Басты

Елордада ат спортынан ашық біріншілік өтіп жатыр

Елордада Республика күні қарсаңында ат спортының түрі – конкурдан ашық біріншілік өтіп жатыр. Оған, бас шаһардан бөлек, Қарағанды және Алматы қаларынан келген 50-ге жуық шабандоз қатысты.

Бұл туралы Қазақпарат хабарлады.

Жарыс Астана іргесіндегі «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде өтіп жатыр. Аталған сайыста шабандоздар белгіленген тәртіппен, күрделі әрі биік кедергілерді еңсеруі керек.

«Сайыстың алғашқы күні, яғни біріншіліктің іріктеу кезеңіне 50-ге жуық шабандоз қатысты. Олимпиадалық тәртіпте шабандоздар үш түрлі санатта бақ сынайды. Олар – «Ашық сынып санаты», «Жас жылқылар санаты» және «Балалар санаты». Бірінші санат бойынша жарысқа 12 жастан 15 жасқа дейінгі балалар, ал екінші және үшінші санат бойынша 16 жастан асқан шабандоздар қатысады.

Конкур – ат спортының ішіндегі ең әсерлісі, қызығы және бейнелісі. Бұл жарыста спортшы мен жылқының әртүрлі жағдайда кездескен кедергілерден арнайы бағыт бойынша жүріп өткен жолы есепке алынады. Төрешілер жолдың жылдамдығы мен тазалығына мән береді. Әрбір құлаған кедергі үшін айыппұл секундтары бар», – деді ат спортының олимпиадалық түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Аманжол Хасенов.

Спортшылардың айтуынша, конкур – Олимпиада ойындары мен халықаралық жарыстардың арасында жанкүйерлері көп сайыс түрі.

«Ат спортымен үш жылдан аса айналысып келемін. Қарағанды қаласынан келіп тұрымын. Бүгін мен 120 см биіктіктегі кедергілерді еңсеру бойынша жарыс жолына шығамын. Қатысушылар өте көп. Арасында ең мықтылары да бар», – деп тоқталды жарысқа қатысушы Ника Сим.

Айта кетейік, жарыстың финалы 25 қазан күні, яғни ертең өтеді. Сайыстың жалпы жүлде қоры – шамамен 7 миллион теңге.

Басқа жаңалықтар

Back to top button