«Астана» баскетбол клубы ЦСКА-мен Алматыда кездесті
"Астана" баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасының көшбасшысы Мәскеудің ЦСКА командасымен Алматыда кездесті.
Балуан Шолақ спорт кешенінде өткен ойынға 2557 жанкүйер жиналды. Көптен бері Алматыда баскетболдан халықаралық турнир өтпеген. Сондықтан жанкүйерлер әбден мұндай кездесуді сағынып қалыпты. Аренаға жиналған жанкүйерлер отандық командаға қызу қолдау көрсетті. Олар өздерінің сүйікті ойыншыларының ойынын тамашалап, естелік суретке түсіп, тамаша ойынның куәсі болды. Ал елордадан келген ұжым жергілікті жанкүйерлерді қуанту үшін барын салғанымен, қорытынды есепте 48:96 есебімен жол берді.
Осы орайда, біз өткен жылдың маусым айында “Астана” кәсіби спорт клубының құрылтайшысы атанған, “Туризм индустриясы мен спортты қолдау қорының” бас директоры Асхат Сейсембекті сөзге тартып, елордалық команда ойындарын неліктен оңтүстік астанада өткізіп жатқанын сұраған едік:
— «Біз еліміздегі баскетболды дәріптеп, Алматыны нағыз баскетбол мерекесімен таныстыруды жөн көрдік. Болашақта Алматыдағы үй ойындары тәжірибесіне қайта оралуымыз мүмкін», — деді Асхат Сейсембек.
Айта кетейік, “Астана» келесі кездесуін 13 сәуірде Алматыда «Пармаға» қарсы өткізеді. Ойын 19:30-да Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді. Сондай-ақ, жанкүйерлер аталмыш кездесуді Qazsport арнасынан тікелей эфирде тамашалай алады.