Басқа спорт түрлеріСаламатты Қазақстан

Кремль кубогы үшінші мәрте Қазақстанда

Дүбірлі жарыстың атақ-даңқы спорт жанкүйерлеріне жақсы таныс. Қазақстандықтар да Кремль кубогына соңғы жылдары тұрақты қатыса бастады. Атап айтар болсақ, бұған дейін екі бірдей талантты спортшымыз Кремль кубогын қанжығасына байлап, айды аспанға шығарыпты. Қаныбек Сағындықов – 2005, ал Әлихан Қаранеев 2010 жылы жеңіс тұғырына көтерілді. Енді, міне, үшінші мәрте Кремль кубогы Қазақстанға келді.

Жақында ғана Мәскеуде аяқталған Кремль кубогына әлемнің 9 елінен, атап айтқанда, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Украина, Беларусь, Корея, Өзбекстан, Молдова, Армениядан 392 саңлақ келді. Бұлардың бәрі өз елінде бәйгені шаппай алып жүргендер. Дүбірлі дода 3 пән (біріктірілген пирамида, еркін пирамида, бассейн) бойынша өтті.
Қазақстаннан барған 11 спортшы өз өнерін, шеберлігін ортаға салды. Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының мүшесі, екі дүркін әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ернар Шымбаев бұл жолы да тактикалық шеберлік таныта білді. Ол қарсыластарын басымдықпен жеңе білді. Ақтық сында қырғызстандық Дастан Лепшақовты 5:2 есебімен ұтып, мәртебелі кубокты иеленді. Екі үшінші орынға ресейлік пен қырғызстандық ие болды.
Бильярд спорты елімізде қарышты дамып келеді. Қазақстан Республикасы Бильярд спорты федерациясының өркендеуіне оның президенті Аңсары Қаранеев ерекше үлес қосып келеді. Бұл күндері бильярд спорты еліміздің барлық өңірінде дамып, онымен шұғылданатындар қатары күн сайын артып келеді. Мәселен, Өскеменде соңғы жылдары бірнеше дүбірлі жарыс өтті. ҚР Бильярд спорты федерациясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Серік Ақтановтың бастамасымен Өскеменде Азияның ашық чемпионаты, жақында ғана қоғам қайраткері, жазушы Қабдеш Жұмаділовті еске алуға арналған турнир өтті. Реті келгенде айта кету керек, еліміздің шығысындағы федерацияны да 2008 жылы Аңсары Қаранеев ашқан болатын. Аңсары Қаранеевтің бастамасымен әр өңірде халықаралық турнирлер өтіп тұрады. Кремль кубогының сыртында әлем, Еуропа біріншіліктерінде жеңіп алған жүлделер де қомақты.
Енді Ернар Шымбаев туралы айта кетейік. Аңсары Қаранеевтің пайымдауынша, Ернар сияқты ұлтын сүйетін, патриот азаматтар ел намысын абыроймен қорғай біледі. Ернар Сәбитұлы 2010, 2012 жылдары бильярдтан әлем чемпионы атанды. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, абсолютті жеңімпаз. Қазақстан мен Түрікменстанның құрама командаларын жаттықтырып жүр. Ернардың ізбасарлары алдағы уақытта да Қазақстанның көк туын желбірете бермек.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Қазақ спорты» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі

Басқа жаңалықтар

Back to top button