Басты

Рыбакина Үлкен дулыға турнирінің жартылай финалына шыққан алғашқы қазақстандық атанды

Әлемнің 23-ракеткасы қазақстандық Елена Рыбакина Уимблдонның ширек финалында WTA рейтингінде 44-орында тұрған австралиялық Айла Томляновичті жеңді.

Рыбакина қарсыласынан 4:6, 6:2, 6:3 есебімен басым түсті.

Кездесу 1 сағат 52 минутқа созылды. Қазақстандық қыз 15 эйсті орындап, тоғыз брейктің бесеуін іске асырды.

«Бақыттымын, себебі жартылай финалға өттім. Матч қиын болды. Мені қолдағандардың бәріне рахмет. Жартылай финалда үздік ойынымды көрсетуге тырысамын», – деді Елена Рыбакина ойыннан кейін.

Жартылай финалда Рыбакина румыниялық Симона Халеппен (әлемнің 18-ракеткасы) өзара кім мықтыны анықтайды. Бұл матч ертең, 7 шілдеде, Нұр-Сұлтан уақытымен 18.00-де басталады.

Елена жекелей сында «Үлкен Дулыға» турнирінің жартылай финалына шыққан алғашқы қазақстандық атанды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button