Бокс

Қазақстандық боксшы Бауыржан Әли қарсыласын 57 секундта нокаутқа жіберді

Төрт раундқа жоспарланған жекпе-жек ұзаққа созылған жоқ.

Тараз қаласында өткен халықаралық бокс турнирінде қазақстандық боксшы Бауыржан Әли қарсыласын небәрі 57 секундта жеңіп шықты.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз Арена» спорт кешенінде ұйымдастырылған, Қазақстан кәсіби бокс федерациясы санкциялаған бокс кешіне бірнеше елдің былғары қолғап шеберлері қатысты.

Аталған турнирде ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының курсанты, бокстан Қазақстан Республикасының спорт шебері Бауыржан Әли тәжікстандық Раджабой Ахмедовпен қолғап түйістірді.

Төрт раундқа жоспарланған жекпе-жек ұзаққа созылған жоқ. Қазақстандық боксшы алғашқы раундтың 57-секундында қарсыласына ауыр соққылар сериясын дарытып, оны техникалық нокаутқа түсірді. Осыдан кейін төрешілер кездесуді мерзімінен бұрын тоқтатып, жеңісті Бауыржан Әлиге берді.

Жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген бұл жеңіс қазақстандық бокс мектебінің деңгейін тағы бір мәрте көрсетті. Сонымен қатар Бауыржан Әлидің жарқын өнері еліміздің халықаралық аренадағы бокс беделін арттыра түсті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button