Мергендер батырды еске алды
Төлеуғали Әбдібеков! Бұл есім көпшілікке жақсы таныс болса керек. Атақты сұрмерген 1916 жылы Семей облысы Жарма ауданы Қапанбұлақ ауылында дүниеге келген. 1937 жылы әкесінің інісімен бірге Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауылына көшіп барады. Туыстары сол жақты мекендеген екен.
Ауылда өскен азамат түрлі жұмыстарды атқарады. Азаматтық борышын 1938-1940 жылдары Хабаровск өлкесінде өтейді. Ұлы Отан соғысы басталысымен майданға аттанады. Төлеуғали ағаның майдандағы ерлігі жас ұрпаққа үлгі-өнеге. 8-ші гвардиялық атқыштар полкінің екінші атқыштар ротасының сұрмергені бола жүріп екі жылға таяу уақытта жаудың 397 сарбазы мен офицерін ажал құштырған. Өкінішке қарай, батырдың бұл ерлігі түрлі себептермен ескерілмеді. Арада ұзақ жылдар өткен соң ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев батырға «Халық қаһарманы» атағын берді. Бұл хабарға қазақ елі қатты қуанды.
Жақында батыр туған Жарма ауданында 63 жастан асқан зейнеткерлер арасында сұрмерген Төлеуғали ағаны еске алуға арналған пневматикалық мылтықпен оқ атудан ардагерлер арасында аудандық турнир өтіп, 11 ауылдық округтің 17 мергені күш сынасты. Жарыс тартысты өтті. Бірінші орынды Бірлікшіл округінен келген Рымбек Нұртаза алса, одан кейінгі орындарға Тілектес Шалжиев, Шоқан Өмірзақ, Төлеубек Қасенов ие болды.
Жүлде алғандар грамота, бағалы сыйлықпен марапатталды. Жарма ауданында бұқаралық спорттың қанат жайып келе жатқаны көпке мәлім. Жармалықтар жыл сайын өтетін облыстық халық ойындарында жүлдегерлер сапынан көрініп келеді.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Қазақ спорты» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы
меншікті тілшісі
Шығыс Қазақстан облысы,
Жарма ауданы