Саламатты Қазақстан

Жаңа қоғамның лайықты бастамасы

немесе Алматы облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Керімбекпен өңір жастарына арналған «Өмірлік бағдар» жобасы туралы сұхбат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы бейнесі. Өз елінің ертеңіне сенбеген халық мықты мемлекет құра алмайды… Біз келешегіміз кемел боларына және жарқын болашақты өз қолымызбен жасай алатынымызға сенеміз. Әрбір азаматтың конституциялық құқығы мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеміз. Мемлекет пен қоғамның өзара сеніміне және құрметіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастырамыз.
Маңызды шешімдер жұртшылықтың қатысуымен ашық қабылданады. Өйткені мемлекет әр азаматтың үніне құлақ асады. Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе әрдайым жоғары бағаланады», деді. Президенттің Қазақстан халқына арнаған тарихи наурыз Жолдауының жарияланғанына бір айдан асты. Аз ба, көп пе, ол жағын өзіңіз бағамдай беріңіз. Шөп басын сындырмай, аңдысын аңдып, қол қусырып отырғандар да бар… Десек те жұмыс істеп, қолға алған әрбір ісінен нәтиже көріп, көпшілікке бағыт-бағдар беріп жүрген іскер азаматтар да жетерлік. Солардың бірі Алматы облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Бақбергенұлы Керімбек екенін ашық айтқанымыз жөн. Оның Жаңа Қазақстанның жаңа азаматын тәрбиелеудегі игілікті істері кімге болса да үлгі боларлықтай.

