Алдымен 48 келі салмақта жарыс жолына шыққан Санжар Тәшкенбай ресейлік Эдмонд Худоянды 5:0 есебімен жеңіп, жаһандық доданың финалына жолдама алды. Ол ақтық сында грузиялық Сахил Аллахвердовимен өзара кім мықтыны анықтайды.
Екінші финалист – Махмұд Сабырхан.
54 келіде өнер көрсететін Сабырхан жартылай финалда кубалық Йосвани Вейтииді жеңді. Екі боксшы ашық бокстасты. Бірақ Махмұд Сабырханның басымдығы анық байқалды. Алдында тәжірибелі боксшы тұрса да, сериялық соққыларын жасай білді. Соның нәтижесінде бірінші раундта барлық төреші қазақстандық боксшыға жоғары ұпай берді.
Екінші раундта Вейтиа есесін қайтаруға тырысты. Бірақ тағы артқа шегінуге мәжбүр болды. Махмұд Сабырхан рингтің ортасын бермей қойды. Соққысын да дәл тигізіп жүрді. Үшінші раундта қазақ боксшысының басымдығы айқын байқалды.
Кешкі сессияда тағы үш боксшымыз – Дулат Бекбауов (61 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі) пен Нұрбек Оралбай (80 келі) шаршы алаңға шығады.