Күрес

Елімізде әйелдер күресіне басымдық беру керек

Саржан Жақсыбеков, әйелдер күресінен Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері:

 Елімізде әйелдер күресіне басымдық беру керек

 

– Аға, алдымен, мерейтойыңыз құтты болсын!

– Рақмет. Негізі туған күнім 8 қараша. Сондықтан осы күні атап өтемін. Ал құжат жүзінде 18 қараша деп жазылған. Дәулет Тұрлыхановтың туған күні де 18 қараша. Екеуіміздің туған күніміз құжат бойынша бір күнде.

– Ұзақ жылдар бойы әйелдер құрамасының тізгінін ұстадыңыз. Қазір зейнет жасындасыз. Бірақ залға барып тұратын сәттеріңіз бола ма?

– Үйімнің қасында өзімнің жеке залым бар. Грэпплинг, джиу-джитсу сияқты спорт түрлерінің өкілдері келіп те дайындалды. Өйткені еркін күрессіз оларға қиын. Қазір жиырмаға жуық баланы дайындаймын.

– Жақында Ослода әлем чемпионаты өтті. Теледидардан тамашалауға мүмкіндік болды ма?

– Иә, чемпионатты көрдік. Кезінде жастар құрамасында аға бапкер болғанымда өнер көрсеткен Жәмилә Бақбергенова күміс медаль алды. Жақсы балуан.

– Енді өткенге шегініс жасасақ, бапкерлік жолға қалай түстіңіз?

– 16 жасымнан еркін күреспен тұрақты айналыса бастадым. Сол кезде сыныптастармен бірге Нұркен Әбдіров атындағы Қарағандыдағы спорт комбинатындағы күрес секциясына жазылдық. Алғашқы бапкерім – Феликс Премильский. Кейін ол кісі Мәскеуге көшті. Ресейдің алтын дауысы атанған диктор. Өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап, барлық күрес жарыстарын жүргізген. Биыл 86 жасында коронавирустан қайтыс болды.

Спортшы ретінде екі рет Қазақстан чемпионатында топ жардым. КСРО халықтарының Спартакиадасына қатыстым. Одақ чемпионатында күміс жүлдегер атандым. 1977 жылы Алматыда өткен КСРО мен АҚШ құрамасы арасындағы матчтық кездесуде командаға алындым. Ол кезде 7:3 есебімен белдесу біздің пайдамызға шешілді. Спортпен бірге бапкерлікті қатар алып жүрдім. Өйткені сол тұста Қарағандыдағы дене шынықтыру институтының күндізгі бөлімінде оқитын едім. Алғашқы шәкіртім Қайрат Оспанов КСРО чемпионы атанды. Сонымен қатар жиырмаға жуық спорт шеберлерін дайындадым.

– Ал әйелдер күресіне келуіңізге не себеп болды?

– Феликс Премильский бапкерім Мәскеуге көшіп кеткенімен, байланысымыз үзілмеді. Сол кісі қыздарды жаттықтыруымды қолға алуға кеңес берді. Әйелдер күресінің болашағына сенді. Сөйтіп, жаңа ғасырдың басында жұмысты бастап кеттік. Кейін Қарағанды облысының аға бапкері болып тағайындалдым. 2004 жылы Елордадағы Олимпиада орталығының әйелдер бөлімінде жұмысқа шақырту алдым. Сол кездегі спорт агенттігінің төрағасы Дәулет Тұрлыханов сенім артты.

– Бұдан кейін Ұлттық құрамаға келдіңіз…

– 2006 жылы Дохадағы жазғы Азия ойындарының қарсаңында еліміздің қыздар құрамасын жаттықтыруға ұсыныс түсті. Ұзақ ойлана келе келісім бердім. Катар астанасында алғашқы жүлдеміз бұйырды. Алматылық Ольга Смирнова 55 келіге дейін салмақта күміс медальға қол жеткізді.

Келесі жылы, яғни, 2007 жылы Бакудегі әлем чемпионатына құраманы бастап бардым. Сол кезде жігіттер жағы сәтсіз өнер көрсетсе, қыздарымыз үш медальға ие болды. Ольга Смирнова мен Ольга Жәнібекова қола медаль иегері атанса, Елена Шалыгина әлем чемпионатының күміс жүлдегері болды. Сөйтіп, сол жылы мені Қазақстан бойынша «үздік жаттықтырушы» деп таныды.

– Енді Олимпиадаға тоқталсақ…

– Әйелдер күресі Олимпиада бағдарламасына 2004 жылы қосылды. Ол кезде 4 салмақ болған. Қазақстан әйелдер құрамасын алғаш 2008 жылы бастап бардым. Бейжіңге 4 салмақтың барлығында лицензия еншіледік. Бірден жүлдемен қайттық. Елена Шалыгинаны білесіздер, тұңғыш рет елімізге Олимпиаданың қола жүлдесін сыйлады.

– Кезінде құрамаға Шалыгина, Манюрова секілді легионерлердің келуіне ықпал еттіңіз. Қазір құрамаға сырттан спортшы шақыру қажет пе?

