Басты

Халықаралық Олимпиада күні атап өтілді

Жыл сайын 23 маусымда Олимпиадалық қозғалысты насихаттау және бүкіл әлемде спортты танымал ету мақсатында Халықаралық Олимпиада күні аталып өтеді.

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті әлемде өтіп жатқан акцияның белсенді қатысушысы. Айтулы дата елімізде осымен 29-шы рет мерекеленіп отыр. Бұл жолы Халықаралық Олимпиада күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Балалар жылы аясында аталып өтті.

Елорда тұрғындары мен қонақтары эстафеталық жарыстарға қатысып, үстел теннисін ойнап, 3х3 баскетбол, текбол сияқты жаңа спорт түрлерінен бақтарын сынап, қазақстандық брейк-дансшылардың өнерін тамашалады. Сондай-ақ, әртүрлі жастағы балалар арасындағы дзюдо мен таэквондодан көрсетілім жекпе-жектері ұйымдастырылды.

Жас спортшылар олимпиадалық спорт түрлері тақырыбындағы викторинаға, сондай-ақ «Көңілді старттар» эстафетасына қатысты. Барлығы дерлік спортта өз білімі мен шеберлігін көрсетіп, ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бағалы сыйлықтарын ұтып алды.

Мерекелік бағдарлама соңында жақында Францияда өткен мектеп оқушылары арасындағы Дүниежүзілік Гимназиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Қатысушыларға естелік сыйлықтар мен ҚР ҰОК дипломдарын қазақстандық Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері салтанатты түрде табыс етті.

Спорт мерекесін ұйымдастыруда ҚР ҰОК серіктестері Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен Ұлттық спорттық федерациялар болды.

Сондай-ақ, 2022 жылғы Олимпиада күнін ұйымдастыруда Қазақстанның ҰОК серіктестері Туризм және спорт саласын қолдау қоры «Sport Qory» мен Toyota Motors ең белсенді қатысушыларды арнайы сыйлықтармен марапаттады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button