БастыСұхбатФутбол

Григорий БАБАЯН, футбол бапкері: ЦСКА-дан кететінімді алдын-ала білдім

Бір маусым бойы Мәскеудің ЦСКА футбол клубының жаттықтырушылар құрамында болған Григорий Бабаян елге оралды. Ол қазір туған жері Алматы қаласында. Бір кездері «Астана», «Тобыл» клубтарымен, Қазақстан ұлттық құрамасымен жұмыс істеген маманның алдағы жоспарын білдік.

– Мәскеудің ЦСКА клубынан 18 маусымда кеттіңіз. Қазір немен айналысып жүрсіз?
– Қазір Алматыда отба­сым­ның қасындамын. Бір жылдың ішінде үйдегі жұмыс жиналып қалды. Соңғы 12-15 жылда алғаш рет жазда демалып жатырмын. Әйтпесе Қазақстан чемпионаты көктемде басталып, қыста аяқталады. Сондықтан жазда демалудың реті келмейтін. Тағылымдамадан өтуді жоспарлап отырмын. Осы мақсатта әртүрлі нұсқаларды қарап жатырмын. Өзімнің бапкер ретінде жетілуімді ойлаймын.
– Тағылымдамадан қай жақ­тан өткіңіз келеді?
– Еуропаға барамын. Бірінші кезекте бұрын бармаған елдерді көргім келеді. Мұндай іс-сапарға жол түскенде тек футбол тұрғысынан ғана емес, жаттығу процесі, ойыншыларға жасалған жағдай, клубтың, технологияны пайдалану ерекшеліктеріне де мән беремін.
Соңғы рет Севильяда болғанмын. Онда бір апта аялдап, «Севилья» мен «Бетис» командаларының жаттығуын тамашалағанмын. Осы дербидің ойынына куә болдым. Сол кезде «Севильяның» 10 мың жанкүйері жиналды. Оны естіген «Бетис» жанкүйерлері де қарап қалмады. Кешке стадионға 30 мың адам келді. Бұл мені қуантты. Оның үстіне өзім белсенді жанкүйерлердің қасында секторда отырып, нағыз атмосфераны сезіне алдым.
Лондонның «Арсеналына» да жол түскен. Бірақ мұны тағылымдама деп айта алмаймын. Екі аптаның ішінде клубтың базасымен танысып, физиотерапевт, фитнес-жаттықтырушылары қалай жұмыс істейтінін көрдім.
Осымен тоқтап қалғым келмейді. Әрі қарай даму керек. Футбол бір орында тұрмайды. Біз әзірге еуропалық елдерден қалып келемін. Уақытпен бірге аяқтан тұруымыз қажет. Дәл қазір тағылымдамадан өтуден басқа жол жоқ. Испания, Италия, Германияға барып көрдім. Енді мүмкіндік болса, Франция дұрыс деп отырмын.
– Қай бапкер көңіліңізден шықты?
– Маған Стефано Пиолимен сөйлескен ұнады. Ол сол кезде «Лацио» клубын жаттықтыратын. Бұл осыдан 3-4 жыл бұрын. Өте ашық адам. Футболды түсінуі, идеялары керемет. Психология жағынан да өзін дамыта түскен. Команда құрамында 25 ойыншы болады. Соның бәрі ренжімей, өз мүмкіндігін күте алу керек. Пиолидың қолынан осы жұмыс келді.
– Тағылымдамадан бөлек, қандай кәсіби жоспарыңыз бар? Клубтар тарапынан ұсыныстар түсіп жатыр ма?
– Уәде етіп, сөйлесіп жатқандар бар. Алайда әзірге нақты шешім қабылдауға келген жоқпыз.
– Тағы бір мәрте біреуге көмекші болуға дайынсыз ба?
– Қайдам. Егер атақты команда болса ойланар едім. Ал қазір жеке жұмыс істейтін уақыт келді.
– ЦСКА клубынан ұсыныс қалай түсті?
– 2021 жылдың қаңтарында тағылымдамадан өту үшін Кампоамордағы оқу-жаттығу жиынына барғанмын. Ол кезде бас бапкер Виктор Гончаренко болды. Командамен толық танысып, 7 күн сонда болдым. Мені барлық жерге кіргізді. Тактикалық жаттығулар, теориялық сабақтар барлығына кіргізді. Жақсы тәжірибе болды. Көңілімнен шықты. Басшылықпен де сол кезде танысқанмын.
– Ал нақты ұсыныс қашан жасалды?
– Маусым айының бас кезі болатын. Бас бапкер ретінде Олич жүрді. Чемпионат аяқталған. Маған хабарласқанда «Тобыл» клубының басшылығымен сөйлесейін деп айттым. Сосын ЦСКА-дан «Григорийді жіберуді өтінеміз. Бірге жұмыс істеп тәжірибе алмасу жағынан әріптестік орнатамыз», деген хат келді. Үш күннен соң «Астанамен» маңызды ойын бар еді. Сол матчқа дейін кететінімді айтпаймыз деп шештік. Матчтан кейін бірден Мәскеуге ұшуым керек. Командамен қоштасатын уақыт жоқ. Қатты уайымдадым, бірақ басқаларға көрсетпеуге тырыстым. Өйткені дәл осы команданы жинаған мен едім. Арқамда үлкен жүк тұрды. Футболшыларды орта жолда тастап кеткендей болдым. «Астанамен» тең түстік. Матчтан соң жігіттерге кететінімді айттым. Бұл киім шешетін бөлмедегі өте қиынға соққан 15 минут болды.
– ЦСКА бірден ассистент ретінде шақырды ма?
– Иә. Әңгіме былай болды: «Бастапқы кезеңде сізді ассистент ретінде шақырамыз. Бізге көрегендігіңіз, философияңыз ұнайды». Сонымен келістім.
– Ал кететініңізді қашан білдіңіз?
– Қыста сондай ой болған. Енді алға жылжу керектігін сездім. Бұған дейінгі сұхбаттарымда да айтқанмын. Мен көптеген бапкерлердің көмекшісі болып еңбек еттім. Мысалы, «Астана» клубында ұйымдастыру жағынан дамытуға үлесімді қостым. Ал сол көрген проблемаларды өзің шешудің жөні мүлдем бөлек. ЦСКА клубында таза ассисент болып еңбек еттім. Бір мәселе көрсең, оны басқаларға айтуың керек.
– Енді өзіңізді жарты жылдан кейін қай жерден көргіңіз келеді?
– Үлкен мақсаттар қоятын клубта жұмыс ітеуді қалаймын. Маған сол жағы маңызды. Егер жай ғана маусымда ойнап шығатын клуб болса, ешқандай қысымды көрмейсің. Ал тығырықтан жол тауып, жоғары орындарға таласқан ұнайды.
Бірнеше жыл «Астана» клубында жұмыс істедім. Ол жақта қателесуге қақың жоқ. Бұл псиохологияны команданың барлық мүшесіне үйретесің. Футболшылар қысымға шыдап, нәтиже көрсетуі тиіс.
Сосын «Біз жақсы ойнадық, бірақ жеңіс бұйырмады деген сөз ұнамайды». Футболшыларға үнемі: «Бұл бәлкім, біздің ең сәтсіз ойынымыз шығар, бірақ жеңуіміз керек» деп айтамын.

Жазып алған
Бек ТӨЛЕУ

Басқа жаңалықтар

Back to top button