Теннистен Дэвис кубогы: Қазақстан үшінші себетке түсті
Халықаралық теннис федерациясы (ITF) 14-18 қыркүйекте Дэвис кубогының топтық кезеңі (Davis Cup – The World Cup of Tennis) өтетін төрт қаланы анықтады.
ҚТФ баспасөз қызметінің мәліметінше, топ құрамдар 31 наурызда Лондонда өтетін жеребеден кейін белгілі болады. Дэвис кубогы әлем чемпионатының топтық кезеңі қарсаңында командалар төрт себетке бөлінді.
Себеттер құрамы:
Бірінші: Хорватия, Испания, Франция, АҚШ;
Екінші: Германия, Италия, Канада, Ұлыбритания;
Үшінші: Қазақстан, Бельгия, Сербия, Аргентина;
Төртінші: Швеция, Австралия, Нидерланд, Оңтүстік Корея.
Жеребе 31 наурыз күні елорда уақытымен сағат 20:00-де тартылады.
Осылайша, 14-18 қыркүйек аралығында Болонья (Италия), Гамбург (Германия), Глазго (Ұлыбритания) және Малага (Испания) қалаларында 16 құраманың ішінен үздік сегіздік анықталады. Содан кейін 23-27 қарашада үздік сегіз құрама арасынан Дэвис кубогының жеңімпазы – 2022 жылғы әлем чемпионы белгілі болады.