Жансель Дениз таеквондодан әлемдік рейтингте көш бастады
Қазақстандық спортшы Жансель Дениз таеквондодан әлемдік рейтингте көш бастады.
Қазақстан таеквондо тарихында тұңғыш рет тіркелген жетістігіне байланысты спортшы Olympic.kz сайтына пікірін білдірді.
– Әлем рейтингінде бірінші орынға шыққанымда қаншама жылғы еңбегім мен маңдай терімнің текке кетпегенін түсіндім. Көздеген мақсатыма жеттім. Токиодағы Олимпиада ойындары аяқталғаннан кейін анаммен бірге әлемдік және олимпиадалық рейтингтердегі орнымда жақсарту жайлы арнайы бағдарлама жасадық. Әрине, оңай болған жоқ. Жалпы, 90 ұпай табандылық пен тәртіптің арқасында деп ойлаймын. Қазіргі ең бастысы мақсатым – осы позицияны сақтап қалу. Себебі бізді осы маусымда бірнеше маңызды жарыс күтіп тұр. Олар Гран-при, Азия және әлем чемпионаты, сондай-ақ Азия ойындары, – дейді таеквондошы Женсель Дениз.
Айта кетерлігі, таеквондодан әйелдер арасында 73 келіге дейінгі салмақта қазақстандық спортшы 139,81 ұпаймен көш бастап тұр. Екінші орында ресейлік Полина Хан (107,94) болса, оңтүстіккореялық Да Бин Ли (105,60) үздік үштікті түйіндеген.