Басқа спорт түрлеріБасты

Ислам ойындары: Қазақстан үздік бестікке кірді

Тамыздың 9-18 аралығында Түркияның Конья қаласында бесінші Ислам ойындары өтті. Әлемнің 55 елінің спортшылары қатысқан дүбірлі жарыста Түркия спортшылары алдарына жан салмады. Бүкіл мұсылман елдерінің басы қосылған аламан бәйгеде түріктер 145 алтын, 107 күміс, 89 қола медальға ие болды. Екінші орын өзбек спортшыларына бұйырды. «Ала тақиялы» көршілеріміздің қоржынына 51 алтын, 42 күміс, 65 қола медаль түсті. Үздік үштікті ирандықтар түйіндеді. Олардың еншісінде 39 алтын, 44 күміс, 50 қола медаль бар.

Өзбекстан спортшылары бізден тағы озды. Рио де Жанейро және Токио олимпиадасында қазақтарға қара көрсетпей кеткен өзбектің қыз-жігіттері Түркияға тас-түйін дайын барыпты. Дегенмен, бір нәрсені ескеруіміз керек. Өзбекстан Ислам ойындарына бізден екі есе көп спортшы апарды. Сонымен қатар, жарысқа біздегідей аралас құрамды емес, нағыз тісқаққан тәжірибелі спортшыларын қосты. Командалық есепте Түркиядан кейінгі екінші орын алуының сыры осында жатса керек.
Қазақстан бұл сынға спорттың 16 түрінен 125 спортшы апарып, 27 алтын, 23 күміс, 39 қола медаль жеңіп алды. Сөйтіп, командалық есепте Түркия, Өзбекстан, Иран және Әзербайжан спортшыларынан кейінгі орынға жайғасты.

* * *
Қазақстан спортшылары қатысқан 16 спорттың ішінде тек велотректің қыз-жігіттері ғана командалық есепте бірінші орынға ие болды. Жүзу мен кикбокс бойынша түріктер дес бермеді. Қазақстандықтар аталған спорт түрлері бойынша жарыс қожайындарынан кейінгі екінші орынға ие болды. Каратэ, спорттық гимнас­тика және көркем гимнастика шеберлері үздік үштіктен табылды.

* * *
Рината Султанова үшін биылғы жыл табысты болды. Сәуір айында велошосседен тұңғыш рет Азия чемпионы атанған павлодарлық бойжеткен осы Ойындарда велотректен де, велошосседен де медаль алып, мерейімізді асырды. Рината Ислам ойындарында бір өзі 3 алтын, 1 қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, тұғыр биігіне Әлішер Жұмахан мен Артем Захаров та көтерілді. Осылайша, велотрек командасы 5 алтын, 1 күміс, 3 қола медальмен командалық есепте топ жарды.

Велотректен командалық есеп
№ Мемлекет Алтын Күміс Қола Барлығы
1 Қазақстан 5 1 3 9
2 БАӘ 2 1 1 4
3 Өзбекстан 1 2 3 6
4 Иран 0 2 0 2
5 Малайзия 0 1 1 2
6 Индонезия 0 1 0 1

* * *
Қазақстан кикбоксшылары Ислам ойындарында 4 алтын, 1 күміс, 3 қола медальмен командалық есепте екінші алды. Түркия бұл сында дара шықты. Сарапқа салынған 31 медаль жиынтығының 18-інде түріктер басым болды. Жалпы Ойындар кезінде 14 елдің спортшылары медаль алғанын ескерсек, бәсекелестіктің өте жоғары болғанын аңғаруға болады.

Кикбокстан командалық есеп
№ Мемлекет Алтын Күміс Қола Барлығы
1 Түркия 18 5 4 27
2 Қазақстан 4 1 3 8
3 Әзербайжан 3 5 7 15
4 Марокко 3 4 9 16
5 Өзбекстан 2 7 12 21
6 Түрікменстан 1 2 3 6
7 Иордания 0 3 3 6
8 Кувейт 0 2 0 2
9 Алжир 0 1 9 10
10 Қырғызстан 0 1 2 3
11 Индонезия 0 0 2 2
12 Камерун 0 0 1 1
Палестина 0 0 1 1
Йемен 0 0 1 1

