ЖҮЗДЕН ЖҮЙРІК, МЫҢНАН ТҰЛПАР
АLTYN SAMǴAÝ-2021» ҰЛТТЫҚ СПОРТТЫҚ ЖҮЛДЕСІНІҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ұйымдастыруымен елордадағы Конгресс орталығында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Аltyn Samǵaý-2021» жүлдесін салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті. Жиынға Премьер-Министр Асқар Мамин, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және Қазақстан ҰОК басшысы Тимур Құлыбаев бастаған спортшылар мен жаттықтырушылар және спорт ардагерлері қатысты.
Пандемияға байланысты шектеулерге орай, жылдың спорттық оқиғаларын қорытындылаған іс-шара еліміздің үш қаласы – Нұр-Сұлтан, Алматы және Түркістаннан онлайн көрсетілім арқылы бір мезгілде өтті.
Салтанатты жиында сөз алған Премьер-Министр Асқар Мамин Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, мемлекет спортшыларға әрдайым қолдау көрсететінін айтса, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов ел намысын қорғап жүрген спортшыларға алғысын жеткізді. Ал Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова егемендік алғалы елімізде бірнеше спорт нысаны пайдалануға берілгенін, сол спорт кешендерінен болашақ Олимпиада чемпиондары шығатынына сенімді екенін және осындай жетістікке тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізіліп отырғанын айтты. ҰОК басшысы Тимур Құлыбаев спортшылардың табысы мен жеңісін мақтан ететінін, олардың жетістігі жас ұрпаққа үлгі болатынын атап көрсетті.
Сонымен, еліміздің түкпір-түкпірінен жанкүйерлер 22 қараша мен 6 желтоқсан аралығында өздерінің сүйікті спортшыларын Olympic.kz сайтында дауыс беру арқылы анықтады.
«Үздік спортшы» және «Үздік спортшы қыз» аталымында қысқы және жазғы спорт түрлерінен төрт жеңімпаз таңдалды. Токио-2020 Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов, каратэден Токио-2020 Олимпиадасының және әлем чемпионатының қола жүлдегері Софья Берульцева, сондай-ақ шорт-тректен Әлем кубогы кезеңдерінің жүлдегері Денис Никиша мен фристайл-могулдан әлем чемпионатының жүлдегері Юлия Галышева жүлде иегерлері атанды.
«Мені үздік спортшы деп танығаны үшін өте бақыттымын. Алайда, біздің спортшыларды түгел жеңімпаз деп есептеймін. Соңғы екі жыл барлығымыз үшін қиын болғаны жасырын емес. Жарыстар кейінге шегеріліп, тіпті, мүлде өтпей қалды. Айлар бойы жаттығу жасаудың өзі мұң болды. Сондықтан, бүгін чемпиондар мен спортшылар бас қосқан жиынға қатысу үшін үлкен абырой.
Мұндай байқауға алғаш рет қатысып тұрмын. Ұлттық спорттық жүлде барлық Олимпиада чемпиондары мен спорт ардагерлерінің басын қосатын бірден-бір жиын. Солармен бір қатарда тұру мен үшін үлкен мәртебе. Маған дауыс берген әрбір адамға алғыс айтамын. Біздің туымыз әлемдік жарыстарда көкке көтерілуі үшін мен әрі қарай еңбектенемін», – деді 2021 жылдың «ең үздік спортшысы» атанған Сәкен Бибосынов.
Қысқы спорт түрлеріндегі командалар Олимпиадаға дайындық үстінде. Олар қазіргі сәтте 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасына дайындалу. Сол себепті, салтанатты іс-шараға қатыса алмады.
«Маған дауыс берген баршаңызға алғысымды жолдаймын. Өкінішке қарай, біз осымен бірнеше рет еліміздегі ең басты оқиғадан сырт қалып жатырмыз. Біз қазір Олимпиада қарсаңындағы маңызды жарыстарда бақ сынаудамыз. Лицензия жолындағы турнирлер өтуде. Сондықтан, барша жанкүйерлерді бізді қолдауға шақырамын», – деді Юлия Галышева.
