Саламатты Қазақстан

Қыдырбек РЫСБЕКҰЛЫ, спорт журналист: ДӘУЛЕТТІҢ АТЫН АЙТПАЙ ШАЙ ІШПЕЙТІНМІН

Елордадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде белгілі спорт журналисі Қыдырбек Рысбекұлымен кездесу өтті. Мектеп оқушылары қазақ спортының шежіресін жазып жүрген қаламгерге сауалдарын қойып, пікір алмасты.

Қыдырбек Рысбекұлы журналистикадан бөлек басшылық қызметте жүргенде 2000 жылы дәл осы мектептің директоры болған. Оның тұсында Мерей Ақшалов, Бақытжан Қожабеков, Ілияс Сүлейменов секілді боксшылар, Досжан Кәртіков, Алмат Кебіспаев секілді балуандар да түлеп ұшқан.
Аталған кездесу оқушылар алдымен журналист ағаларынан туған жері, өскен ортасы туралы сұрады.
«Мен Ақмола облысының Теңіз ауданында дүниеге келдім. Егер патшалық Ресей мен Кеңес үкіметінің озбырлығы болмағанда солтүстіктегі қазақтың 90 пайызы үдере көшпес еді. Менің ауылымда қазақтың үлесі 20 пайыздан аспады. Біз қазақи тәрбие алдық», деді ол.
Қыдырбек Рысбекұлының өмірінде даңқты балуан Дәулет Тұрлыхановтың рөлі зор. Екі құрдас сонау 80-жылдардың орта кезінен дос. Біреуі бозкілемде атой салса, екіншісі оның өнерін халыққа таныс­тырды. Кейіннен «Дәулет» атты кітап та жазып шықты.
«Дәулетпен 1986 жылдан бері араласамын. Бірінші кезекте мен Дәулеттің күресіне тәнтімін. Шәміл Серіковтен кейін ондай техникасы жетілген балуан көрген емеспін. 1988 жылы Сеул олимпиадасында кәрістер әділетсіздік жасағанын күллі ел көрді. Әйтпесе, Олимпиада чемпионы атанатын балуан. КСРО-ның жеті дүркін чемпионы атанды. Мұндай атаққа қол жеткізу өте қиын. 35 жылдан бері достығымыз үзілген емес. Бір кездері тіпті Дәулеттің атын айтпай шәй ішпейтінмін. Сосын өзі туралы кітапты жазуды маған сеніп тапсырды. Әйтпесе, ұсыныс айтқан жазушылар көп болды. Тек спорт туралы мақаламен шектеліп жүрген маған сенім білдіруі зор құрмет болды», деді ағамыз.
Қыдырбек Рысбекұлы – «Қазақ балуандары», «Қазақ боксшылары», «Қазақ олимпиадашылары» жинақтарының идея авторы және құрастырушысы, «Қазақтың 72 бапкері», «Дәулет», «Сұрмерген», «Бекзат», «Құзға біткен қарағай», «Тұлпардың тұяғы», «Манап мектебі», «Берікқазы», «Тұрлықан Қасенұлы», сонымен қатар сиясы әлі кеппеген «Қазақтың 90 бапкері» кітаптарының авторы.
Республикалық «Жас алаш», «Egemen Qazaqstan» газеттерінің спорт шолушысы, «Ер Дәулет» агенттігінің директоры (1984-99). 1999 жылы ҚР Туризм және спорт агенттігінің баспасөз хатшысы, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы республикалық спорт мектеп-интернатының директоры (2000-2006).
Сондай-ақ ол Оңтүстік Қазақстан облыстық спорт комитетінің төрағасы, республикалық спорт комитетінің орынбасары (2009), Алматы қысқы спорт мектебінің директоры, Алматы ат спорты мектебінің директоры секілді қызметтер атқарған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button