БастыБоксСұхбат

Қайрат Сәтжанов, бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері: Жыл басында проблемалар болды, барлығына түсіністікпен қарадық

Жақында еліміздің бас қаласында бокстан «Елорда кубогы» сарапқа салынады. Оған қатысуға алыс-жақын елден мықты деген құрамалар өтініш түсірген. Байрақты бәсекенің алдында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжановпен сұхбаттасқан едік.

– Ұлттық құраманың «Елорда кубогына» дайындығы қандай?
– 14 маусымда осында жиналдық. Бірден жаттығуды бастап кеттік. Екі апта дайындаламыз. Қазіргі кезде Жапония, Қырғызстан құрамалары жүр. Алда Куба, Өзбекстан, Қытай боксшылары келеді. Жалпы бұл жарысқа 10 елдің спортшылары қатысады.
– Қазақстаннан кімдер сынға түседі?
– Былтыр Қазақстан чемпионатында жартылай финалға дейін жеткен боксшылардың барлығына мүмкіндік беріліп жатыр. Әр салмақта 4 боксшыдан өнер көрсетеді. Үздіктердің бәрі қатарда. Олимпиада ойындарының жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов бастаған жігіттердің ешқайсысы додадан тыс қалмайды.
– Абылайхан Жүсіпов, Әбілхан Аманқұл секілді жігіттер кәсіпқой бокста жүр. Олардың орнын кім басады?
– Жастардан келіп жатқан боксшылар бар. Мысалы, Сабыржан Ақхалықовты айтуға болады. Аслан­бек Шымбергенов ұлттық құрама капитаны. Құрамадағы жігіттердің кез келгені осал емес.
– Биыл Қытайдағы Азия ойындары кейінге шегерілді. Бұл жоспарларыңызды өзгертті ме?
– Әлбетте, жыл басында жоспар жасалады. Сол бойынша оқу-жаттығу жиындарына барып, жарыстарға қатысатынбыз. 2022 жылы әлем, Олимпиада ойындары жоқ. Сондықтан бар күшті Азия ойындарына саламыз деп ойлағанбыз. Бірақ төрт жылда бір өтетін бәсеке келесі жылға шегерілді. Есесіне Азия чемпионатын өткізгелі жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша дүбірлі доданы БАӘ астанасы Әбу-Даби қаласы өткізеді.
– Сонда «Елорда кубогында» көзге түскендерді Азия чемпионатына алып барасыз ба?
– Иә, осы жарыста жігіттердің шама-шарқын байқаймыз. Барлығына тапсырма беріліп, жоғары мақсат қойып жатырмыз.
– Мысалы?
– 49 келіде Санжар Тәшкенбай мен Теміртас Жүсіповтің біреуі алтын алуы керек дегендей. Әр салмақтағы көшбасшылар өз мықтылығын дәлелдеуі керек.
– Қарсылас командалардың сапында мықтылардың біразы келе ме?
– Жапонияда Сэвон Окадзава деген боксшы жүр. Бұл жігіт былтыр Белградта Абылайханды жолынан ығыстырған. Өздеріңіз білесіздер, Жапония құрамасы өз тарихында алғаш рет екі алтын алды. Қазір әуесқой мен кәсіпқой боксты қатар алып жүруге рұқсат етті. Сондықтан Куба, Өзбекстан негізгі құрамда келеді. Өзбектердің Хасонбой Дусматов, Баходир Жалолов секілді боксшылары хаттамаға енген. Куба да Олимпиададан кейін жаңартылған үздік құрамымен келеді.
– Дусматовтың жерлесіміз Бибосыновтан есе қайтарғысы келетіні түсінікті. Егер жолдары түйісіп жатса, оған дайындап отырған жоспарларыңыз бар ма?
– Сәкен – шебер боксшы. Оны кез келген адам жеңе алмайды. Дайындалып жатыр. Хасонбойға қарағанда бойы да, қолы да ұзын. Кездесіп жатса, тағы да басым түседі деп ойлаймын.
– Thailand Open-2022 халықаралық турниріне Сұлтан Мусинов деген боксшы қатысты. Бұл жігіттің әкесі Руслан Мусинов те боксшы болғанын білеміз. Бір кездері екі дүркін Олимпиада чемпионы Марио Кинделанды жеңгені де есімізде. Осындай мықты боксшының баласының қарым-қабілеті қалай екен?
– Таиландта ол Ву Тан Дат дейтін вьетнамдық боксшыны жартылай финалда нокаутпен жеңді. Тек шешуші кезеңде жергілікті боксшыға есе жіберді. Сұлтанның әлеуеті мол, бірақ тәжірибесі аздау. Болашақта көп үміт күттіреді. Әкесі секілді жұдырығы ауыр, соққысы мығым боксшы болатын секілді.
– Қазақстанда олимпиадалық спорт түрлерінде қаржыландыру қайта өзгерді. Яғни Ұлттық олимпиада комитетінен Спортты дамыту дирекциясына берілді. Көктемде құжатқа байланысты айлықтарыңыздың кешіккенінен хабардармыз. Қазір жағдай жақсарды ма?
– Иә, жыл басында проблемалар болды. Барлығына түсіністікпен қарадық. Қазір бәрі реттелді. Сосын боксшылардың жалақысы да өсті. Менің айлығыма да ақша қосылды. Боксшылардың жалақысы бұрынғымен салыстырғанда 30-40 мың теңгеге өсті. Одан бөлек, боксшылардың барлығына бірыңғай жейде берілді. Бұл былтыр алынып қойған екен. Сол енді қолымызға жетті. Спортшылар бұған қатты қуанып қалды.
– Былтыр Дубайдағы Азия чемпионатында бапкерлердің кейбіреуі «Маңғыстау», «Шымкент» деген жазумен жүрді. Енді ондай кемшіліктер жіберілмейтін шығар?
– Бұл дегеніміз – еліміздің имиджі. Сондықтан ондайларға енді қатты мән беріледі. Қазіргі кезде боксшылар мен бапкерлерге бірыңғай жейде толықтай берілді. Сондықтан бапкерлер алдағы жарысқа толықтай «Қазақстан» деген жазуы бар жейдемен барады.
– Қамшыбек Қоңқабаев кәсіпқой боксқа ауысқан соң, аса ауыр салмақта оның орнын кім басады?
– Қазір Нұрлан Сапарбай мен Дамир Тойбай секілді жігіттеріміз бар. Оларға да барлығын түсіндіріп жатырмыз. Ал Қамшыбек жайлы айтар болсам, ол тамыз айында ұлттық құрама қатарына қайта қосылады. Сөйтіп Азия чемпионатына қатысады деп жоспарлап отырмыз.
– Жақын арадағы басты жоспар?
– Елорда кубогынан кейін Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткіземіз.

Әңгімелескен –
Бек төлеу

Басқа жаңалықтар

Back to top button