Александр Бублик Индиан-Уэллсте Энди Маррейді ұтты
Қазақстанның бірінші, әлемнің 33-ракеткасы Александр Бублик Индиан-Уэллс мастерс турнирінің үшінші айналымына шықты.
Жарыстың 31-ракеткасы болып тіркелген А.Бублик доданы екінші айналымнан бастап, кезінде рейтингте көш бастаған «Үлкен дулыға» турнирінің үш мәрте, екі дүркін Олимпиада чемпионы ұлыбританиялық Энди Марреймен кездесті, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.
Биыл А.Бублик Роттердамда Э.Маррейден жеңіліп қалған болатын. Бұл жолы екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық теннисші қазіргі кезде рейтингте 88-орында тұрған атақты қарсыласын 7:6 (11:9), 6:3 есебімен ұтты. Александр матч барысында 11 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Э.Маррей 4 эйспен шектелді.
Бублик үшінші айналымда әлемнің 35-ракеткасы болгариялық Григор Димитров немесе рейтингте 78-сатыдағы австралиялық Джордан Томпсонның біреуімен өзара кім мықтыны анықтайды.