Күрес

Күрестен олимпиадаға іріктеу турнирі: Бішкекте қанша жолдамадан үміттіміз

Күрес түрлерінен Бішкекте өтетін лицензиялық турнирге екі аптадай уақыт қалды.

Қазіргі таңда Қазақстан ұлттық құрамасы дайындықты күшейтіп, аймақтық іріктеу турнирінде жолдамаға қол жеткізу үшін тынымсыз жаттығуда. Бішкекте кімдерге үміт артамыз?  Бапкерлер қанша лицензия алуды жоспарлап отыр? Olympic.kz материалынан оқыңыздар.

Әйелдер күресі: екі жолдамадан үміттіміз

Әйелдер күресінен Қазақстан командасы бұл күндері Тараз қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Жиын 11 сәуірде аяқталып, әрі қарай Бішкекте жалғасады.

Бас бапкер Қайрат Сағадиевтің айтуынша, құрама мүшелері көлденең жарақаттан аман.

Бішкекке 11 сәуірде ұшамыз. Қазір Азия чемпионаты мен лицензиялық турнирге дайындалудамыз. Құрлық додасында олимпиадалық емес салмақтардағы ел чемпиондары мен қалған салмақтағы күміс жүлдегерлер күреседі. Олимпиадаға іріктеу турниріне қатысатын спортшылар бір апта бұрын барып, климатқа бейімделіп, жеке бапкерлерімен тактикалық тұрғыда жұмыс істей бермей. 20 сәуір күні қыздарымыз лицензия үшін кілемге шығады. Алты салмақтың екеуінде Олимпиадаға жолдама алсақ деген мақсатымыз бар, – дейді бас бапкер.

Команда мүшесі Эмма Тисина да жаттығудың қарқынды өтіп жатқанын айтты.

Құрамадағы бірінші нөмір болу маған қосымша күш береді. Дайындық деңгейі жақсы. Қатарынан үшінші жаттығу жиынына қатысып жатырмыз. Түркиядағы халықаралық турнирге де қатысып үлгердік. Жарыстан қорытынды шығарып, жаттығу кезеңіне өзгеріс енгіздік. Бүгінде мен физикалық және тактикалық жағынан кемелдену үшін жұмыс істеудемін. Турнирге бабымда барамын деп ойлаймын, – дейді Тисина.

Әйелдер күресінен лицензиялық турнирге қатысатын балуандар тізімі:

50 келі: Лаура Ғаниқызы

53 келі: Жұлдыз Ешімова

57 келі: Эмма Тисина

62 келі: Ирина Кузнецова

68 келі: Елена Шалыгина

76 келі: Жәмила Бақбергенова

Грек-рим күресі: әзірге жалғыз лицензия бар

Грек-рим күресінен Қазақстан командасының мүшелері дәл қазіргі сәтте бір апталық үзіліс алды. Лицензиялық турнирге қатысатын спортшылар 7 сәуір күні олимпиадалық даярлау орталығына қайта жиналады. Бұл ақпаратты бас бапкер Юрий Мельниченко растады.

Алматыда ашылған олимпиадалық даярлау орталығында бірнеше жаттығу жиынын өткіздік. Соңғы жиынымыз 30 наурызда аяқталды. Енді жігіттер 7 сәуір күні сол базаға қайта оралады. Осы бір ультра заманауи спорт кешенінің өте ыңғайлы екенін айтқым келеді. Жаттығуға барлық жағдай жасалған, кешен әлемдік талаптарға толығымен сай.

Қазіргі таңда команда қоржынында бір жолдама ғана бар. Лицензия иегері Нұрсұлтан Тұрсынов қазіргі таңда жеке жоспарымен Ресейдің Новосибирск қаласында жаттығып жатыр. Қасында жеке бапкері және спарринг өткізетін командаласы Евгений Поливадов бар. Бүгін ғана онымен сөйлесіп, әрі қарайғы жаттығу жоспарын талқыладық. Мұнда Ресейдің мықты деген балуандары да дайындалуда. Сондықтан, бұл жиын Тұрсынов үшін жемісті болары сөзсіз.

