Басқа спорт түрлеріСаламатты Қазақстан

Зайсанның жайсаң балуандары

…Бұдан біраз уақыт бұрын еліміздің шығысындағы Зайсан қаласында ел есінде қалатындай елеулі оқиға болды. Жазушы, журналист Асқар Сәбитовтің (марқұм) ұйымдастыруымен жарық көрген «Зайсанның жайсаң балуандары» атты кітаптың тұсаукесеріне арғысы Алматы мен Нұр-Сұлтаннан, Көкшетау мен Павлодардан, Зайсан мен Көкпектіден, қойшы жер-жерден кезінде боз кілемде жасын ойнатқан бура сан, бота тірсек балуандар жиналып, жерлестерімен жүздесті. Олар үш күн бойы күреспен шұғылданып жүрген балалардың өнерін тамашалады, өздері де боз кілемде өнер көрсетті.

Жас ұрпаққа үлгі-өнеге, тәлімді кездесудің мәнін айта кеткен орынды болар.
– «Зайсанның жайсаң балуандары» республикалық ұйымын құрудағы мақсат пен міндет жайлы айта кетейін, – деді осы іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі, ұйым төрағасы, профессор, академик, жоғары оқу орнында қызмет ететін ұстаздарға көптеген оқулық кітаптар шығарған жерлесіміз Еркін Уанбаев. – Атақты бапкер Жанәділ Атаев, спорт меценаттары Мұхтар Бадығанов, Еркін Садықов, Арман Сарынов, Серік Топанов Зайсан ауданының жас балуандарының спортта, өмірде жоғары жетістікке жетуіне көмектесу, алдағы уақытта да балуандардың шеберліктерін жоғарылату мақсатында биыл күрес түрлерінен республикалық, облыстық жарыстарды жыл сайын өткізу, балуандық өнерді өскелең жастарға, халыққа насихаттау, болашағы бар аудан жастарын қолдайтын қор ұйымдастыру, аудандағы орта мектепте оқитын балаларды күрес түрлеріне тарту, тағысын тағы.
Аудан халқы шалғайдан ат арылтып келген атақты жерлестерін сағынып қалыпты. Атақты балуан, еңбек сіңірген жаттықтырушы, Өскемен қаласы мен Зайсан ауданының құрметті азаматы, Олимпиада ойындарының жүлдегері мен әлем чемпиондарын баптаған бапкер Жанәділ Атаев, Алматы, елорда, Өскеменнен, басқа қалалардан келген, есімі елге белгілі Жеңіс Смағұлов, Еркін Елеубаев, Марат Саухатов, Қа­дыл­бек Смағұлов, Кенжебек Рахи­мов, тағы басқалар өз әсерін бөлісті. Олар қалада бірнеше кездесу өткізді. Балғын балуан­дардың жарысын тамашала­ды. Республикалық ұйым қо­рында Зайсан ауданында туып, еліміздің қалаларында тиімді жұмыс атқарып жатқан кә­сіп­керлер мен балуандардың жи­­наған қаржысына дзюдо күре­сінен республикалық, еркін кү­рестен облыстық турнир өткі­зілді.
Зайсан спорт мектебіне жарыстарды жоғары деңгейде өткізуге қажет 2 бейнетүсірілім аппараты, телевизор сыйға тартылды. Өсеменде оқып жүріп жарыс кезінде жарақат алған зайсандық Еркін Абдрамановқа қомақты қаржылай көмек көрсетілді. Өмірден өткен балуандар еске алынып, 300 адамға ас берілді. Республикалық ұйымның ұйымдастыру аясында қазақ күресінен жауырыны жерге тимеген Төлеген Ержанұлының туғанына 100 жыл толуына орай облыстық еске алу турнирі өткізілді. Турнирдің өткізілуіне мұрындық болған республикаға белгілі ақын Тақат Сағымжанов және Зайсан ауданының мәдениет бөлімін басқарған Бауыржан Құмарбеков, қаржыландырған күйеу баласы, зайсандық кәсіпкер Қуанышбек Ахметов болды. Үш күнге созылған спорттық, әлеуметтік-мәдени іс-шаралардың басы-қасында болған, ұйымдастыруына қолайлы жағдай жасаған Зайсан ауданының бұрынғы спорт бөлімін басқарған тәжірибелі басшы Зайнолда Рахимбаев және облысқа белгілі кәсіпкер балуан қорға бір миллионнан артық қаржы құйған Қуат Абжановтың және жарты миллион құйған Айзат Сиырбаевтың еңбегі елеулі.
Өскеменнен ат шалдырып келген турнирдің жеңімпазы, түйе балуан Кенжебек Рахимов 130 мың теңгеге ие болды. Жүлде алған басқа балуандар да ақшалай сыйлыққа, алтын, күміс, қола медальдерге ие болды. Жеңімпаздарды, осы жұмысқа белсене атсалысқан Зайсан ауданында туып, республиканың түкпір-түкпірінен келген балуандар және кәсіпкерлерді аудан әкімі Серік Зайнулдин, «Зайсанның жайсаң балуандары» республикалық ұйымының төрағасы Еркін Уанбаев марапаттап, осы шараларға арнайы жасалған естелік медальдерді берді.
«Зайсанның жайсаң балуандары» кітабының тұсаукесерінде аудан ақсақалдары мен балуандар, Алматыдан келген ақын, Әлем жазушылар одағының мүшесі Әбетхан Тоқтағанов, ғалым, ҚР педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Республиканың барлық ЖОО-да қолданылатын көптеген теория және әдістемелік оқулық кітаптар шығарған Еркін Уанбаев жастарға ой салатын ақыл-кеңесін айтты.
«Сіздер қайда тұрып, еңбек етіп жатсаңыздар да кіндік қаныңыз тамған Зайсанды ұмытпаңыздар, туған мекенге қайырымдылық жасап, талапты балалардың спортпен шұғылданып, Отанға адал қызмет етуіне қолғабыс жасауды абыройлы міндет санаңыздар», – деді ауданның абыз ақсақалы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жиырмадан астам кітаптың авторы Қалибек Алтыбаев.
Тағылымы мол бұл кітапта Зайсанда футболдың өркендеуіне ерекше үлес қосқан Жеңіс Смағұлов, аудан спортын ұзақ жылдар басқарған, өзі де футбол ойнап, аудан намысын қорғаған, «Зайсан футболшылары» атты кітапты шығарған Зайсанбек Қажанов, кезінде «Шахтер» командасының белгілі ойыншысы болған, бұл күндері аудандық спорт мектебін басқарып отырған Секен Бодаев, бокстан одақтық жарыста чемпион атанған, спорт шебері Марат Орманбетов, Зайсанның атағын елімізге паш еткен атақты дзюдошы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Жанәділ Атаев, Әмірбек Аданұлы Әубәкіров, Олимпиада ойындарына қатысқан, Азия ойындарының, халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы Гүлжан Исанова, спорт шебері Қуат Әбжанов, еркін күрестен түйе балуан Еркін Елеубаев, атақты балуан Ақылбай Елеуов, тағы басқалар жайлы қызықты мақалалар бар.
Үш күнге созылған спорттық, мәдени шарадан жан-жақтан келген құрметті қонақтар шабыт алып, әсерленіп қайтты. «Келесі жылы Зайсанда кездескенше!» деп аттанды жиналғандар.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Қазақ спорты» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі

Басқа жаңалықтар

Back to top button