Шығыстың шымыр қыз-жігіттері Қысқы Олимпиадада сынға түсуге тас-түйін дайын
Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарына да аз уақыт қалды. Аманшылық болса, 2022 жылдың 4 ақпанында Қытай астанасында Ақ Олимпиаданың алауы жағылады.
Дүбірлі дода он жеті күн бойы спорт сүйер қауымның ұйқысын қашыратыны сөзсіз. Рас, қазіргі таңда әлем халқы көрші мемлекеттегі адам құқығын аяқасты ету, ұйғыр, қазақ, қырғыз,өзбек, басқа да ұлт өкілдерін түрлі сылтауларды желеу етіп, лагерьлерде қамау, зорлық-зомбылық жасау әрекеттеріне наразылық білдіруде.
Бір ғана мысал. АҚШ, Австралия, Ұлыбритания және басқа да алпауыт елдер қазірдің өзінде дипломатиялық бойкот жариялап, жоғары шенді шенеуніктерін Олимпиадаға жібермеу туралы шешім шығарды.
Қалай дегенде де, спорт – бейбітшілік пен достықтың негізін қалайтын, мемлекеттерді бір-бірімен татуластыратын сәтті қадам. Пандемия өршіп тұрса да Олимпиада өтеді. Алайда, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға Қытай мемлекеті уәде беріп отыр.
Қызығы көп қысқы спортқа елімізде қыруар қаржы бөлінгенімен, нәтиже төмен. 1994 жылы Норвегияның Лиллехамер қаласында өткен Олимпиада ойындарында атақты шаңғышымыз Владимир Смирнов айды аспанға шығарып, бір алтын, екі күмісті Қазақстан қоржынына салған еді. 1998 жылғы Жапонияның Нагано қаласында Людмила Прокашева қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, Владимир Смирновтың да қанжығасы кезекті рет қола медальмен толықты. 2010 жылы Ванкуверде Елена Хрусталева ел абыройын асқақтатып, күміске қол жеткізді. Сочиде мәнерлеп сырғанаудың шебері Денис Тен жасындай жарқылдады. Ал осыдан үш жыл бұрын Кореяның Пхенчхан қаласында Юлия Галышеваның қола медалін қанағат тұттық. Барымыз осы ғана.
Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысынан онға тарта саңлағымыз Қытай еліндегі дүбірлі додаға дайындық үстінде. Әсіресе фристаилшылар – Аяулым Әміренова, Юлия Галышева, Дмитрий Рейхерд, Павел Колмаков, Сергей Романов, Олеся Граур, Анастасия Городко, шаңғымен трамплиннен секіруден Сергей Ткаченко сынды спортшыларымызға сенім артып отырған жайымыз бар. Егер алдағы лицензиялық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетсе Иван Люфт, Камила Махмутова сияқты шаңғышыларымыз бен Галина Вишневская, Елизавета Бельченко сынды биатлоншыларымыз да Қытай астанасына жолы түсіп қалар деген үмітіміз бар. Бұлардың қатарына Данил Сысоев пен Захар Кучин сияқты тау шаңғысының шеберлерін де қосуға болады.
Біз спортшыларға барлық жағдайды жасаудамыз. Олардың жаттығуларына, шетелдерде тәжірибе жинауына, дүбірлі додаларға қатысуына мол қаржы бөлдік. Бір ғана мысал. Мәселен, Юлия Галышева ай сайын 455052 теңге қаржылай көмек алады. Галина Вишневскаяның алатын қаржысы айына 212 мың теңге. 13 спортшыға қаржылай көмек жасадық. Енді олар Олимпиадада тамаша өнер көрсетіп, еліміздің абыройын асқақтатып жатса нұр үстіне нұр болар еді, – дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Досжан Уәлханов.
Оңдасын Елубай,
«Қазақ спорты» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы өз тілшісі