Су спорты

Су спорты түрлерінен әлем чемпионаты басталды

18 маусым мен 3 шілде аралығында Венгрия астанасы Будапештте су спорты түрлерінен XIX әлем чемпионаты өтеді.

Әр елдің сайдың тасындай іріктелген атлеттері жүзу, суға тұғырдан секіру, су добы, артистік жүзу мен ашық аспан астында суда жүзуден жүлдеге таласады, деп жазады drs_kz.

Назарларыңызға осы сындарда Қазақстан атынан кімдер өнер көрсететінін, қай уақытта өтетінін ұсынамыз.

Артистік жүзу сайысы 17-25 маусым күндері Мажарстан астанасындағы Тамаш Сецхи атындағы кешенде өтеді. Қазақстан құрамасының спортшылары: топтық сын – Наргиза Болатова, Әйгерім Құрманғалиева, Карина Абдулина, Ксения Макарова, Этери Какутия, Анна Павлецова, Юлия Рогалева, Валерия Столбунова, Жәния Жиенғазы, Арина Пушкина, Ясмин Тұяқова.

Жекелей сын – Карина Магрупова. Аралас жұптық сын – Эдуард Ким мен Жаклин Якимова. Ұлттық құраманың бас бапкері – Әлия Каримова.

Суда жүзу бәсекесі 18-25 маусым аралығында Будапешттегі «Дунай-Арена» суда жүзу кешенінде өтеді. Бұл жолы Ұлттық құрама көшбасшысы, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин бұл чемпионатқа қатыспайды. Ел намысын қорғайтын атлеттер: Әділбек Мусин, Айбек Қамзенов, Александр Варакин, Аделаида Пчелинцева, Ксения Игнатова.

Су добы ойындарын Дебрецен қаласындағы спорт бассейні қабылдайды.

Ватерполдан әйелдер құрамасы С тобына түсті. Алғашқы ойында Аустралиямен (20 маусым), сосын Бразилия (22 маусым) және Жаңа Зеландиямен (24 маусым) ойнайды. Ал ерлер D тобында. Олар әуелі Аустралиямен (21 маусым), кейін АҚШ-пен (23 маусым), Сербиямен (25 маусым) шеберлік байқаспақ.

Ашық аспан астындағы суда жүзу Лупа көлінде өтеді. Чемпионатқа отандастарымыздан тәжірибелі Виталий Худяков, Диана Тасжанова, Ксения Романчук, Лев Черепанов аттанды. 26-27 маусымда аралас (4×1500 метр) және 5 километрлік ерлер, әйелдер бәсекесі өтеді. Ал 29-30 маусымға 10 және 25 шақырымдық жекелей жарыстар жоспарланған. Іріктеуде 22 елдің жүзгіштері бақ сынамақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button