«Үздік жаттықтырушы» атағына бокстан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосыновтың жеке жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов пен шорт-тректен Қазақстан командасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбеков жазғы және қысқы спорт түрлері бойынша лайық деп танылды.
«Жылдың үздік командасы» аталымына биыл әлем чемпионатының жартылай финалына дейін шығып, төртінші орынға табан тіреген футзалдан Қазақстан құрамасы лайық деп танылды. Ал «Жыл жаңалығы» номинациясында каратэден Токио Олимпиадасына қатысушы әрі әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрқанат Әжіқанов топ жарды. Нұрқанат әлем біріншілігінде командалық сында да қола жүлде жеңіп алғанын еске сала кетейік.
«Үздік аймақ» аталымында өзгерістер бар. Биыл ұйымдастырушылар олимпиадалық спорт түрлері бойынша 36 ұлттық федерацияға тізгін беріп, үздік аймақты федерация өкілдері анықтады. Өте тартысты өткен дауыс беру нәтижесінде Алматы қаласы Алматы облысын бір ұпай басымдығымен ұтып, жеңіске жетті.
«Үздік ұлттық спорт федерациясы» аталымында Теннис федерациясы топ жарды. Жеңімпазды Қазақстанның ҰОК жанынан құрылған арнайы комиссия анықтап, аталған федерация барлық талап бойынша үздік шықты.
Паралимпиадалық спорт түрлері бойынша «Үздік спортшы» болып пауэрлифтингтен Токио-2020 Паралимпиадалық ойындарының жеңімпазы Давид Дегтяров танылды. Ал паралимпиадалық спорт түрлері бойынша «Үздік жаттықтырушы» атағына парадзюдодан Қазақстан командасының бас бапкері Жандос Қиянов қол жеткізді. Оның үш шәкірті – Әнуар Сариев, Дәулет Теміржанов және Зарина Байбатина Токио-2020 Паралимпиада ойындарында үш күміс медаль жеңіп алған.
Жылдың спорттық оқиғасын қорытындылаған кеште қазақстандық атлеттерді барлық жаттығу жиындары мен жарыстарға бастап апаратын кешенді-ғылыми топ мүшелері де ескерусіз қалған жоқ.
«Спорттық медицина бойынша үздік маман» номинациясы дәрігер Азамат Нұрматовқа берілді. Ол Токио-2020 ойындарында медициналық штабтың бас дәрігері ретінде жұмыс істеді, сондай-ақ Олимпиадаға дайындық кезінде спортшылардың қауіпсіздігін сақтау жөніндегі топтың құрамында болды.
Ұлттық Олимпиадалық комитеттің арнайы дәстүрлі жүлдесі – «Қазақстан спортының мақтанышы» отандық спорттың дамуына өлшеусіз үлес қосып, болашақ чемпиондарға үлгі атанған спортшылар мен қайраткерлерге тапсырылады. Биыл бұл жүлде грек-рим күресінен Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы, әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровке берілді. Жүлдені даңқты балуанның ұлы, бүгінде әкесінің атындағы спорт кешенін басқарып отырған Жандос Үшкемпіров алды.
Ресми марапаттау рәсімі аяқталған соң кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. Мархаба Сәби, Марсель, «Ninety One» тобы, Мәди Сыздықов және Сәкен Майғазиевпен бір сахнада спортшыларымыз да өнер көрсетті. Дзюдодан Қазақстан командасының көшбасшысы Елдос Сметов Сәкен Майғазиевпен дуэт айтса, спорт ардагері, су добынан Олимпиада чемпионы Сергей Котенков және батуттағы гимнастикадан команда үздігі Пирмаммад Алиев әнші Марсельмен бірге ән шырқады.