Бір атаның балалары доп тепті
Тараз қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз Аренада» шағын футболдан «Бір атаның балалары футбол ойнайды» атты отбасылық командалар арасындағы республикалық турнир өтті.
Аталған доп додасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбайұлының бастамасымен бұған дейін қанатын кең жайып, дәстүрлі түрде өткізіліп тұрған-ды. Өкінішке қарай, соңғы екі-үш жылда ұйымдастырылмай, ұмытыла бастаған еді. Алайда, ардагер спорт журналисінің бастамасымен турнир қайта қолға алып, тынысын ашты. Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен жоғары деңгейде ұйымдастырылған жарыс Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналды.
«Бір атаның балалары футбол ойнайды» турнирі – баламасы жоқ отбасылық жарыс. Бұл жолы жергілікті отбасылардан бөлек, Алматы, Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда облыстарынан 48 команда қатысты. Көкеев, Мәулен-ата, Ешенқұл-ата, Қылишаев, Қайыпбергенов сияқты бірнеше отбасыдан 300-ден аса атасы мен әкесі және балалары мен немерелері бар командалар келді. Бұл – рекордтық көрсеткіш», деді Н.Жүнісбайұлы.
Журналист жазушының айтуынша, еліміздің футболы, егемендігімізге 30 жыл толса да, сол бойы қалып келе жатыр. УЕФА-ның құрамына кіргенімен, еуропалық барлық турнирлерде қап-қап доп арқалап, жеңілістен көз ашпаудамыз. Осының барлығы халықтың намысына тиетіні сөзсіз. Олай болатын болса, құрама намысын қорғайтын футболшыларды осы «Бір атаның балалары футбол ойнайды» атты турнирден тауып, тәрбиелейміз ғой деген үмітіміз дежоқ емес.
«Осы жарысты жыл сайын Тараз қаласында ұйымдастырсақ деген ниетіміз бар. Жалпы, отбасылық турниріміз – жай ғана турнир емес, ол жастардың тәрбиесіне орасан зор ықпал ете алатын бірегей спорт додасы. Бұл турнир – тәрбие құралы. Отбасылық турнирде жеңімпаз атану маңызды емес. Ең бастысы, саламатты өмір салтына деген ниет күшейсе дейміз. Олай болса, сіз бен біздің мақсатымыздың бір арнада тоғысқандығы, арманымыздың орындалғаны. Іргелі іске қолдау көрсеткен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа, облыстық Спорт департаментіне және барша азаматтар үшін алғыс айтамын», деді ардагер қаламгер.
Ал «Анаға тағзым» орталығының басшысы Эльмира Мырзағали жеңімпаз команда – Көкеевтер отбасына Жамбыл Жабаевтың суреті бейнеленген кілемді сыйға тартты: «Киелі Тараз топырағында екі күн бойы өткен футбол мерекесінде жетісулық Көкеевтер командасы жеңіс тұғырына шықты. Аталған отбасына құрмет көрсетіп, Жамбыл бабамыздың суреті бейнеленген кілемді сыйға тарттым. Шіркін-ай, осы командадағы шебер үш ойыншының анасы Сәуле ханым сыйлыққа қол созбас бұрын ұлы бабасының суретіне қарап сәлем салғанда, ішім одан бетер жылып кетті. Жамбылдың 175 жылдығында Әулиеатада өткен жарыстан тәбәрік болсын деп ала келген тартуымның Алматы облысы, Жамбыл ауданының тумаларына, оның ішінде Жамбыл Көкеевтей футболшының анасына бұйырғанына разы болдым. Жүзінен нұр төгілген ананың ниеті ұлдарын әлі талай шыңдарға шығаратынына шүбәсіз сенемін», деді Э.Мырзағали.
48 команда 16 топқа бөлініп, әрбір топтан бір ғана команда 1/8 финалға жолдама алды. Әрі қарай, олимпиадалық жүйемен жеңімпаз анықталды. Финалда осы турнирдің тырнақалды додасында жеңімпаз атанған, одан кейін бірнеше рет жүлдеге іліккен Көкеевтер (Алматы облысы) отбасы жеңіске жетіп, бас бәйгені иеленді. Ақтық сында олар Мырзабековтер (Түркістан облысы) әулетін 3:0 есебімен жеңіп, осымен турнирдің алты дүркін жеңімпазы атанды. Ал үздік үштіктен Иманқұловтардан (Алматы облысы) 1:0 есебімен басым түскен Қылишаевтар (Маңғыстау облысы) командасы көрінді.
Бірнеше аталымда үздіктер анықталып, олардың бәріне сыйлықтар тапсырылды. Атап айтқанда, отбасылық теңбіл доп турнирінде «Ең жас ойыншы» – небәрі сегіз жастағы Жәңгір Көкеев, «Егде ойыншы» – «Қобыланды батыр» командасының мүшесі Әзімбек Тілешов, «Ең үздік қақпашы» – Сүлей әулетінен Дүйсенбай Бөлегенов, «Ең үздік қорғаушы» –Иманқұловтар отбасының мүшесі Диас Ғабитұлы, «Ең үздік шабуылшы» маңғыстаулық Азамат Леспаев лайық деп танылды. Сонымен қатар, өз командаластарына, бауырларына жанкүйер болып келген балалар мен аналарға да сыйлықтар беріліп, турнир жоғары деңгейде өтті.