Басқа спорт түрлеріСаламатты Қазақстан

Талғардың спортта алар өз үлесі бар

Әрбір адамның спортқа қосқан үлесі отансүйгіштіктің айқын белгісі болып табылады. Өткен сенбіде Талғар ауданы спортының дамуына үлес қосып жүрген үздіктерді марапаттауға арналған «Біздің мақсатымыз айқын» атты спорттық – патриоттық бағытта атқарылған жұмыстың қорытынды кеші болды. Кеш Тұздыбастау ауылының Мәдениет үйінде өтті.

Ауқымды іс-шараға Алматы облысы әкімдігі мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының, Талғар ауданының әкімдігі, аудандық бұқаралық спортты дамыту орталығы және де республикалық «Спорт жұлдыздары» журналы, alash_pridefc промоушені, республикалық «Ер намысы» қоғамдық бірлестігі үлкен қолдау көрсетті. Ауданымыздың спорт майталмандары мен ауыл және спорт жанашырлары, спорт мекемелері мен спортшылар қатысқан үлкен ауқымды игі іс-шараға келген құрметті қонақтар саны көп болды. Тұздыбастау ауылының тұрғындары мен ауыл жастары және де аудан халқы бір рухтанып, серпіліс алғандығы байқалды. Атқарылған жұмыстың қорытынды кешінде ауданымыздың абыройын асқақтатып, көк туымызды көкке көтеріп жүрген бүгінгі күн батырлары, ең үздік спортшыларды мараттау салтанатында Талғар ауданы әкімінің орынбасары Ермек Маңғазұлы сөз сөйледі.
– Құрметті спортсүйер қауым! Халық даналығында «тәні саудың – жаны сау» деп тегін айтылмаса керек. Саламатты өмір салтын, дене шынықтыру мен спортты дамыту еліміздегі маңызды міндеттердің бірі. Біздің ауданымызда да бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп, спорт кешендерінің жүйесі кеңейе түсуде. Мектептер мен спорт үйірмелерінде дене шынықтырумен шұғылданушылар саны көбейіп келеді. Бүгінде біздің спортшылар Талғар ауданының спорттық айбынын лайықты түрде қорғауда. Өздерінің белсенділігімен және жоғары нәтижелерімен республикамыздың беделін әлемдік аренада жоғары көтеруге ықпал етуде. Біздің аудан өзінің спорттық тарихымен және өзінің тамаша дәстүрлерімен мақтанады. Өмірімізде ауыз толтырып айтарлық нәтижелермен жеңістерге жеткен түрлі спорттық жарыстардың атақты чемпиондары мен жүлдегерлерінің тұтас тобы тәрбиеленген. Жаттықтырушылар мен спортшылар алдағы уақытта да біздің аудан деңгейін асырып, даңқын шығаратын лайықты спортшыларды тәрбие­леу үшін өздерінің шеберліктері мен күштерін жұмсай береді деп сенемін. Бүгінгі спорттық-патриоттық бағыттағы біздің «Біздің мақсатымыз айқын» атты қорытынды кешімізге қош келдіңіздер! Дендеріңізге саулық тілеймін, қазақ елінің спорт саласындағы жетістіктері мен табыстары арта берсін, – деді Ермек Маңғазұлы.
Әрі қарай сөз кезегі Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаевқа берілді.
«Құрметті іс-шараға қатысушылар! Талғар ауданында бүгінгі күні көптеген жетістіктер бар. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Талғар ауданында үлкен дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылған болатын. Бүгін ауданымызда төрт спорт мектебі жұмыс істейді. Оның бірі қыстық спорт түрі, велосипед спорт түрлерінен, онымен қоса екі спорт мектебіміз жақсы көрсеткішпен жұмыс істеп жатыр. Тұрсынғали Еділов ағамыздың жарысының ашылу салтанатына қатысқан кезде бұқаралық іс-шараларды өткізу мақсатында Талғардың әкімдігі ұйымдастырған үлкен іс-шараның куәгері болғанбыз. Соның жалғасын тауып, бүгін Тұздбастау ауылында осы ауданымыздан шыққан мықты спортшыларымызға, ардагерлерімізге құрмет көрсетіп, бұл спортшылар тек ауданымызда, облысымызда ғана емес, еліміздің намысын қорғаған. Міне, солардың еңбегін бағалап, үлкен