Анна алға жылжыды
Дүниежүзілік теннис ассоциациясы дүйсенбі күні әлемдік рейтингті жаңартты. АУстралия ашық біріншілігінен кейін түзілген тізімде қазақстандық Анна Данилина 28 сатыға бір-ақ көтерілді.

Анна Данилина Аустралияның ашық біріншілігінде жұптық сайыстың финалына шыққан болатын. Бразилиялық бойжеткен Беатрис Майямен бірге өнер көрсеткен отандасымыз финалда чех қыздарынан ұтылып қалды. Дегенмен осы нәтижеден кейін Анна жұптық рейтингте 25-орынға тұрақтады. Ол осыған дейін 53-орында болған.
Жекелей сайысқа келсек, ерлер арасында Новак Джокович бірінші орнын сақтап қалды. Аустралиядағы турнирдің финалында ойнаған ресейлік Данилл Медведев екінші, Александр Зверев (Германия) үшінші орында тұр. Қазақстан теннисшілерінің ішінде ең жоғары тұрған Алесанлр Бублик – 35-орын.
Қыздар арасында аустралиялық Эшли Барти көш бастап тұр. Ол өткен аптада ғана Аустралияның ашық турнирінде топ жарды. Екінші орында Беларусь бойжеткені Арина Соболенко. Үздік үштікте чех теннисшісі Барбара Крейчикова.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина әзірге 12-орында. Юлия Путинцева 42-ші, Зарина Дияс 118-орында.



