Дзюдо

Дзюдо федерациясының президенті сайланды

Астанада Қазақстан дзюдо федерациясының бір жылғы жұмысы қорытындыланды. Бас қосу аясында саланы жандандыра түсу үшін федерацияның президенті лауазымына «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев сайланды.

Федерация басшысының кандидатурасын кезекті конференцияда дауыс берген барлық 16 қатысушы бірауыздан қолдады. Осы жауапты лауазымға лайықты деп «Қазақтелеком» АҚ Басқармасының төрағасын таңдау бекер емес, Қуанышбек Есекеев өзінің негізгі қызметінен бөлек, отандық спортпен байланысты бірнеше құрылымдарда жұмыстар істеген.

Айта кетейік, 2018 жылы Қазақстанда киберспорт ресми қызметін бастаған сәттен бері Есекеев мырза қазақстандық Киберспорт федерациясын басқарды. Оның басшылығымен осы Федерация қысқа мерзім ішінде тұрақты түрде өтетін ұлттық турнирлердің тұтас желісін құрды. Бұдан басқа, Qazaq CyberSport Federation қысқа мерзімде қазақстандық және халықаралық турнирлерді өткізу үшін қажетті инфрақұрылым қалыптастырды. Сонымен қатар «Қазақтелеком» АҚ Басқарма басшысы «Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы болды.

«Балуандық дәстүрі жоғары деңгейде қалыптасқан Қазақстан халқы үшін дзюдо өнері де жат емес. Баршамыз білеміз, елімізде балуандық өнердің тарихы терең, әріге бармай-ақ жауырыны жерге тимеген Қажымұқан, Балуан Шолақ аталарымыздан бастап, бүгінде әлемдік деңгейде топ жарған талай түйе балуандарымызды ауыз толтырып айта аламыз. Бүгінде Қазақстан барысын әлем біледі, бұл саланың сөзсіз көшбасшылары, аты аңызға айналған шоқтығы биік спортшыларымыздың тобы қалыптасқан. Міне осы секілді Қазақстандық дзюдо өнерінің де жұлдыздарын қалыптастыруымыз керек. Отандық дзюдо өнері әлі де өзінің мүмкіндіктерін толыққанды көрсеткен жоқ, ауылдарда белдесіп өскен талай қаракөзден чемпиондар жасаймыз», деді жаңа сайланған Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев.

Сондай-ақ конференция барысында ел өңірлерінде дзюдоның дамуы, Федерацияның 2022 жылы спорттық іс-шараларды өткізуі және ҚР Ұлттық құрамасының Франциядағы

2024 жылғы Олимпиада ойындарына дайындық барысы туралы есептер тыңдалды. Бүгінгі таңда дзюдомен айналысатын спортшылар саны 90 мыңға жуықтады. Бұл көрсеткіш күрт ұлғаюы әбден мүмкін, себебі дәл осы спортқа баулитын секциялар мен клубтар саны бір ғана Астананың өзінде 1 жылда 3 есе артқан, яғни 2021 жылы дзюдо күресін дамытатын 11 спорт клуб жұмыс істесе, бүгінде мұндай орталықтар саны 35-ке жетті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button