* * *
Ислам ойындарында ең көп алтын медаль алған спорттың бірі – ауыр атлетика. Қазақстан құрамасы бұл жарыста бұрын-соңды болмаған көрсеткішке ие болды. Дегенмен, бір жайтты айта кеткен жөн. Ұйымдастырушылар жарыс жеңімпазын әдеттегідей екі жаттығудың қорытындысына қарап емес, әр жаттығу бойынша анықтады. Команданың көшбасшысы Зүлфия Чиншанло құрама қоржынына үш бірдей алтын (жұлқи көтеру, серпе көтеру, қоссайыс) медаль салды. Жалпы, ауыр атлеттеріміздің алған жүлдесі – 26. Өзбекстан алтын медаль жағынан басқалардан оқ бойы озық болғандықтан, командалық есепте бірінші орынға ие болды. Қазақстан – бесінші орында. Индонезия, Түркия, Иран елдері біздің алдымызға түсті.
Ауыр атлетикадан командалық есеп
№ Мемлекет Алтын Күміс Қола Барлығы
1 Өзбекстан 15 3 6 24
2 Индонезия 12 7 10 29
3 Түркия 11 11 6 28
4 Иран 9 6 12 27
5 Қазақстан 8 15 3 26
6 Түрікменстан 3 4 6 13
7 Сауд Арабиясы 1 6 4 11
8 Камерун 1 3 1 5
9 Нигерия 0 2 1 3
10 Қырғызстан 0 1 7 8
11 Әзербайжан 0 1 3 4
12 Оман 0 1 0 1
13 Ливан 0 0 1 1

* * *
2005 жылғы Ислам ойындарында су бетінен медаль «сүзген» спортшыларымыз 13 алтын медаль алып, айды аспанға шығарған еді. Бұл жолы спортшыларымыздан ондай қарқын байқалмады. Түркия құрамасы 40 алтын медальдың 29-ын өздерінде қалдырды. Қазақстан 4 бағдарламада жеңіс тұғырына көтерілді. Команда көшбасшысы Әділбек Мусиннің еншісінде екі алтын медаль болса, Аделаида Пчелинцева мен София Абубакирова бір-бір алтын медальдан алды. Қазақстан Түркиядан кейінгі екінші сатыға орналасты.

Жүзуден командалық есеп
№ Мемлекет Алтын Күміс Қола Барлығы
1 Түркия 29 26 11 66
2 Қазақстан 4 1 7 12
3 Өзбекстан 2 5 5 12
4 Алжир 2 1 0 3
5 Әзірбайжан 1 1 1 3
6 Кувейт 1 1 0 2
7 Қырғызстан 1 0 2 3
8 Индонезия 0 2 12 14
9 Судан 0 1 1 2
10 Камерун 0 1 0 1
Уганда 0 1 0 1
12 Иран 0 0 1 1

Түркия жерінде таеквондо, еркін күрес, грек-рим күресі, жеңіл атлетика, дзюдо сияқты спорт түрлері сенімді ақтамады. Әсіресе, жеңіл атлеттердің өнеріне көңіліміз толмады. Тек, 400 метрге жүгіруде Михаил Литвиннің жаңартқан жеке рекорды көңілге медеу. Егер Литвин келесі жылы да дәл осындай нәтижесін қайталап жатса, жазғы Азия ойындарында жеңімпаз атануға толық мүмкіндігі бар. Дмитрий Карпов баптайтын жеңіл атлеттеріміз жарыс қорытындысы бойынша 1 алтын, 1 қола медальмен командалық есепте 12-орыннан көрінді. Грек-рим күресі (1 қола) мен еркін күрес (3 қола) шеберлері командалық есепте 7-орынға табан тіреді. Ерлерге қарағанда бо­йжеткен балуандарымыздың нәтижесі жақсы болды. Олар 1 алтын,
1 күміс, 3 қола медальмен 4-орынға тұрақтады.

Ислам ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері

Жеңімпаздар
Әлішер Жұмахан (велотрек, 4 км, жекелей сайыс), Артем Захаров (велотрек, омниум), Рината Сұлтанова (велотрек, 3 – із кесу, 10 км, ұпаймен, омниум), Михаил Литвин (400 м), Әділбек Мусин (жүзу, 2 – 100 м, баттерфляй, 50 м, баттерфляй), Аделаида Пчелинцева (жүзу, 50 м, баттерфляй), София Абубакирова (жүзу, 50 м, баттерфляй), Арли Чонтей (ауыр атлетика, 55 кг, 2 – серпи, қоссайыс), Зүлфия Чиншанло (ауыр атлетика, 59 кг, 3 – жұлқи,серпи, қоссайыс), Айзада Мүптилда (ауыр атлетика, +87 кг, 3 – жұлқи,серпи, қоссайыс), Елена Шалыгина (әйелдер күресі, 65 кг), Элжана Таниева (көркем гимнастика, доп), Аида Бауыржанова (спорттық гимнастика, еркін жаттығу), Қайсар Алпысбай (каратэ, 60 кг), Софья Берульцева (каратэ, +68 кг), Берік Ысқақов (кикбокс, 63,5 кг), Нұрсұлтан Жұмабаев (кикбокс, 51 кг), Әлихан Оздоев (кикбокс, 67 кг), Мақсат Үсіп (кикбокс, 71 кг);

