегері атанған алғашқы қазақ қызымын. Енді ересектер арасында да сол нәтижені қайталауға бел буып отырмын.

– Оқырманға өзіңіз жайлы аз-кем ақпарат бере кетсеңіз.

– Атырау облысының тумасымын. Спортпен айналысқаныма 13 жылдай болды. Анам мені төрт жасымда көркем гимнастика үйірмесіне апарған. Бірақ үйірме жабылған соң, дзюдоға ден қойдым. Аяқ-қолдарым қайта-қайта шығып кете беретін. Сондықтан анам көпке дейін қарсы болды. Алайда дзюдоның ұнайтынын айтып, алған бетімнен қайтпай қойдым.

– Есіміңіз де ерекше екен. Не мағына білдіреді?

– Әкемнің әжесі қойған. Ешкімге ұқсамасын деген екен. Атым араб тілінен алынған – «тасты жарып шыққан бұлақ» деген мағына білдіреді.

Әңгімелескен Мәдина АСЫЛБЕК

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button