– Облыстық ішкі саясаттың қоғамдағы атқарар еңбегі ұшан-теңіз. Оларды саусақпен санап шығу да мүмкін емес. Әсіресе Жаңа Қазақстанның жаңа қоғамын қалыптастыру да ішкі саясаттың төл міндеті екенін жақсы білесіз. Осы ретте Ішкі саясат басқармасы мемлекеттілік пен халық бірлігін қамтамасыз етуге бар күш-жігерін жұмылдырытыны айдан-анық. Сонымен қатар басқарма қоғамдық-сая­си тұрақтылықты нығайтуға, облыс тұрғындарының азаматтық белсенділігі мен әлеуметтік оң көзқарасын қалыптас­тыруға, азаматтық қоғам институттарын қолдау және дамытуға, аймақтық ақпараттық ауқымының бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге, өңірдегі этносаралық және конфессияаралық қатынасты нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясатты жүзеге асырады.
– Атқарылатын жұмыстың кең ауқымды екенін байқап отырмыз. Десек те облыстағы қоғамдық ұйымдардың сандық көрсеткіштеріне тоқталып өтсеңіз.
– Өңірде 105 ұлт пен ұлыстың өкілдері тұрады. Этномәдени орталықтың саны 68 болса, 462 белсенді үкіметтік емес ұйым бар. Аймақта «Ардагерлер одағының» 10 қоғамдық бірлестігі, 15 салалық кәсіподақ ұйымы, 70 жастар бірлестігі, 193 бұқаралық ақпарат құралы, 644 діни бірлестік пен филиалдары, 6 саяси партияның филиалдары жұмыс істейді.
– Түсінікті. Әр саланың өзіне тән жетістіктері бары даусыз. Біз солардың ішінен жастар тақырыбын бөліп алсақ. Себебі болашақ жастардың қолында деп бекер айтылмаса керек. Бірақ дәл бүгінгі күнде жастарымыз туралы айтылар проблема өте көп. Ең негізгісі, жастарымыздың көпшілігі жұмыссыз екені де рас. Тіпті оқыған, дипломдары бар азаматтардың өзі екі қолға бір күрек таппай жүргенін несіне жасырамыз. Осы тығырықтан қалай шығамыз, жолдары бар ма?
– Президентіміз өткен жылы Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында: «Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, осы маңызды міндетті шешумен айналысуы керек. Біз «Тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Бүгінгі таңда NEET санатындағы 237 мың жас оқу оқымайды, жұмыс та істемейді. Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы түседі. Олардың 85 пайызы – тұрмысы төмен отбасының балалары. Бұл жағдайды түзету қажет», – деді.
Президент тапсырмасын шешу мақсатында облыстық Ішкі саясат, білім, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары бірлесіп, Алматы облысының «Азаматтық Альянсы» мен «Қоғамдық келісім» орталығының, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, журналистерді қатарымызға қоса отырып, «Өмірлік бағдар» атты жобаны қолға алдық. Әрине балаларға кәсіби бағдар беруде білім басқармасы тарапынан да жұмыс жүргізіліп келді. Бірақ біз бұл жобаның жүйелі жүргізілгенін қаладық. Жалпы, баланың бойындағы қабілеттің қандай екендігін ұстаздан, ата-анадан артық ешкім білмейді. Сондықтан баламен сырласа отырып, оның ішкі жан-дүниесін жете танып, қандай мамандыққа бейімділігі барын анықтап, бағыт-бағдар беру қажет. Бір сөзбен айтқанда, қоғамда әркім өз ісімен айналысқаны жөн.
– Президент айтқандай, қоғам болып Жаңа Қазақстанды құруға бет бұрдық. Аталған жоба еліміздің жаңашыл жастарын қалыптастыруға ықпалы бар ма?
– Бұл Жаңа Қазақстанға тікелей қатысты. Жаңаша Қазақстанды қалыптастыру үшін жаңаша ойлау керек. Жаңаша ойлау үшін біз қөзқарасымыз­ды өзгертуіміз қажет. Ал көзқарасты өзгертетін – ол сана. Сананы құрғақ сөзбен өзгерте алмайсыз. Оған әсер ететін білім, бағыт, жаңа ақпарат. Сондықтан біз кәсіби бағдар беру арқылы ауылдағы, қаладағы жастарды өмірге деген жаңа бағытқа, шынайылыққа бұрғымыз келеді.
– Дұрыс екен. Осы ойларыңызды нақтылай түссеңіз.
– Облыс бойынша жастарға қанша мемлекеттік грант бөлінетіні, оның көп бөлігі қандай мамандыққа бағытталатыны, ауылдық квота кімдерге берілетіні туралы ақпарат қолымызда бар. Атап айтар болсақ, биыл білім басқармасы тарапынан кәсіби бағдар бағытында қысқа мерзімдік курстан өтуге 2000 грант бөліп отыр. Аталған грант мектептен тыс жүрген жастарға арналған. Мұнда жастарымыз күнделікті өмірге қажетті аспаз, шаштараз, наубайханашы, көлік жөндеуші, слесарь, дәнекерлеуші сияқ­ты мамандықтарды игеріп шығады. Олар оқу мерзімінде шәкіртақымен және жатақханамен қамтамасыз етіледі. Үш ай оқып, қолдарына белгілі бір мамандықтың сертификатын алған соң, жұмыссыз жүрген жастардың әрі қарай қоғамнан өз орындарын табатыны да анық. Қарап отырсаңыз, бұл арқылы мемлекет жастарға үлкен мүмкіндік жасап отыр. Осы сияқты Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы да жастар үшін 2500 грантты ұсынды. Мәселен, Ақсу қант зауытына 50 маман керек болса, кәсіпорын осыншама маманға сұраныс түсіреді. Білім басқармасы керекті қаражатты аударып, оларға керек маманды даярлап беруге мүмкіндік жасайды. Бұл жерде кәсіпорын да ұтады, мемлекет те тиісті мамандарды даярлап, жастарды жұыспен қамтиды. Сонымен қатар облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бұрыннан келе жатқан «Бастау» деген бағдарламасы бар. Ол арқылы ауылдағы жастардың 500 мың теңге қайтарымсыз грант алуына, 1 миллион теңгеге кәсіп ашуына мүмкіндік қарастырылған. Мұны ауыл жастарының негізі біле бермейтіні де өкінішті. Яғни ақпаратты білмейтін адам бекерге сабылып жүріп, уақытын кетіреді. Түсіне білген адамға уақыттан бағалы дүние жоқ.
