Ақ Олимпиаданың алауы жағылады
Енді санаулы күндерден кейін, дәлірек айтсақ 4 ақпанда Қытайдың Бейжің қаласында Ақ Олимпиаданың алауы жағылады. Мәдениет және спорт министрлігінің берген мәліметіне сүйенсек, спортшыларымыз 8 спорт түрінен бақ сынайды. Айтап айтсақ, Қытай астанасында конькимен жүгіру, шорт-трек, фристайл, шаңғы жарысы, биатлон, тау шаңғысы, шаңғымен трамплиннен секіру және шаңғы қоссайысынан барлығы 34 спортшы ел намысын қорғайды.
18 қаңтарда Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев XXIV қысқы Олимпиада ойындарының дайындығы жайында жиын өткізді. Министр алдағы қысқы Олимпиада ойындарында ұлттық құраманың алдында тұрған бірқатар міндеттерге тоқталды.
«Ел үшін қазіргі қиын жағдайда, соның ішінде коронавирустық инфекцияның көбеюі кезінде біз спортшыларымызға алдағы Олимпиадада допингсіз, жанжалсыз, лайықты өнер көрсету міндетін қойдық. Әрине, әрбір спортшы жетістіктің шыңы саналған Олимпиада медаліне ұмтылады. Ал біз олимпиадашыларымыздың кез келген жетістігіне қуанамыз. Бұл үшін мемлекет спортшыларға сапалы жаттығу өткізуге, оқу-жаттығу жиындары және іріктеу жарыстарына тұрақты қатысуға қолдан келгеннің барлығын жасады», деді Мәдениет және спорт министрі.
Сондай-ақ, жиынға қатысқан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков қазіргі пандемия жағдайында спортшылар мен жаттықтырушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау басты міндет екенін атап өтті.
«Бүгінгі күннің басты міндеті – спортшылар мен жаттықтырушылар денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау. Олардың көпшілігі, яғни іріктеу турнирлерін аяқтағандар соңғы апта бойы жабық карантиндік аймақтарда орналасты. Онда дайындықтың соңғы кезеңі жүріп жатыр. Әлемдік додалар аяқталған соң Бейжіңге ұшпас бұрын спортшылар карантинде уақыт өткізеді. Барлық спортшылар кешенді-ғылыми топ мамандарының үздіксіз бақылауында. Мәдениет және спорт министрлігі мен ҰОК спорттық жарыс күнтізбе бойынша додаларға қатысу, дайындық жұмыстары, шетелдік оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар, оның ішінде еліміздегі халықаралық жарыстарға қатысу үшін командаларға барлық жағдайды жасады. Енді спортшылар ең жауапты кезеңге аяқ басып отыр. Қазақстан халқы біздің команданы қолдайтынына сенімдіміз», – дейді ҰОК Бас хатшысы Андрей Крюков.
Қазақстан құрамасының спортшылары Бейжіңге 27 қаңтар күні арнайы рейспен ұшады. Ойындар 4 ақпанда басталып, 20 ақпанда мәресіне жетеді. Осыдан төрт жыл бұрын Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен қысқы Ойындарда Юлия Галышева қола медаль жеңіп алған еді.