Күміс жүлдегерлер
Дмитрий Носков (велотрек, 4 км, із кесу), Аиша Омарова (ауыр атлетика, 81 кг, 2 – серпи, қоссайыс), Алексей Чуркин (ауыр атлетика, 73 кг, 3 – жұлқи, серпи, қоссайыс), Арай Нұрлыбекова (ауыр атлетика, 76 кг, 3 – жұлқи, серпи, қоссайыс), Любовь Ковальчук (ауыр атлетика, +87 кг, 3 – жұлқи, серпи, қоссайыс), Артем Антропов (ауыр атлетика, 102 кг, 2 – серпи, қоссайыс), Арли Чонтей (ауыр атлетика, 55 кг, жұлқи), Дмитрий Патанин (спорттық гимнастика, еркін жаттығу), Нариман Құрбанов (спорттық гимнастика, ат), Милад Карими (спорттық гимнастика, керме), Аида Бауыржанова (спорттық гимнастика, бөрене), Мадина Бақбергенова (әйелдер күресі, 68 кг), Ксения Игнатова, Аделаида Пчелинцева, Даниела Дю, София Абубакирова (жүзу, эстафета, 4х100 м), Руслан Степанов (кикбокс, 81 кг), Бектай Асылжан (ауыр атлетика, жұлқи);

Қола жүлдегерлер
Бектай Асылжан (ауыр атлетика, 89 кг, қоссайыс), Рината Сұлтанова (велошосе, жекелей сайыс), Әлішер Жұмахан (велотрек, 15 км, ұпаймен), Марина Кузьмина (велотрек, 3 км, із кесу), Светлана Пащенко (велотрек, топтық сайыс), Кристина Овчинникова (биіктікке секіру), Нариман Құрбанова, Милад Карими, Дмитрий Патанин (спорттық гимнастика, команда), Аида Бауыржанова (спорттық гимнастика, қоссырық), Денис Желудов (үстел теннисі), Жасурбек Қылышов (таеквондо, 54 кг), Жансель Дениз (таеквондо, 73 кг), Байыржан Хасенов (таеквондо, 87 кг), Рахат Қалжан (еркін күрес, 57 кг), Адлан Асқаров (еркін күрес, 65 кг), Мамед Ибрагимов (еркін күрес, 97 кг), Эллада Махддинова (әйелдер күресі, 53 кг), Ирина Кузнецова (әйелдер күресі, 62 кг), Жәмила Бақбергенова (әйелдер күресі, 72 кг), Аманғали Бекболатов (грек-рим күресі, 55 кг), Қанат Сейілхан (дзюдо, 60 кг), Әсел Қанай (каратэ, 61 кг), Батырхан Қуандықов (кикбокс, 63,5 кг), Нұрдәулет Қалшора (кикбокс, 57 кг), Шара Хамзина (кикбокс, 60 кг), Өтепберген Әлиев (ауыр атлетика, 61 кг), Аида Бауыржанова, Аяжан Шамшитдинова (спорттық гимнастика, көпсайыс), Элжана Таниева, Айбота Ертайқызы (көркем гимнастика, команда), Сағина Мұратқызы, Айсұлу Мырзағалиева, Әсел Шүкірбай, Айдана Шаяхметова, Рената Жолдинова, Аружан Қасенова (көркем гимнастика, 2 – бес шеңбер, топтық жарыс), Элжана Таниева (көркем гимнастика, 2- шеңбер, таспа), Ксения Игнатова (жүзу, 3 – 50 м, 100 м, 200 м, шалқалай), Даниела Дю (жүзу, 100 м, еркін), Аделаида Пчелинцева (жүзу, 100 м брасс), Ксения Игнатова, Аделаида Пчелинцева, София Аьбубакирова, Даниела Дю (жүзу, эстафета, 4х100 м, еркін), Егор Попов, Айбек Қамзенов, Әділбек Мусин, Александр Варакин (жүзу, эстафета, 4х100 м).

Едіге Ораз

Басқа жаңалықтар

Back to top button