марапаттау кешіне келіп отырмыз. Осы жерде көптеген бапкерлер, спорт саласының қызметкерлері, ардагерлері, басшылары, соларға жанкүйер болып жүрген азаматтар, ата-аналар бар. Баршаңызды осы іс-шараның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің намысын қорғайтын мықты спортшылар шыға берсін. Президентіміз осы бұқаралық спортты дамыту мақсатында салауатты өмір салтын ұстанатын халқымыздың санын 50 пайызға дейін жеткізу туралы тапсырма берген болатын. Жасөспірім балалар мен қыздардың спортпен тегін айналысуына үлкен мүмкіндіктер туғызу мақсатында көптеген тапсырмалар берілді. Оның біразы бүгінде орындалып жатыр. Осы Тұздыбастау, Бесағаш Талғардың жан-жағындағы ауылдарда спорт кешенін салуға сұраныс түскен. Бұны біз алдағы уақытта қараймыз», – деді Нұрбақыт Молдахметұлы.
Спорттық-патриоттық бағытында еліміздің көптеген өңірлерінде республикалық деңгейде «Ер намысы» қоғамдық бірлестігінің филиалдары ашылып, сол өңірлердегі спорт жанашырлары спортты дамытуға үлкен үлестерін қосып жатыр. Талғар ауданының спорт жанашырлары да басқа өлкелерден шет қалған жоқ.
1. «Спорт ардагері – 2022» номинациясы бойынша 3 жеңімпаз;
2. «Спортқа жанашыр ауыл әкім – 2022» номинациясы 2 жеңімпаз;
3. «Спортқа жанашыр мектеп директоры – 2022» номинациясы 4 жеңімпаз;
4.«Үздік атбегі – 2022» номинациясы бойынша 1 жеңімпаз.
«Спорт ардагері – 2022» номинациясының жеңімпазы – Матан Бекбосынов. Матан ағамыз – грек-рим күресінен Қазақстан Респубикасының еңбегі сіңген жаттықтырушы, Талғар ауданының құрметті азаматы, грек-рим күресінен КСРО спорт шебері, Талғар ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы. Сонымен бірге Ибрагим Хаджимурат Талғар ауданында футболдың негізін қалаушы болып табылады. Тағы бір жеңімпазымыз Михай­лов Сергей. Армрестлингтен Қазақ­­стан Респубикасының еңбегі сің­ген жаттықтырушы Талғар ауданы­ның негізін қалаушы, Талғар ауда­ны­ның құрметті азаматы.
«Спорт­қа жа­нашыр ауыл әкім – 2022» номина­ция­сының жеңімпазы – Нұра ауылдық округінің әкімі Күнгей Данияр. Даниярдың жетекшілігімен Нұра ауыл­дық округінің спортшылары ірі табыстарға қол жеткізді.
Келесі кезекте сөз Белбұлақ ауылдық округінің әкімі Нұрбол Инақынұлына берілді. Нұрбол Инақынұлы жетекшілігімен Белбұлақ ауылдық округінің тұрғындарының арасында ай сайынғы футболдан, еркін күрестен, бокстан жарыстан ұйымдастырылып отырады. Ауылда бұқаралық спорт қарқынды дамып келеді.
«Спортқа жанашыр мектеп директоры – 2022» номинациясының жеңімпазы – Қоныратов Айдар Боранбекұлы. Аз ғана уақыт ішінде өзі басқарып отырған мектепті ең алдыңғы орынға шығарған. Келесі мектеп директоры Дүйсен Әлия Талғатқызы. Әлия – туған ауылына спорт кешенін салуға ұйытқы болып отырған жанашыр басшы.
Сондай-ақ Қайшыбекова Ажаркүл де марапатталады. Ажаркүл ханым басқарып отырған мектеп спортта жарқын жеңістерімен ерекшеленді. Ал Қазбеков Серік «Үздік атбегі – 2022» номинациясының жеңімпазы атанды. «Үздік жаттықтырушы – 2022» номинациясы бойынша 5 жеңімпаз, «Үздік спортшы – 2022» номинациясы бойынша 5 жеңімпаз марапатталды.
Сонымен қатар, спортшылардың жаттықтырушылары да назардан тыс қалған жоқ: Мусаев Наиль Ануарұлы. (шәкірттері дзюдодан Азия чемпионатының жүлдегері), Парадеев Виктор Николаевич (конкурдан Азия чемпионатының жүлдегерін дайындаған бапкер), Тулев Тимур Талғатұлы (волейболдан жасөспірімдер арасында ҚР чемпиондарын және жағажай волейболдан чемпиондарын дайындады), Третьяков Станистав Геннадьевич (велоспорт шосседен ҚР жүлдегерінің бапкері), Храмушина Анна Николаевна (биатлоннан Азия чемпионатының жүлдегерін дайындаған бапкер).
