БастыСұхбат

Смайыл Дүйсебай: Жеңілістен де, жеңістен де дұрыс нәтиже шығара білу маңызды

Биыл таеквондодан ұлттық құрамамызды бірқатар маңызды жарыс күтіп тұр.

Азия ойындарынан бөлек споршыларымыз Азия біріншілігі мен Бүкіләлемдік универсиадада бақ сынайды. Осы орайда бұл аламандарда ел намысын қорғайтын спортшыларды жақынырақ таныстырсақ дейміз.

Смайыл Дүйсебай – таеквондодан Азия чемпионы, талай байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшы. Ал Смайылдың бұл спорт түріне неліктен бет бұрғанын, қиындықтармен қалай күресетінін, бос уақытында немен айналысатынын және қандай кітап оқығанды ұнататынын білесіз бе? Ендеше сұхбатымызға назар аударыңыз.

Смайыл, қазір туған жерде екенсіз, кіндік қаныңыз тамған өлкеге қаншалықты жиі барып тұрасыз? Отбасыңыз да сонда тұрады емес пе?

– Өзім бұрынғы ОҚО, қазіргі Түркістан облысына қарасты Жетісай қаласының тумасымын. Осында туып-өстім, балалық шағым өткен жер де осы Жетісай қаласы. Сондықтан өзіме ыстық. Сәті түскенде міндетті түрде келіп кетуге тырысамын. Себебі ата-анам осы шаһарда тұрады. Әкем мен ағам заңгер, анам үйде. Әпкем бар. Үйдің кенжесімін. Спорттағы қадамым да осында жасалды.

– Таеквондомен айналысуды да сонда бастадыңыз ба? Жалпы спорттың бұл түрімен таныстығыңыз қалай басталып еді?

Спортты Жетісайдағы аудандық балалар және жасөспірімдер мектебінде дзюдододан бастағанмын. Бокспен де шұғылдандым. Жалпы, қаламыздағы бар спорттың барлығымен айналысып көрдім. Бірақсолардың ішінде таеквондоға тоқталдым. 8-сыныпта таеквондоға бет бұрып, міне, спорттың бұл түрі өмірлік серігіме айналды. Алғашқы бапкерім – Айтжан Алдабеков.

Смайыл, қазір демалыста екенсіз, демалыс уақытын әдетте қалай өткізесіз?

– Белгілі бір жарыстардан соң бізге демалыс беріледі. Жыл бойы жарыстарда, оқу-жаттығу жиындарында жүргендіктен сол аз уақытты ата-анамыздың, туған-туыстарымыздың қасында өткізуге тырысамыз. Ал демалыс күндерінде қыстыгүні шаңғы тепсем, жазда суда жүзгенді ұнатамын.

Уақыт барда кітап оқуға тырысамын. Спортшы денені ғана емес, миды да шынықтырып отыруы қажет. Соңғы оқыған кітаптарымның бірі – Александр Бектің «Волоколамское шоссе» кітабы. Кітаптағы оқиға Бауыржан Момышұлының әңгімесі арқылы өрбиді. Туындыны оқи отырып Бауыржан атамыздың батырлығы, оның қайсарлығы мен батылдығына тамсанбасқа амал қалмайды. Жастар осындай кітаптарды міндетті түрде оқуы керек, тарихты, сол тарихты жасаған тұлғаларды білуіміз керек.

Атаңыз көкпаршы болғанын естігенмін. Сіздің шығыс жекпе-жегін таңдауыңызға үйдегілер қалай қарады?

Дүйсебай атам өңірге танымал көкпаршы болған. Әкем де, ағам да атамның жолын қуды. Ауылда өсіп, мал шаруашылығымен айналысқандықтан шығар, үйдегілер көкпарға жақын. Тек менің қызығушылығым жекпе-жекке ауды. Қалай дегенмен спортты серік етуім тікелей сол кісілердің арқасы ғой. Сондықтан таңдауымды құптады.

Жалпы таеквондо сіз үшін өзге спорт түрлерінен несімен ерекшеленеді?  

– Егер жекпе-жектерді алып қарайтын болсақ, шығыс жекпе-жек түрлерінде тәртіпке ерекше мән беріледі. Дене бітімі, ширақтық, икемділік – осының бәрі таеквондода басты назарда.

– Таеквондо тек спорт түрі ме, әлде өнер де ме?

– Таеквондо спорт та, өнер де. Жарыс кезінде түрлі жойқын соққылар, нокдаун мен нокауттар болып жатады. Ал олардың қалай орындалғанын көргенде, мұны өнер демеске болмайды. Таеквондода әрбір қимыл, әрбір соққының дәл, әдемі, тиянақты жасалуына ерекше мән беріледі.

Дегенмен спорт сарапшылары таеквондо сылбыр спорт түріне айналып бара жатыр дегенді айтып жүр. Сіз мұнымен келісесіз бе?

Ірі жарыстардан соң сарапшылар тарапынан осындай сыни пікірлер жиі естіп жатамыз. Таеквондода бұратартушылық, адами факторлар болмас үшін соққыны, ұпай санын анықтау толық электроникаға жүктелген. Төрешілер спортшының жағдайын қарау, спортшыларды ажырату, жарысты бастау және тоқтату секілді әрекеттермен ғана шектеледі, яғни нәтиженің 90 процентін спортшының үстіндегі жилет пен шлем шешеді. Тиісінше таеквондошылар дәл соққы жасауға тырысады. Бірақ мұның артықшылығы, біз таеквондоны ең әділ спорт түрі деп айта аламыз.