Лицензиялық турнирге қатысатын балуандардың деңгейі жаман емес. Бәрі де жарақатсыз, қандай да бір кедергісіз жаттығуда. 21 сәуір күні жолдама үшін кілемге шығады. Қазір нақты осынша лицензия аламыз деп айта алмаймын. Барлығы да жолдама иеленсін деген тілегім бар, – дейді бас бапкер.

Команда мүшесі, Азия ойындарының жүлдегері Мейіржан Шермаханбеттің айтуынша, құрлық мықтыларының көпшілігі лицензияға таласады.

Бішкектегі жарысқа аз уақыт қалды. Осы уақыт аралығында жаттығу жиынын өткізудеміз. Жиын екі кезеңнен тұрады. Жалпы алғанда, бәрі көңілден шығады. Бапкерлеріміз бізді жарысқа бабында апару үшін бар күшін  салып жатыр. Менің салмағымда лицензияға кіл мықтылар таласады. Әлемдік сында ирандық балуан ғана Парижге жолдама алған. Қалғандары құрлық додасында күресіп көрмек. Негізгі қарсыластарым Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Қырғызстан спортшылары болмақ. Осал балуан жоқ, әрине. Ал мен Азия ойындарының финалында жеңілген жапондық жігіт бұл жарысқа қатыспайды, – дейді спортшы.

Грек-рим күресінен лицензиялық турнирге қатысатын спортшылар:

60 келі: Айдос Сұлтанғали

67 келі: Мейіржан Шермаханбет

77 келі: Демеу Жадыраев

97 келі: Олжас Сырлыбай

130 келі: Әлімхан Сыздықов.

Еркін күрес: екі салмақта оңай болмайды

Еркін күрестен Қазақстан командасы да қызу дайындық үстінде. Бас бапкер Мадияр Құрамысов олимпиадалық салмақтағы балуандар Осетияда жаттығып жатқанын жеткізді.

Жігіттердің дайындығы жаман емес. Қазір Нұрғожа Қайпанов, Әлішер Ерғали, Юсуп Батырмұрзаев бастаған балуандар Осетияда дайындауда. Азия чемпионатына қатысатын Ризабек Айтмұхан мен Олимпиадаға жолдама алған Азамат Дәулетбеков те сонда.

Қырғызстанға аттанар алдында соңғы жаттығу жиыны өтеді. Содан соң, спортшылар бар күшін кілемде көрсетпек.

Негізі, екі лицензия алсақ деген жоспар бар. Бірақ болжам жасауға асықпаймыз, бәрі бозкілемде белгілі болады, – деді Құрамысов.

Еркін күрестен Қазақстан командасының бұрынғы мүшесі, қазіргі таңда кілеммен қош айтысқан Дәулет Ниязбеков Олимпиадаға іріктеудің оңай соқпайтынын, десе де, жақсы нәтижеден үмітті екенін жеткізді.

Олимпиадаға іріктеу турниріне негізінен тәжірибелі балуандар бара жатыр. Нұрғожа Қайпанов, Әлішер Ерғали, Юсуп Батырмұрзаевтар талай жарысты көрген, тіпті, Олимпиадаға қатысқан жігіттер. Сондықтан, олардың тәжірибесі мен шеберлігі жақсы көмек болады деп ойлаймын.

Ал екі салмақта жас балуандарға сенім артамыз. Өзім кезінде белдескен 65 келіде бәсекелестік өте жоғары. Үндістан мен Жапониядан өте мықты спортшылар келмек. Десе де, жастардан да үміт күтемін. Бәрінің жолына сеніммен қарап отырмыз.

Париж Олимпиадасына барлығы да жолдама алсын деген тілегім бар, – деді Дәулет.

Еркін күрестен лицензиялық турнирге қатысатын балуандар:

57 келі: Ерасыл Мұхтарұлы

65 келі: Майис Әлиев

74 келі: Нұрғожа Қайпанов

97 келі: Әлішер Ерғали

125 келі: Юсуп Батырмұрзаев

Қырғызстан астанасында өтетін күрес түрлерінен Азия аймақтық іріктеу турнирі 19-21 сәуірге жоспарланған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button