Ұлттық спорт

Елордада 150-ден жүйрік тұлпар қатысатын бәйге өтеді

6 шілде күні «Қазанат» атшабарында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық спорт басқармасының ұйымдастыруымен қала күніне орай бәйге түрлерінен «Елорда Бәйгесі» республикалық турнирі өтеді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Бәйге сайысында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары мен еліміздің барлық облысынан 150-ден астам таңдаулы жүйрік сынға түседі.

Шабандоздар 9 шақырымдық құнан бәйге, 16 шақырымдық кіші аламан және 21 шақырымдық аламан бәйге бойынша сынға түседі.

Жарыстың жалпы жүлде қоры – 20 000 000 теңге.

Бәйге бағдарламасында «Нұр-Сұлтан қаласы Кубогіне арналған Қостанай жылқысының бәйгесі» республикалық турнирі өтеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай мәлім етті.

«Елордада өтетін Қостанай жылқысы бәйгесі биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Қазақтың қазанаты саналатын Қостанай тұқымды жылқылары ұшқыр (1,4 км, 2,4 км), құнан (7 км) және аламан бәйге (20 км) түрлері бойынша бақ сынайды. Бәйгенің жалпы жүлде қоры – 9 миллион теңге», – дейді Рахат Жақсыбай.

Қаржы 1-5-орын аралығындағы жүлдегерлерге беріледі. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді салтанатты марапаттау жарыс аяқталған соң жүргізіледі.

Бәйгенің басталу уақыты сағат 10:00-де.

Басқа жаңалықтар

Back to top button