Қысқы спорт

Мемлекеттің беделі спортшының қалқаны ма?..

Канаданың Монреаль қаласының төрінде мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты өтіп жатыр.

Күллі қазақ бір қарашықтан жасыл алаңдағы теңбіл доптың соңын қуғанда, ақ айдынға қазақтың өрнегі қатар түсіп жатты. Айырмашылық – бірінің арқалаған дорбасы толы, екіншісінің қорғаныш қалқаны мықты. Қорғансыз болсын, қаруын сайлап сынға түскен, күшін, өнерін, қабілетін алмаз конькиде ойната білген Михаил Шайдоров.

Қысқа бағдарламада атақты «Матрица» фильмі әуеніне өнер көрсетіп, 80,02 ұпаймен 16-орынға тұрақтаған.

Еркін сында неміс композициясына сырғанап, 154,17 һәм қосындысы 234,19 санымен алдыңғы көрсеткіштен екі сатыға ғана көтерілді. Техникалық бағасын мұз үстіндегі қателігіне таңсақ, өнерін қамтитын компонент ұпайының төмендігіне қашанғы көз жұма қараймыз?! Сөзіме дәлел болсын, спортшымыздың екі әлем бірлігіндегі нәтижесін толығырақ тарқатып, сараптап, салыстырып көрелік.

Әлем чемпионаты 2024.
Қысқа бағдарлама:

Техника – 43,93; Компонент – 36,09

Еркін бағдарлама:
Техника – 83,51; Компонент – 72,66

Төрт құрлық чемпионаты 2024, Қысқа бағдарлама:
Техника – 45,97; Компонент – 36,79

Еркін бағдарлама:

Техника – 90,11; Компонент – 72,93

Коньки шебері әр сайыс сайын компонент ұпайын жаңартып, өрлеп отыруы тиіс. Ал бұл көрсеткіштен жылжу байқалмайды. Керісінше, техника мен өнер бағасы арасындағы зор айырмашылық көзге ұрып тұрады. М.Шайдоровтың көбелектей шыр айналып «оп» деп түсер секірістерінің (4Lz, 4Lz+1o+3S, 4T+3T, 4F, 4S) Денис Теннен, тіпті үздік ондықтағы спортшылардан (К.Эймоз, М.Риццо, А.Ягудин, Е.Плющенко) көп екенін әлем көрді, білді. Бірақ мұз жүйріктерінің жиынтығына ұқсас болғанымен, төрттік айналым секірістері ұпай жағынан теңеспейді. Бұған екі түрлі дүниенің әсер ететіні анық: би жолдары мен федерациялық тамырластық.

Мәнерлеп сырғанауда секірістің өзі сапалы орындалмаса еңбегің еш кетеді. Хореографиялық би жолы айналымдарының сапасы компонентке әсер қылады. Бірақ айтарлықтай сапасы жоқ өнер көрсетер спортшыларға да жоғары компоненттер қойылып жататынын жоққа шығара алмайсың. Мәселен, Junhuan Cha (Корей), Nika Egadze (Грузия), Roman Sadovsky (Канада). Әлемдік сында осы мемлекет өкілдерінде Михаилдың қиын секірістерінің бірі де жоқ. Техникалық бағасы 60,60 Романның өзі компонентке 76,69 ұпай еншілеген. Бұл тізімнен бөлек Jason Brown (Америка) өнерін тілге тиек етпесек болмас. Мәнерлеп сырғанауда Ресеймен терезесі тең ел өкілінің жиынтығында ешбір төрттік айналым жоқ. Есесіне әдемі қозғалысы, би ырғағы, ерекше айналымдары бар. Бірақ техникасында күрделі секіріс жоқ Джейсонның компонентін аспанға ату (93,98) қаншалықты орынды? Мұның артында мемлекеттің беделі рөл ойнап тұрғаны сөзсіз түсінікті. Әрине, спортшының қалқаны ретінде…

Шешілмейтін түйін жоқ. Түйінделіп қалған мәселені көрмейтін көз бар. Көріп тұрып, үнсіз қалсақ әбестік болар. Шешімін ортаға тастап, ұсынып көрелік. Әлемдегі алпауыт мемлекеттер секілді спорттың барлық түріне көңіл бөлінсін. Суырылып шығып, жұртшылықтың ықыласына бөленген мәнерлеп сырғанаушылар өнерінде кемшілік болмас үшін футболға көрсетілген қамқорлықтың бірі – тәжірибе жинауға шетелдік мықты бапкерлерге жіберілсін.(Жапония Ресейдегі Э.Тутберидзе, А.Мишинге, Канададағы Брайан Орсерге һәм әлемдегі хореографиялық үздік жаттықтырушы Ше-Линн Бурнне спортшыларын жіберіп, тәжірибе алмасады) Қазақстан мәнерлеп сырғанау федерациясының халықаралық аренада тамырластығы орнап, беделі көтерілсін.

Қырқымбайдың қырық екінші орын алғанын жаздырған Сейдахмет ата Бердіқұлов болса, ақ айдында аққан жұлдызымыздан кейін туған жүйрігіміз сыйлаған қырық мүмкіндікке жол ашып, қорған болуымыз керектігін баса неге айтпасқа?!

Ақ айдындағы көк тудың қалқаны мықты болсын!

Авторы: Дильназ Бишер, ҚазҰУ студенті

Басқа жаңалықтар

Back to top button