Дзюдо

Дзюдодан Қазақстан жастар құрамасы Еуропа кубогын алты медальмен аяқтады

Қазақстандық жас дзюдошылар Еуропа кубогынан алты медаль ұтып алды.

ҚР ҰОК мәліметінше, Австрияның Грац қаласында дзюдодан жастар арасында Еуропа кубогы өтті. Қазақстан жастар құрамасы аталған доданы екі алтын, екі күміс және екі қола медальмен аяқтады.

Атап айтқанда, жастар ұлдар құрамасынан 60 келіде Нұрқанат Серікбаев, 66 келіде Нұрсұлтан Зайзағалиев жарыста қарсылас шақ келтірген жоқ. 60 келіде Мерей Марханбетов пен қыздар арасында 78 келіден жоғары салмақта белдескен Аида Тойшыбекова Еуропа кубогының күміс жүлдесіне ие болды. Ал ұлдар арасында 81 келіде татамиге шыққан Максим Мейірлан мен қыздар арасында 63 келіде бақ сынаған Есмигүл Куюлова қоржынды қос қоламен толықтырды.

Нәтижесінде Қазақстан жастар құрамасы Австрияда өткен Еуропа кубогын жалпы командалық медаль кестесінде Жапониядан кейінгі екінші орынға тұрақтады.

Айта кетерлігі, Қазақстан жастар ұлдар құрамасын аға жаттықтырушылар Азамат Мұқанов мен Айбек Имашев жаттықтырса, қыздар командасын Арсен Хатип пен Нұрбек Мықтыбеков баптап барды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button