Басты
Бибісара Асаубаева көш басында қалды
Үндістан астанасы Делидегі ФИДЕ Гран-приінің 3 кезеңінде 9 тур артта қалды.

Бұл күні отандасымыз Бибісара Асаубаева әлем рейтингінде 9-орында тұрған грузиялық шахматшы Нана Дзагнидземен ойнап, тең түсті. Бұл қазақстандық гроссмейстердің осы сындағы қатарынан 2-тең кездесуі. Осыған дейін Бибісара мен Нана шахмат үстелінде 5 рет шеберлік байқасқан. Қазақстандық ойыншы 3 мәрте басым түссе, қарсыласы тек бір рет есе қайтарған. Тағы бір партияда жеңімпаз анықталмаған.
9-турдың нәтижесі:
Бибісара Асаубаева – Нана Дзагнидзе, ½ — ½
Вайшали Рамешбабу – Хампи Конеру, ½ — ½
Нино Бациашвили – Полина Шувалова, 1 – 0
Александра Горячкина – Харика Дронавалли. 1 – 0
Екатерина Лагно мен Жу Цзинер бұл турда демалды.
Гран-придің аяқталуына небәрі 2 тур қалғанда Бибісара 5½ ұпаймен 1-орында келе жатыр. Ал 2-сатыда тұрған Жу Цзинердің орнын қазір Александра Горячкина басты. Ресейлік шахматшының еншісінде тура 5 балл бар. Үздік үштікте қытайлық ойыншы тұр (4½ ұпай).
10-тур бүгін, 4 сәуірде, Дели уақытымен сағат 15:00-де басталады. Көш басында тұрған Бибісара Асаубаева мен Нана Дзагнидзе демалады.
Фото: Исмаэль Ньето