Басқа спорт түрлері
Семсершілердің сәтсіздігі
Қатардың Доха қаласында семсерлесуден биылғы жылдың алғашқы халықаралық жарысы өтті. Алексей Писцов баптайтын еліміздің құрамасы бұл сыннан жүлдесіз қайтты.
Қатар астанасында семсерлесу шеберлері Гран-при жарысының жүлделерін сарапқа салды. Өкінішке қарай, қазақстандық спортшылар 1/8 финалдан ары аса алмады.
Үздік нәтиже көрсеткен спортшыларымыздың бірі – Руслан Құрбанов. Ол 1/8 финалға дейін еркін жеткенімен ширек финалдық жолдаманы сарапқа салу сәтінде француз Янник Борельден ұтылып қалды. Айта кетерлігі, француз жігіті Гран-при жарысының жеңімпазы атанды.
Қалған спортшылардың нәтижелеріне келсек, Эльмир Әлімжанов 16-орынға тұрақтады. Ерлік Сертай 68-орыннан көрінді. Никита Жулинский 109-шы, Кирилл Павлов 120-орынға ие болды. Жарысқа барлығы 165 спортшы қатысты.