Қысқы спорт

Жастар Финляндиядағы Әлем кубогының алғашқы кезеңінде 5 медаль жеңіп алды

Финляндияның Сейняйоки қаласында конькимен жүгіруден жастар арасындағы Әлем кубогының 1-кезеңі аяқталды.

Мұнда Қазақстан құрамасының спортшылары 2 алтын, 2 күміс пен 1 қола жүлдеге қол жеткізді, деп хабарлайды Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Бүгін жарыстың соңғы күні әйелдер арасында 500 метрге (жастар) жарыста Алина Дауранова топ жарып, 2-алтынын мойнына тақты. Ол бұл қашықтықты 40,27 секундта бағындырды. Одан кейінгі сатыға нидерландтық Пьен Херсман мен итальян Серена Пергер жайғасты.

Ал жастар мен ересектер арасындағы өтпелі нео-ересектер деңгейіндегі 500 метрде Алтай Жәрдембекұлы күміс жүлдегер атанды. Алтай он күн бұрын Қазақстан Кубогы кезеңінде 1500 метрде жеңіске жеткен еді. Осы бағдарламадағы тағы бір отандасымыз Мақсат Мұқаев бестікті түйіндеді.

Сосын жастар арасында 1500 метрге жарыста бақ сынаған Нұралы Ақжолға сәл сәттілік жетіспеді. Қазақстстандық қола жүлде үшін таласта нидерландтық спортшыдан жарты секунд қалып кетіп, 4-орыннан көрінді. Сондай-ақ осы сайыста Роман Бинозаров 7-сатыға тұрақтады.

Кеше Әлем Кубогының алғашқы күні 1000 метрге жарыста Алина Дауранова алтын жүлде жеңіп алған. Оның аталған қашықтықты жүгіріп шығуына 1:22.10 секунд кетті.

Ал мың метрде ерлер арасында Никита Важенин 2-орын алды. Ол тек жапониялық Исса Гунджиден 2 секундтай қалып кетті. Сондай-ақ 3000 метрде қазақстандық Нұралы Ақжол қола жүлдегер атанған.

Айта кетейік, жастар арасындағы Әлем Кубогының 2-кезеңі 3-4 желтоқсанда осы Сейняйоки қаласында өтеді. Сосын, келер жылы 4-5 ақпанда Германияның Инцелль қаласында бас қосады. Ары қарай 10-12 ақпанда дәл сол Инцелль қаласында жастар арасындағы Әлем чемпионаты өтеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button