БАҚ өкілдері волейбол ойнады
Спорттық іс-шара 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орайластырылды
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен өткен MИИР PRESS CUP – 2022 турниріне республикалық БАҚ-тардан «Qazaqstan» РТРК, «Хабар» агенттігі, «Жетінші арна», «Еуразия – Бірінші арнасы», «Baq.kz» ақпараттық порталы, «Egemen Qazaqstan» және «Айқын» газеттерінің қыздар командасы қатысты.
Жеребе қорытындысы бойынша командалар екі топқа бөлініп, олардың жеңімпаздары финалда турнир кубогына таласты. Бас спорттық жүлде ақтық сайыста жеңіске жеткен «Qazaqstan» РТРК командасына бұйырды. Екінші орынды «Жетінші арна» қызметкерлері иеленді. Қола жүлде «Хабар» агенттігінің қоржынында. Жүлделі төртінші орын «Baq.kz» ақпараттық порталының аруларына тапсырылды. Жарысқа белсенді қатысқан «Еуразия – Бірінші арнасы» телеарнасы – «Көрермен көзайымы», «Egemen Qazaqstan» газеті – «Ең сүйкімді команда», «Айқын» газеті «Ең сұлу команда» аталымдарын иеленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Жарыс мақсаты – журналистер арасындағы достықты арттыру, Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтау. Спорттық сайыс болғандықтан саламатты өмір салтын насихаттау. Достық бар жерде – өсу бар, бірлік бар жерде – береке бар. Соны қолдап, бүгін осындай іс-шара өткізіп жатырмыз. Бұл жерде маңыздысы – жүлделі орын алу емес, осында келіп қатысу, бас қосып, бір-бірімен танысу. Біздің де ұйымдастырудағы мақсатымыз сол», деді ИИДМ баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан.
Айта кетерлігі, турнирге Qazaq geophysics және Kazakhmys barlau компаниялары қолдау білдірді. Ұйымдастыру жұмыстарына BAQ League журналистер лигасы атсалысты. BAQ League БАҚ ұжымдары үшін тимбилдинг. Бұған дейін мини-футболдан тоғыз маусым және волейболдан чемпионат өткізген. Жалпы алғанда, BAQ League маусымдарына Қазақстанның түрлі өңірлерінен 50-ден астам БАҚ-тан 700-ден астам журналист қатысты.