– Елена Шалыгина мен Гүзел Манюровадан бөлек, Жұлдыз Ешимова да бар. Ол өзіміздің қандасымыз. Қазақтың қызы. Қырғызстаннан алып келдім. Жеті жыл менің үйімде тұрды. 19 жасында «еңбек сіңірген спорт шебері» атанды. Екі мәрте әлем біріншілігінде жүлдегер болды. Өкінішке қарай, Олимпиада ойындарында бағы жанбады. Негізі өте мықты балуан. Кейіннен тұрмысқа шықты. Қазір қайтадан кілемге оралып жатыр. Жақында Қазақстан чемпионаты өтеді, соған қатысамын деді. Мен оған «ойлан» дедім. Негізі жасы 33-те. Шетелде мұндай жаста күресе береді. Манюрова 40 жасында Олимпиаданың жүлдесін алды ғой.

– Қазақстан әйелдер құрамасы Бейжіңнен бастап, қатарынан үш Олимпиада ойындарынан жүлдемен оралып жүрді. Бірақ биыл қыздарымыз бос қайтты…

– Рио олимпиадасында үш қызымыз үштікке ілінді. Олардың барлығы менің  тәрбиелеген қыздарым деп толық сеніммен айта аламын. Өйткені кезінде сол қыздардың бәрін әлемдік жарыстарға алғаш апарған өзім едім. Лондон олимпиадасында нәтиже көрсеткеніме қарамастан мені орнымнан алып тастады. Соған ренжулімін. Одан кейін Рио олимпиадасына Қайрат Сағадиев құраманы бастап барды. Бірақ оған да мүмкіндік бермеді. Не үшін орнынан кетіргені түсініксіз. Өте мықты, білікті бапкер еді. Оның үстіне құрамада былық көбейіп кетті. Соның салдарынан қаншама қыздар күрестен кетіп қалды.

Жалпы, елімізде  әйелдер күресіне басымдық беру керек деп ойлаймын. Алты салмақ бойынша жүлделер сарапқа салынады. Сол 2012 жылы салмақтардың көбейетінін білдім. Токиода алты жолдаманың жартысын ала алмадық. Елімізде лицензиялық әлем чемпионаты өтіп тұрып, жолдама толық жиналмады. Кемі бес жолдама керек еді. Сондықтан жүлде болмайтынын білдім.

– Гүзел Манюровамен құрама қыздары арасында неліктен кикілжің көбейіп кетті?

– Оны өзінен сұрау керек. Білетінім, ол әу баста, Айым Әбілдина, Айжан Исмағұлова сияқты қыздармен тіл табыса алмай, қырылысты. Олимпиада жүлдегері Екатерина Ларионованың әкесімен де біразға дейін барды. Қазір Гүзел қыздар күресі бойынша вице-президент қызметінен кетті. Бәлкім кейбір қыздар енді қайта кілемге оралатын шығар. Мәселен, Айжан Исмағұлова  Манюрова кеткен соң, қайта күресті жалғыстарамын деп отыр.

– Гүзелді Қазақстанға әкелген сіз емес пе?

– Мен басшылыққа ұсыныс жасадым. Олар қолдады. Гүзел спортшы ретінде еліміздің атын шығарды. Еңбегі ақталды. Екі Олимпада ойындарында да жүлдеге қол жеткізді. Алғаш елдегі әйелдер күресін аяққа тұрғызатын кезде сырттан спортшы шақыруға тура келді. Сондықтан олардың барлығының көмегі тиді. Бірақ Гүзел бапкер немесе басшы ретінде ештеңе бітірмеді.

Бір кездері екеуіміздің арамызда да кикілжің болғанын білетін шығарсыздар. Оның барлығы спорттағы басшылардың әрекеті деп білемін. Өйткені оны біреулер айдап салып қойды. Сондықтан оған ренжімеймін.

– Әйелдер күресі дегенде Жапония еске түседі. Олардың мықтылығы неде деп ойлайсыз?

– Күншығыс елінде оқу-жаттығу жиындарына бардым. Жапония әйелдер күресіне қатты мән береді. Шұғылданатын адам көп. Сондықтан таңдау мүмкіндігі жоғары. Бәсекелестік қалыптасқан. Бір салмақта бірнеше балуан бар. Олардың барлығына жағдай жасалған.

Қырғызстанда Айсұлу Тыны­бе­кованы көріп отырсыздар, екі дүркін әлем чемпионы атанды. Кезінде мен бапкер болып жүргенде келіп тұратын. Сол еңбекқорлығының арқасында осындай жетістікке жетіп жатыр. Бізге де сол қырғыздармен бірге оқу-жаттығу жиынын өткізу керек. Олардың әлемдік деңгейде үш балуаны жүр. Олардан қашпай, керісінше бірлескен оқу-жаттығу өткізіп, бірге дайындалған дұрыс. Кезінде олар бізден үйренсе, қазір алдымызға шығып кетті.

– Сөз соңында отбасыңыз туралы айтсаңыз?

– Жұбайым Айнаш екеуіміз төрт баланы өсірдік. Барлығы жоғары білім алды. Бірнеше немерем бар. Үлкен қызым Динара – суға секіруден спорт шебері. Кейін Спорт комитетінде жұмыс істеді. Қазір бала күтіміне байланысты үйде отыр. Ұлым менің жолымды қуып, әйелдер күресінен жаттықтырушы болған. Қазір Алматыда тұрады. Басқа қызметке ауысты.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен – Бек Төлеу

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button