– Ал жаңа ережелерге қатысты не айтасыз? Олар таеквондоға қызығушылықты арттыруға қаншалықты көмектеседі?

– Мұның бәрі таеквондоның тартымдылығын жоғалтып алмас үшін жасалып жатқан қадамдар. Әр олимпиадалық циклден соң мамандармен жарыстарға баға беріліп, тиісті қорытындылар жасалады. Ережелерде де өзгерістер болады. Әлемдік федерация осы бағытта қарқынды жұмыс істеп жатыр. Спорт бір орнында тұрмауы керек.

– Ең алғашқы турниріңіз есіңізде ме? Қандай жарыс еді?

– 2011 жылы қазан айында Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан облыстық біріншілігіне қатысып, жеңімпаз атандым. Сол арқылы Таразда өткен Қазақстан чемпионатына қатысуға жолдама алдым. Мен үшін ең алғашқы айтулы жарыс осы болды.

– Бала кезде тұрақты түрде жаттығуға бару, күнделікті режимді сақтау оңай емес қой. Бала күнгі қызықтардан бас тарту қаншалықты қиын болды? Ізіңізден ерген бүлдіршіндер де біле жүрсін.

– Бала күніңде режим сақтау, белгілі тәртіппен жүру шынымен де қиын. Уақтылы ұйықтау, дұрыс тамақтану, күнделікті жаттығу – мұның бәрі жетістікке жетудің кілті. Менің де тәртіпке бағынбаған кездерім болды. Бәлкім, сол кезде бәрін дұрыс жасағанда, қазір бұдан биік нәтижеге қол жеткізер ме едім... Сондықтан артымыздан ерген інілеріме де «режимді сақтаңдар, еңбектеніңдер, сабыр етіңдер, міндетті түрде жемісін көресіңдер» деп айтып жүремін.

«Жеңістің атасы көп, ал жеңіліс – жетім»дейді. Ол түсінікті. Жеңілісті сіз қалай қабылдайсыз және ондай сәттерде спортшы қалыпқа келуі үшін не істеуі керек?

Жеңіске жеткен адамның көңіл күйі де жақсы, оған деген құрмет те зор. Бірақ түсінген адамға кейде жеңістен жеңілістің пайдасы көбірек. Ең алдымен сен кемшіліктеріңді көресің, олармен әлі де жұмыс істеу керегін түсінесің, өзіңді қамшылай түсесің. Бұл тығырықтан іздеудің жолын іздейсің, алға ұмтыласың. Мұның бәрі сені спортшы ретінде де қалыптастырады,өсіреді, шыңдайды. Бастысы, жеңістен де, жеңілістен де дұрыс қорытынды шығара білу керек.

– Спортта жарақат та қатар жүреді. Жарақаттан соң қалыпқа келу психологиялық тұрғыдан сіз үшін қаншалықты ауыр?

– Кәсіби спортта жарақат та қатар жүреді. Әсіресе жекпе-жек түрлерінде жарақат алмаған спортшы жоқ шығар. Барын салып төбелесетін таеквондошылар әртүрлі дәрежедегі жарақаттар алып жатады.

2017 жылғы әлем чемпионатында африкалық спортшымен жекпе-жекке шыққанда аяғымның сіңірлері үзіліп, 2018 жылы сол жағдай қайталанды. Соны емдеу үшін 2-3 ай уақыт жоғалттық. Одан кейін бұрынғы қалыпқа келуің керек. Жалпы алғанда бір жарақаттың зардабын жарты жылдай көресің. Бұл да спортшыға ауыр соққы. Ондайда көздегенмақсатыңа берік болу, бапкерлердің ақыл-кеңесіне құлақ асу өте маңызды.

Таеквондошыға мықты болу үшін қандай қасиеттер керек?

– Бапкерлер іріктеу кезінде алдымен баланың бойына, дене бітіміне қарайды. Себебі таеквондода бойдың, аяқтың ұзындығы үлкен рөл атқарады. Ал спортшыға мықты болу үшін жүрек керек. Біз даянгқа шыққанда доп деппейміз, біз-бірімізді тебеміз, төбелесеміз. Үш раунд бойы қарсыласыңа қарсылық көрсетіп қана қоймай, оны жеңу үшін алдымен жүрек керек. Сен жарыс алаңында өзіңнің ғана емес, қарсыласыңның да денсаулығына зиян келтіруің әбден мүмкін. Бұл үлкен жауапкершілік.

– Алдағы маңызды жарыстар туралы айта кетсеңіз, қарсыластар кімдер. Оларға дайындық қалай жүріп жатыр?

– Қазір күніне бір реттен ғана жаттығу жасап жүрміз. Ораза айы біткен соң толыққанды жаттығуға кірісеміз. Маусым айында екі ірі жарыс күтіп тұр: айдың басында Италияда Гран-при өтеді, ал айдың соңында Оңтүстік Кореяда Азия чемпионатының жалауы желбірейді. Одан бөлек Азия ойындары, әлем чемпионаты мен Универсиада ойындары бар. 2020-21 жылдары коронавирустық шектеулерге байланысты ұйымдастырылмаған аламанның барлығы биыл өтеді. Сондықтан осы байрақты бәсекелерде атой салу үшін тыңғылықты жаттығуға кірісеміз.

Бүгінде Азия мен Латын Америкасына қарағанда Еуропа спортшыларының бәсі биік. Ресей, Франция, Түркия, Хорватия мен Италия таеквондошылары көшбасшылар қатарында. Қыздар арасында да, ерлер арасында да.

Басқа жаңалықтар

Back to top button