Дзюдо

Дзюдодан ел чемпиондары анықталды

Семейде дзюдодан жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтті.

Ел біріншілігінің жекелей сайысында медаль саны бойынша Абай облысы (3 алтын, 1 күміс) көш бастады.

Ақтөбе облысы (2 алтын, 2 күміс) құрамасы екінші орыннан көрінсе, Қостанайдың (2 алтын) жас дзюдошылары үздік үштікті түйіндеді.

Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметінің мәліметінше, біріншіліктің соңғы күнінде 19 команда аралас-командалық жарыс бойынша чемпионды анықтады. Нәтижесінде Жамбыл облысының татами шеберлері топ жарды. Финалға шыққан Қарағанды облысы күмісті місе тұтса, Қостанай мен Алматы қаласының құрамалары қола жүлдені өзара бөлісті.

Төрт күнге созылған Қазақстан чемпионатына Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан, сондай-ақ еліміздің 16 облысынан барлығы 517 спортшы қатысты.

Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, Абай облысында дзюдо спорты жақсы дамып келеді.

«Абай облысы – Қазақстанға мықты дзюдошылар сыйлаған өңір. Осы киелі жерден Олимпиадада және әлем чемпионаттарында елдің намысын абыроймен қорғаған көптеген татами шеберлері шықты. Соңғы рет дәл осындай чемпионат Семейде 10 жыл бұрын өткізілген еді. Ал осы жарыстың нәтижесі бойынша озық шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан жастар құрамасына қосылатын болады. Біріншіліктің қорытындысы бойынша құрылған команда биылғы халықаралық жарыстарға, Азия және әлем чемпионаттарына қатысады. Кәсіби спорттың алғашқы кезеңі болып саналатын Қазақстан чемпионаты болашақ Олимпиада чемпиондарының жұлдызын жағатынына сенімдімін», – деді Қуанышбек Есекеев.

Басқа жаңалықтар

Back to top button