Саламатты Қазақстан

Дәстүрлі қысқы спартакиада өтті

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде профессорлар-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері арасында дәстүрлі «Денсаулық» қысқы спартакиадасы биыл да өз жалғасын тапты.

Дәстүрлі спорттық іс-шараның мақсаты – дене шынықтыру және спорттың көмегімен саламатты өмір сүру салтын насихаттау, оқытушылар мен қызметкерлердің спорттық шеберліктерін арттыру. Жалпы аталмыш білім ордасында бұқаралық спортты дамытуға баса көңіл бөлінеді. Осындай мақсаттарды көздейтін қысқы спартакиаданы университеттегі «Жәңгір хан» спорт клубы ұйымдастырды.
Жарысқа университет құра­мын­дағы бес институт пен бөлімдер­дің командалары қатысты. Коман­да­лар спорттың волейбол, футбол, бас­кетбол, үстел теннисі, жұптық үстел теннисі, көңілді сөре, пневматикалық қарудан оқ ату, шахмат, дартс, қол кү­ресі, шаңғы эстафетасы, арқан тарту секілді 12 түрінен өзара сайысқа түсті. Жалпы спорттың барлық түрі бойынша 300-ден астам адам жарысқа қатысты.
– Саламатты өмір салтын насихаттау, спорт саласын дамыту – университетіміздегі тәрбие жұмыстарының бір бағытын қамтиды. Дәстүрлі спартакиада да осы жұмыстардың аясында ұйымдастырылады. Әріптестеріміз осындай спорттық іс-шараларға белсене қатысады, – дейді Жәңгір хан университетінің ректоры Асқар Наметов.
Жұмыстан тыс уақытта спорттық жарыстардан қалыс қалмайтын аға оқытушы Қаржаубай Досов бұл жолы да «Индустриалды-технологиялық инс­титуты» командасындағы әріп­тес­терімен бірге спорттық шеберлігін шыңдады.
– Таза ауада денсаулығымызды нығайтып, спорттық жарыстарға қатыстық. Университетімізде спорттың бірнеше түрімен айналысуға барынша жағдай жасалған, осындай спорттық жарыстар жиі өткізіліп тұрады, – деді ғалым-ұстаз.
Спартакиаданы өткізу барысында санитарлық және карантиндік талаптар толығымен сақталды. Бірнеше күнге жалғасқан «Денсаулық-2022» спар­такиадасының қорытындысы бо­йынша спорт түрлерінен жүлделі орын­дарға ие болған командалар «Жәң­­гір хан» спорт клубының диплом­­дарымен және сыйлықтармен марапат­талды.

Анар САТҚАН,
БҚАТУ медиа-орталығының маманы

Басқа жаңалықтар

Back to top button