БастыФутбол

QJ League дәл қазір Қазақстан футболының локомотиві іспеттес – блогер Евгений Савин

Танымал блогер, кезінде футболшы болған Евгений Савин Қазақстан футболының бүгінгі жағдайына қатысты ойын айтты.

Елімізде жасөспірімдер арасында тұңғыш рет ұйымдастырылған QJ League мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды. Айтулы іс-шараға Қазақстан футбол федерациясының басшылығы, аңыз футболшылармен қатар танымал блогер, лиганың амбассадоры болған, кезінде өзі де кәсіби түрде түрде футбол ойнаған ресейлік Евгений Савин де арнайы келді. «Красава» бұл жобаның қазақ футболының дамуына қалай әсер ететінін және Қазақстан футболының бүгіні жайлы пікірін білдірді. 

– Евгений, алдымен лиганың ұйымдастырылуына қатысты ойыңызды білсек.

– QJ League-тің бүгінгі марапаттау рәсімі маусым бойы атқарылған тамаша жұмыстың нәтижесі. Бірақ мен әңгімені бұл жобамен таныстығымнан бастасам деймін. Ақпан айында QJ League президенті Рохус Шохпен әңгімелесіп, мені бұл лиганың амбассадоры болуға ұсыныс білдірді. Шынымды айтайын, бұрын-соңды жасөспірімдер, балаларға арналған жобаларға, турнирлерге ресми өкіл болуға келіспейтінмін. Әдетте мұндай жоба ұйымдастырушыларының сөзі көп те, бірақ іс жүзінде көңіл көншітерлік ештеңе атқарылмайды. «Біз балалар спортын дамытып жатырмыз» деп қу шөппен ауызды сүртіп, іс-шаралардағы безендірумен шектеледі.

QJ League ұйымдастырушыларынан алдымен жоба кімнің есебінен қаржыландырылатынын сұрадым. Себебі оның мемлекеттің не жекеменшік есептен қаржыландырылуында үлкен айырмашылық бар. Жобаның мақсат-мүддесін жақсылап біліп алдым. Бастапқыда айтылған жоспардың көбісі орындалды. Сол үшін де қуаныштымын. Бұрын-соңды Қазақстанда болмаған бәсекеге қабілетті жасөспірімдер чемпионатын көрдік. Кәдімгі толыққанды турнир, апталық циклі де бар. Инфрақұрылымы, баспасөз қызметі, жаттығуға жасалған жағдай мен матчтардың тікелей эфирде көрсетілуі – бәрі көңілден шықты.

Балалармен де сөйлестім, олар да дән риза. Себебі осы жоба арқылы олар өсті, тәжірибе жинады. Жаңа достар тапты, өздерінің керек екенін сезінді. Оларға артылатын жауапкершілік, үміт зор екенін түсінді. Олар да кәсіпқой командалардағы футболшылар секілді бола алатынын білді. Бұл өте дұрыс бастама. Клубтар ғана емес, кәсіпкерлер де қаражат құйса дейсің. Себебі бұл жоба Қазақстанға, жаңа Қазақстанға өте қажет. Осы балалар ертең Қазақстан құрамасының сапын толықтыратынына сенімдімін.

– Балалар футболындағы мәселелерді жиі көтересіз. Бұл жоба сіз айтып жүрген түйткілдерді шешуде қаншалықты пайдалы бола алады?

– Көпшілік балалар спортына инвестиция құйғысы келмейді. Неге? Себебі бұл тым ұзақ процесс. Одан да легионерді сатып алып, оның үстінен ақша тапқан әлдеқайда жеңіл. Яғни шетелден шақыртылған спортшы арқылы сіз дәл қазір, осы жерде-ақ пайдаға кенелесіз. Ал балалардың ішінен қайсысы жоғары лигаға өтеді екен деп күтіп жүру басшылық орында отырған адамдарға тиімсіз. Мұндай жобалардың бұған дейін болмауының бірден-бір себебі де осында. Ал бұл – болашаққа арналған бастама. Футболшылар ғана емес, футбол менеджерлері, ұйымдастырушыларға шыңдалуға мүмкіндік береді.

QJ League дәл қазір Қазақстан футболының локомотиві іспеттес. Ұлттық құрама – ол шың. Дегенмен ол іргетес бола алмайды. Іргетас дегеніміз – балалар, жасөсіпірімдер мен жастар, оларға жасалған жағдай, бәсекеге қабілетті чемпионат, инвестиция. Осының бәрі арқылы жастар ұлттық құрамаға іріктеліп алынады. Таланатты, болашағынан зор үміт күттіретін жастар көп. Тек оларға өз-өздерін көрсетуге, алға ұмтылуға, сол дарынын дәлелдеуге мүмкіндік беру қажет.

  – Лигада өзіңізге ерекше ұнаған футболшыны айта аласыз ба?

– Бағдат, Рихард секілді ойыншыларды білемін, олардың мүмкіндіктерін көрдім. Өте дарынды жігіттер. Чемпионат қорытындысы бойынша үздік атануы да бекер емес. «Ақтөбе» командасының капитаны Дамирдің де ойын өрнегін тамашаладым. «Ордабасы» ойыншыларымен де танысып, тіпті блогыма да шақырдым. Әлеуметтік желілер арқылы да бақылап отырдым, жеке таныстық. Марапаттау рәсімінен соң ойланып, жобаға қатысқан бірнеше ойыншыны «Красаваға» шақыртсам деймін. Олардың Еуропа футболымен жақынырақ танысқанын қалаймын. Оның үстіне оларда қазір демалыс басталады, ал бізде демалыс жоқ. Өзге елде жаттығу жасап, ағылшын тілін үйреніп, басқалардың ойын өрнегін де көріп-білсе деймін.

– Қазақстан құрамасының ойынына да бағаңызды бере кетсеңіз…

– Қазақстанның нәтижелеріне шын көңілден қуандым. Финляндияны сырт алаңда ұтып, өзінше бір сенсация жасадыңыздар. Бахтиер Зайнутдинов Түркияға аттанды. Оның шеберлігіне тәнті болдық, керемет голдар соқты. Өзгелерге үлгі екені сөзсіз.

Қалған екі ойын қалай өтетіні маған да қызық. Өз алаңында Қазақстан жеңіске жететініне сенімдімін, ал сырт алаңдағы ойын шешуші болады.

Қазақстанның Еуропа чемпионатына шыққанын қалаймын. Мына мәселені айта кету керек, маған соңғы жылдағы Қазақстан футболының импульсі ұнап жатыр. Құрама да өз-өзіне сенді, жанкүйерлер де қолдай кетті. QJ League пайда болды. Футболға деген қоғам көзқарасы қалай өзгергенін де байқау қиын емес. Бүгін таксист мені танып, Қазақстан футболының бүгінгі күйі туралы қуана айтып жатқанын көрдім. Бұл көп нәрсені аңғартады. Адамдарды алдау мүмкін емес. Міне, бұл қарқынды QJ League секілді жобалармен және Қазақстанның Еуропа чемпионатына шығуымен әрі қарай үдете түсу керек.

Сөз соңында барлық қазақстандықтарға футбол көріңіздер, спортпен шұғылданыңыздар, QJ League трансляцияларын тамашалап, жастарымызға қолдау көрсетіңіздер дегім келеді. Себебі дәл осы жігіттер қазақ футболының ертеңі болуы әбден мүмкін.

Басқа жаңалықтар

Back to top button