«Үздік спортшы – 2022» номинациясы бойынша Нұртай Жалын – дзюдодан жасөспірімдер арасында Азия чемпионатының жүлдегері. Баталова Ксения – конкурдан жастар арасында Азия чемпионатының жүлдегері. Плужникова Дария, Осипенко Алина – каратеден жасөспірімдер арасында әлем чемпионадары. Ремхе Андрей – велоспорт шосседен жастар арасында ҚР жүлдегері. Ракишева Айша – шаңғы спортынан жастар арасында ҚР чем­пионатының жеңімпазы.
1.«Үздік әдіскер – нұсқаушы – 2022» номинациясы бойынша 2 жеңімпаз, 2.«Үздік дене шынықтыру пәнінің мұғалімі – 2022» номинациясы бойынша 7 жеңімпаз марапатталды. №16 мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұржан Шәріпұлы да іс-шара туралы ойын бөлісті.
«Біздің мақсатымыз айқын» атты үлкен іс-шара өткіздік. Алматы облысының Талғар ауданындағы спортшыларды марапаттауды жыл есебі ретінде өткіздік. «Ер намысы» қоғамдық ұйымын құрып отырмыз, ол бүкіл спорт федерацияларының үстінен қарайды. Қоғаммен таза жұмыс істеу бағытында, оның сыртында үздік дене шынықтыру мұғалімі, үздік директор деген сияқты марапаттарды өз ортасында спорт саласының дамуына үлес қосып жүрген адамдарға табыстадық», деді дене шынықтыру мұғалімі.
Сонымен қатар Талғар ауданының жанашырлары мен меценаттары да марапатталды. Талғар ауданының «Ер намысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы – Баяхмет Нұржан, Талғар ауданы жекпе-жек спорт түрлері федерациясының президенті Сасықов Әлішер, Талғар ауданы ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті Кәрім Нұрболат, Талғар ауданы ұлттық ат спорты түрлері федерациясының президенті Асхат Майданбекұлы, ауданымыздан жеңіл атлетика түрлері федерациясының президенті Равил Болатжанұлы, Талғар ауданы Қысқы және велоспорт түрлері федерациясының президенті Жақсылық Даулет Мырзатайұлы, спорттық ойын түрлері федерациясының президенті Амангелді Болатбек, «Talgar Champions» футбол клубының президенті Аян Тұрлыбайұлы марапатталды.
Сонымен қатар, Талғар ауданымыздың тумасы Алаштың асыл ел азаматы, республикалық «Ер намысы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Жандос Аянбек мырза негізін қалаушы болып табылатын, ауданымыздан шыққан Азия және әлем, Олимпиада ойындары жеңімпаздары мен жүлдегерлерінен құралған «TALGAR CHAMPIONS» спорттық-патриоттық футбол командасы құрылып, тегі жазылған жейделерді сыйлыққа берді. Футбол командасы құрамында Тұрлыханов Дәулет Болатұлы, Марат Елеусізұлы, Нұрбақыт Молдахметұлы, Қасқарауов Данияр Алдабергенұлы, Қай­дар Әлиханұлы, Ержан Мұрат­ұлы, Александр Викторович, Нұркен Қанат­ұлы, Жақанша Қорлан, Камалиев Ербол, Жандос Аянбек, Фарида Мамыр­бекқызы, Сүйіндік Қазболатұлы, Нұржан Шәріпханұлы, Жасұлан Балға­байұлы, Жақанша Бағлан, Амангелді Болатбек, Нұрболат Сатымханұлы, Аян Тұрлыбекұлы, Арман Қалықұлы.
Осындай ауқымды жоба облысымыздың әр ауданында жалғасын тауып, жыл соңында облыс орталығы Қонаев қаласында облыстық деңгейде атқарылған жұмыстардың қорытынды кеші өтпек.
Осындай ауқымды спорттық-патриоттық жобаның біздің ауданда өтуіне ұйытқы болған жерлестерімізге, атап айтар болсақ, «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының шеф-редакторы Жандос Аянбек, аудандық бұқаралық спортты дамыту орталығының директоры Сүйіндік Қазболатов пен аудандық «Ер намысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұржан Баяхметов мырзаларға аудан жұрты атынан алғыс айтамыз.

Кәусар Әбдікерім,
журналист

Басқа жаңалықтар

Back to top button