– Үлкен істі бастаған екенсіздер, қайырын берсін. Аты айтып тұрғандай «Өмірлік бағдар» жобасы қалай жүзеге асады, кімдер қамтылады?
– Осы жоба арқылы өңір жастарын толық қамтуға тырысамыз. Облыста 754 мектеп болса, осының барлығына барып, 9, 10, 11-сынып оқушыларымен кездесу ұйымдастырамыз. Алдымен мектепте жалпы жиналыс өтеді. Одан соң әр баламен кездесіп, пікір алмасамыз. Сөйлесу барысында оның неге қабілеті барын байқап, болашақтағы мамандықты таңдауға көмектесеміз. Баланың өзімен сөйлескен соң, оның ата-анасымен кездесіп, пікір алмасамыз. Мәселен, баланың спортқа қабілеті болса, спорттық оқуларға жіберуге кеңес береміз. Спортшы болса ертең ел намысын қорғайтын чемпион болады немесе жаттықтырушы, ең аяғы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болатынын түсіндіреміз. Осылайша, ата-анаға да, балаға да өзара сөйлесу арқылы бағыт-бағдар береміз. Қолымыздағы бар ақпараттық нұсқауларды тапсырамыз.
Біздің жоба төрт аудиторияны қамтиды. Бірінші, нысаналы аудитория – 9, 10, 11 сынып оқушылары, екінші, олардың ата-аналары, үшінші, мұғалімі, төртінші, ауылдағы мектептен тыс жұмыссыз жүрген жастар. Білім басқармасы арқылы жұмыссыз жүрген жастарды үш айлық курстарда оқытып, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасаймыз. Кәсіпкерлік бағдарламасы арқылы грант алуға жол көрсетіміз, ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы субсидиялар берілетіні туралы ақпаратты жеткіземіз. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл ақпаратты ауыл халқына таратып, жастардың болашағына жол сілтейміз.
Облыста жыл сайын мектеп бітірген жастардың 20 пайызы орын тауып жатса, 80 пайызы адасып жүргені де шындық. Сондықтан бұл көрсеткішті азайтуымыз қажет. Ең болмағанда 50/50 пайызға жеткізсек деген ойымыз бар. Өйткені өмірде адасқаннан жаман дүние жоқ. Ол жағын да зерттеп көрдік. Бала егер сүйікті мамандығымен айналыспаса, университетте оқыған уақыт зая кетеді. Ақылы бөлімде оқыса, ата-
анасын шығынға батырады. Ұнатпаған мамандығымен жұмыс істей алмайды. Ақыры жұмыссыздар санын көбейтеді. Жұмысы жоқ жас отбасын да құра алмайды. Кеш үйленеді. Мұның бәрі неге әкеледі? Қоғамда жұмыссыз, билікке өкпелеген адамдардың қатарының артуына, ажырасудың көбеюіне әкеледі. Демек мұның салдары көп. Барлық мәселенің бастауы десек те болады.
– Жобаны қай уақытта қолға аласыздар?
– Жобаны қағазға сызу бар да, оны іске асыру бар. Жобаның негізгі алаңы мектеп болады. «Бір ауыл, бір мектеп, бір күн» деген ұстаным бойынша жұмыс істейміз. Мысалы, Талдықорған, Қапшағай қалаларында мектеп көп. Сондықтан кесте бойынша жұмыс істеп, қаладағы барлық мектепті он күн ішінде толық қамтып өтеміз. Себебі бұл жерде бір емес, бірнеше топ жұмыс істейтін болады. Жобаны сәуір айында жүзеге асырмақшымыз. Жобаның бірінші кезеңі сәуір айында, екінші кезеңі қазан айында жүзеге асырылады. Демек біз жылына екі рет мектеп оқушыларына бағыт беріп отырамыз. Бұл жүйелі әрі кешенді түрде жалғасын табады. Ауылдарға кімдер барады дегенге келсек, Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, колледждердің басшылары, оқытушылар, кәсіби бағдар беру бағытында жұмыс істейтін мамандар, еріктілер мен жергілікті жерлердегі тәжірибелі ұстаздары да кеңінен қамтылады. Әр ауданда үздік педагогтер бар. Зейнеттегі елге сыйлы ұстаздар да көп. Ол кісілер жастар алдында сенімді сөйлейді және бағыт беруге көмектесе алады. Кәсібімен белгілі нәтижеге жеткен кәсіпкерлерді ауыл жастарымен кездестіріп, еңбегін үлгі-өнеге ретінде насихаттасақ дейміз. Өйткені кез келген істе адам еңбек арқылы ғана нәтижеге жетеді. Сондықтан жоба жұмысына еңбек адамдарын да іске тартамыз. Мақсатымыз – тек бағыт-бағдар беріп қою емес, жастардың ой-өрісін кеңейтіп, көздерін ашу екенін де естен шығармаймыз. Жаңа қоғамның жастары қандай болу керектігін де түсіндіреміз.
Негізінен «Өмірлік бағдар» жобасы баланың өзіндік таңдау жасауына мүмкіндік ашып, демеп жіберу, көмектесу, бағыт-бағдар беру үшін жасалып отыр. Алдағы уақытта бұл жоба сәтті іске асып жатса, өзге облыстарға үлгі ретінде таратсақ деген ойымыз бар. Осы алдымыз­дағы 20 мамырда Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті VII шақырылымдағы Парламент Сенатының негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Жаңа Қазақстан: жастар және жаңғыру» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өтеді. Сонда Алматы облысының атынан осы «Өмірлік бағдар» жобасын ұсынбақпыз.
Облыста Ішкі саясат басқармасының бастамасымен дүниеге келген «Өмірлік бағдар» жобасы өз жұмысын сәтті бастады. Жастардың талабына қанат бітірген жобаның әр қадамына сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен
Мәулетхан БАРСАҒАЗЫҰЛЫ,
«Қазақ спорты» газетінің өз тілшісі

Басқа жаңалықтар

Back to top button