Рината Сұлтанова Қазақстанға Азиаданың екі бірдей жүлдесін сыйлады
Қазақстанның велоспорттан ұлттық құрамасының көшбасшысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Рината Сұлтанова XX жазғы Азия ойындарында отандық спорт тарихына жаңа бет қосты. Спортшының қоржынында екі жүлде бар: тас жолдағы жеке уақытқа жарыстағы «алтын» және велотректегі омниумдағы «күміс».
Тректе жеңіп алынған медаль Қазақстанның тәуелсіздік тарихында Азия ойындарындағы трек жарыстарында әйел велошабандоз иеленген алғашқы жүлде болды. Бұған дейін Азия ойындарының трек ареналарында Қазақстанға жүлделі орындарды тек ер спортшылар әкелген.
Сұлтанова алғашқы жүлдесін Нагояда өтіп жатқан Ойындарда Қазақстан құрамасына алғашқы алтынды сыйлаған тас жолдағы жеке уақытқа жарыста жеңіп алды. Кейін спортшы велотректегі омниумда (көпсайыс) өнер көрсетті. Бағдарламаның алғашқы түрі — скретчте жеңіске жетіп, төрт жарыстың қорытындысы бойынша 133 ұпай жинаған Рината Жапония чемпионы Юми Кадзихарадан небәрі үш ұпайға қалып қойды.
Қазақстанның Велоспорт федерациясының (ҚФВС) баспасөз қызметіне берген сұхбатында Рината Сұлтанова былай деді:
Тас жолдағы жарыстағы жаттықтырушылар штабының рөлі туралы:
«Азия ойындарының чемпионы атанғанымды ел әнұраны шырқалып жатқанда, тұғырда тұрған сәтте түсіндім. Алдыма қойған мақсатыма жеттім. Ең алдымен жеңіске жетуге менің табандылығым, шыдамдылығым және тәртібім көмектесті. Әрине, күн сайын осы ортақ нәтижеге жұмыс істеп жүрген барлық мамандар мен қызметкерлердің де еңбегі зор. Мәре сызығын кескеннен кейін мені бірінші болып Александр Яковлевич Шефер құттықтады. Ол жарыс барысында рация арқылы мені осы жеңіске жетеледі. Сол үшін оған үлкен рақмет айтамын».
Велотректегі серпіліс туралы:
«Жүлделі орын үшін күресе алатынымды білдім. Скретчтен кейін бұл маған үлкен күш беріп, шынымен тұғырға көтеріле алатыныма деген үмітімді арттырды. Ұпайлар жарысына үшінші болып келдім және осы үшінші орынды сақтап қалғым келді. Бірақ өзім күткеннен де жоғары нәтиже көрсете алдым. Қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Бір нәрсе жетіспеді деп айта алмас едім, өйткені мен бәрібір негізгі дайындықты тас жолдағы жарыстарға бағыттадым, ал трек қосымша бағыт болды. Әрине, тас жолдағы алтын мен үшін қымбатырақ, себебі негізгі мақсатым мен басымдылығым тас жолда болды. Ал бұл менің қосымша бағытым еді, сондықтан мұндай нәтиже өте қуантады».
Елдегі әйелдер велоспортының дамуы туралы:
«Әзірге өмірімде өзгерістерді сезіне қойған жоқпын — мүмкін, оларды үйге барғаннан кейін сезінерміз. Мен үшін ең бастысы — Қазақстандағы әйелдер велоспортының бағыты одан әрі өсіп, дами беруі».
Жүлделерін арнауы және алдағы жоспарлары туралы:
«Бұл күмісті өз еліме, отбасыма, әрине, жолдасыма және барлық спортшыларға арнаймын! Әзірге ұзақ мерзімді жоспар құра алмаймын. Қазір ең басты тілегім — сәл демалып, ұлыммен уақыт өткізу және ештеңе туралы ойламай демалу».
ҚФВС Рината Сұлтановаға, жаттықтырушылар және медициналық штабқа атқарған жұмыстары үшін алғыс білдіреді.
Осы қарқыннан таймаңыз!
АНЫҚТАМА: Рината Сұлтанова
Туған күні және жері: 1998 жылғы 17 наурыз, Екібастұз қаласы (Павлодар облысы).
Спорттық атағы: ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері (ХДСШ).
Қазіргі командасы: UAE Development Team.
Мамандануы: тас жолдағы велоспорт (жеке уақытқа және топтық жарыстар), трек (омниум, темптік жарыс түрлері).
Негізгі жетістіктері:
* Азия ойындары – 2026 (Нагоя): «Алтын» (тас жол, ITT), «Күміс» (трек, омниум).
* Азия ойындары – 2023 (Ханчжоу): «Қола» (тас жол, ITT).
* Азия чемпионаттары: тас жолдағы Азияның бірнеше дүркін чемпионы (2022, 2024–2026) және тректегі Азия чемпионаттарының жүлдегері.
Қазақстанның Ұлттық велосипед спорты федерациясының бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, серіктесі — SportQory спортты қолдау қоры.



