Велошеру, фестиваль, чемпионат: Алматы облысында мереке күндері қандай іс-шаралар өтеді
Өңір тұрғындары мен қонақтарын концерттер, фестивальдер, турнирлер мен халықтық мерекелік бағдарламалар күтуде.
1-6 мамыр аралығында Алматы облысында Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде аталып өтеді. Бұл күндері өңірде ондаған мәдени, спорттық және жастарға арналған іс-шара ұйымдастырылады. Өңір тұрғындары мен қонақтарын концерттер, фестивальдер, турнирлер мен халықтық мерекелік бағдарламалар күтуде.

Қонаев қаласы
1 мамыр күні таңғы сағат 09:00-де Орталық саябақта Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған ауқымды велошеру басталады.

Сағат 09:30-да Орталық алаңда концерттік бағдарлама мен халықтық серуендерді қамтитын «Birlik» фестивалі өтеді.
1-3 мамыр аралығында ASP Club алаңында SHAKEFEST x ASP фестивалі ұйымдастырылады. Бағдарламада диджейлердің өнері, картинг, дрифт-шоу, бассейн, after party, фуд-аймақ және балаларға арналған ойын-сауық бар.

1-3 мамыр күндері Тамғалы Таста Tengri Ultra 2026 халықаралық трейлраннинг жарысы өтеді.
1-4 мамыр аралығында Спортты дамыту дирекциясында жасөспірімдер арасында баскетбол чемпионаты ұйымдастырылады.

Қарасай ауданы
1 мамыр күні Қаскелең қаласының Орталық алаңында мерекелік бағдарлама өтеді.

5-6 мамырда Қаскелең қаласындағы №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде «Ұстаз Барысы – 2026» қазақ күресінен турнирі ұйымдастырылады.

Талғар ауданы
1-3 мамыр аралығында Талғар қаласындағы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жасөспірімдер арасында қазақ күресінен республикалық турнир өтеді.

5-9 мамыр күндері Есет Нүсіпановты еске алуға арналған бокстан республикалық ашық турнир ұйымдастырылады.

Еңбекшіқазақ ауданы
1 мамыр күні Есік қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы Жастар паркінде концерт пен этномәдени орталықтардың көрмесі өтеді.
2 мамырда Қаракемер ауылында көкпар жарысы ұйымдастырылады.

4-6 мамыр аралығында Есік қаласында балалар арасында асық атудан чемпионат өтеді.

5 мамыр күні Шелек ауылында Отан қорғаушы күніне арналған PatriOt Fest жастар концерті өтеді.

Кеген ауданы
1 мамырда Кеген ауылының Орталық алаңында мерекелік іс-шара ұйымдастырылады.
2 мамырда Мәдениет үйінде «Тәңіртау таланттары» атты облыстық байқау өтеді.

4-6 мамыр аралығында мұғалімдер арасында шағын футболдан турнир өтеді.

Іле ауданы
1 мамыр күні Өтеген батыр ауылында «Достық алаңы» атты футбол турнирі және «Бірлікте – күш» атты концерт өтеді.
2-3 мамыр күндері ауыр атлетикадан жастар, ерлер және әйелдер арасында чемпионат ұйымдастырылады.

Ұйғыр ауданы
1 мамырда Шонжы ауылының Орталық алаңында мерекелік бағдарлама өтеді.
1-3 мамыр аралығында тоғызқұмалақтан балалар мен жасөспірімдер арасында облыстық чемпионат ұйымдастырылады.

Жамбыл ауданы
1 мамыр күні Ұзынағаш ауылында «Отаным – ортақ мекенім» атты мерекелік іс-шара және «Бейбітшілік бесігі» концерті өтеді.
6 мамырда Бауыржан Момышұлы атындағы әскери бөлімде жастарға арналған ашық есік күні ұйымдастырылады.

Райымбек ауданы
1 мамырда Нарынқол ауылында «Бірлігіміз жарасқан» атты салтанатты іс-шара және «Бірлік пен достық» тақырыбында сурет байқауы өтеді.
Балқаш ауданы
1 мамыр күні Бақанас ауылында «Қазақстан – татулықтың мекені» атты мәдени іс-шара ұйымдастырылады.
Алатау қаласы
1 мамырда Орталық алаңда «Ұлттар достығының ұлы мерекесі» атты концерт өтеді.
2-9 мамыр аралығында Асанов атындағы атқыштар клубында стендтік атудан Әлем кубогы ұйымдастырылады.




