Майами WTA 1000: қазақстандық теннисшілер жарысты аяқтады
Қазақстандық теннисшілер Майами WTA 1000 турнирін үшінші айналымнан аяқтады.
Теннисшілеріміздің арасынан кортқа соңғы болып шыққан әлемнің 47-ракеткасы Юлия Путинцева жарыстың төртінші айналымына шыға алмады.
ҚТФ баспасөз қызметінің мәліметінше, Юлия үшінші айналымда әлемнің 6-ракеткасы испаниялық Паула Бадосамен шеберлік байқасты. Бірінші партияда испаниялық теннисші қос брейкке қол жеткізді – 6:3. Екінші сетті қазақстандық спортшы брейкпен бастағанымен, Бадоса сол бойда таразы басын теңестірді – 1:1. Үшінші геймде Путинцева үш бірдей брейк-пойнтты пайдалана алмаса, қарсыласы мұндай мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ – 3:1. Ақыры Бадоса тағы бір брейкпен матчты тәмамдады – 6:2.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Елена Рыбакинаның жолын әлемнің 21-ракеткасы америкалық Джессика Пегула кесті. Бірінші партияда америкалық теннисші 4:0 есебімен алға кетті. Бұдан кейін Елена бір брейк жасағанымен, одан әріге шамасы жетпеді – 3:6. Пегула екінші сетті де брейкпен бастады – 2:0. Ақыры 6:4 есебімен жеңді.
Ал Қазақстанның бірінші, әлемнің 33-ракеткасы Александр Бублик Майами ATP Masters 1000 турнирінің үшінші айналымында әлемнің 8-ракеткасы, норвегиялық Каспер Руудпен күш сынасты. Биыл 5 наурызда А.Бублик Ослода Норвегияның бірінші ракеткасын 6:4, 5:7, 6:4 есебімен ұтып, Дэвис кубогының іріктеу ойынында Қазақстан құрамасына жеңіс әперген болатын. Бұл жолы матч басқаша өрбіді. Бірінші сетте есеп 4:3 болған мезетте К.Рууд брейк жасап, сосын өз геймін де ала білді – 6:3. Екінші партияда норвегиялық теннисші 4:0 есебімен алға кетті. Содан кейін өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:2. Бір сағатқа созылған бәсеке барысында А.Бублик 5 эйспен ғана көзге түсті. Қарсыласы 3 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдалана алды.